taza-kaz

Мамандықты жүрегіңмен таңда


01.03.2024 11:12

Менің жолдауым арнайы өзім сияқты осы жылы мектеп бітіретін жас түлекке арналған. Сіздерге кішкене шабыт беруге және өзіңізге сенімділігіңізді арттыруға септігім тисе, өте қуанышты боламын!

Құрметті құрдас, мамандық таңдаудан жаңылмау өміріміздің бір кірпішін дұрыс қалау екендігін естен шығармағаныңыз жөн. Өз ісіңізді таңдар алдында ең алдымен сіздің ішкі жан-дүниеніз нені қалайды, соған құлақ түріп қою керек.

Жүрегіңіз нені ұнатады, сол нәрсеге ерік беру дұрыс шешім қабылдауға септігін тигізеді деп ойлаймын. Алдымызда үлкен өмірдің есіктері күтіп тұр.

Ал дұрыс жасалған таңдау біздің болашағымызды біраз жеңілдетері анық.

Кейде бір затты дүкеннен көріп, сол затты автоматты түрде сатып аламыз. Ал ол затқа қол жеткізген кезде, шын қалауың емес екенін түсініп, «Неге алдым?» деген ой сап ете қалады. Бұл сәл де болса өкініштің пайда болғанын білдіреді. Ал белгілі бір мамандықты таңдап, өміріңіздің біраз уақытын сол таңдауға қол жеткіземін деп жүргенде  осындай өкініш пайда болса қайтпексіз?

Өміріңізге бір сәтте өзгеріс енгізіп жібересіз бе? Бір сәттегі құмарлық пен түпкілікті таңдауды ажырата білу, мақсат қою өте маңызды.

Мектепті бітіріп шығып, оқыған мамандығыңыз іске жарамай, өкінгіңіз келмесе, дұрыс  таңдау жасағаныңыз жөн болар. Алдымызда қандай қиындықтар күтіп тұр, бір Аллаға аян. Бірақ өткінші жағдайларға бола өз армандарыңыздан бас тартпаңыздар. Адам бар көңілі және шын жүрегімен қалап, өз арманына қол жеткізуге тырысу керек. Мен де сіздер секілді мектеп бітіруші түлекпін және менің де алдымда үлкен таңдау тұр.

Шынымды айтсам, мен кітапхана саласын таңдағалы отырмын. Кейбіреулеріңіз неге деген сұрақ қоятын шығарсыздар?

Кітапханашы - көп ізденісті талап ететін, қызығы мен қиындығы қатар жүретін мамандық.

Кітапхана дүниеде ештеңемен теңестірілмейтін білім бұлағының көзі, ғасырдан-ғасырға адамзат тарихының керуенін сүріндірмей әкеле жатқан шырағы биік, парасаттылық пен білімділіктің, біліктіліктің киелі ордасы. Кітапхана оқырман үшін үлкен тәрбие мектебі, сансыз сұрақтардың жауабын табуға болатын сиқырлы да киелі орда. Ал кітапханашы қоғам өмірінде өте маңызды рөл атқарады деп ойлаймын.

Ал енді мамандық таңдауға қайта оралайық. Әлемде күн өткен сайын  қоғам алға жылжыди, дамиды, күнделікті өмірде өзгерістер пайда болады. Демек, өте қызық әрі ерекше мамандықтарға сұраныс болады.

Мысалы «Ауруханалық сайқымазақ» мамандығы. Оның міндетіне ауруханада жатқан адамдардың қасында болып, көңілін көтеру кіреді. Тіпті кей елдерде «кезекке тұрушы немесе әңгімелеуші» деген мамандықтар да кездесуі ғажап емес. Демек, келешекте бұл салада да өзгерістер болып, басқа да ерекше мамандықтар пайда болатыны анық.

Ал саған тілерім, жас түлек, жетер жетістігің көп, сәттілік серігің болсын!

Анар Адамбай,

Шешенқара ауылдық

кітапханасының оқырманы, «Собеседник» әдеби-өлкетану үйірмесінің мүшесі



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?