Тоғызқұдық ауылдық округі өз әкімін сайлады
Таяу арада өңіріміздің бірқатар елді мекендерінде әкімдер сайлауы өтті. Маңызды саяси науқан маусым айының 9 жұлдызында Тоғызқұдық ауылдық округінде де ұйымдастырылды. Жергілікті тұрғындар бұл лауазымға үміткер ретінде тіркелген үш адамға дауыс берді. №495 сайлау учаскесі таңғы сағат 7.00-ден өз жұмысын бастап кетті.
Кандидаттардың есімі тұрғындарға жақсы таныс. Олар тұрғындар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген. Сайлауалды бағдарламаларына елді мекеннің түйіткілді мәселелерін енгізіп, олардың шешімдерін қарастырыпты.
Тоғызқұдық ауылдық округіне екі елді мекен - Тасшоқы мен Молотовка ауылдары қарасты. Бұл туралы сайлау науқаны мен барысы жайында танысуға барғанымызда №495 сайлау учаскесінің төрағасы Төлеутаев Марғұлан Жақсыгелдіұлы атап өтті. Сонымен қатар саяси науқанға қатысушылар туралы да ақпарат берілді:
- Тоғызқұдық ауылдық округіне екі ауыл қарасты. Қазір сағат 11.45, ауылдың 145 тұрғыны дауыс беріп үлгерді. Жалпы саны 800-ге жуық тұрғын бар. Оның 10-ы үйден дауыс берушілер. Таңғы сағат жетіде актіге сәйкес рәсімімізді атқарған соң ауыл тұрғындарының қарасы көріне бастады. Алғашқылардың бірі болып келгендердің қатарында бүгін ғана 18 жасқа толған Арыстанбеков Әлібек келді, - дейді төраға.
Әлібек биыл алғаш рет дауыс беру құқығына ие болған ауыл тұрғыны. Дәл осы күні 18-ге толған бозбала Қарағанды техникалық университетінің «Байланыс жүйесі» бөлімінің І-курс студенті екен. Алғашқылардың бірі болып келуінің себебі де бар екен. Осы күнге дайындығын Әлібек былай деп баяндады:
- Ауылымызда сайлау өтетінін естігеніме біраз уақыт болды. Өзімнің дәл осы күні 18-ге толатыным да ойымда жүрді. Барсам ба екен деп көп ойландым. Арасында менің бір дауысым не шешеді деген де ойлар келіп жүрді. Уақыт таянғанда бұл менің де ауылым ғой, әрқайсымыз осылай ойлап бармайтын болсақ, онда не болады деген ой келді де, барамын деп бекіндім. Алғашқы қатысуым болған соң қобалжыдым, алайда мені алғаш дауыс беруші ретінде өте жылы қарсы алды. Тіпті сыйлық берді. Мен ондайды күтпедім. Алайда, келгеніме іштей өте қатты қуандым, - дейді.
Онымен қоса, келер басшыға жас буын ретінде болашақта ауыл ішінен жастар уақыт өткізетін демалыс орындары, алаңдары ашылса деген бұйымтайы да бар екен. Тозығы жеткен ойын алаңдары ретке келтірілсе нұр үстіне нұр дейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ауыл әкімдеріне сайлау мәселелері жөнінде кеңес өткізу барысында: «Әкімдер – биліктің әрбір елді мекендегі тікелей өкілі. Жұрт олардың қызметіне қарап бүкіл мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін бағалайды. Сондықтан тиімді мемлекет және әділетті қоғам талаптарына сай болу үшін алдағы сайлауды дұрыс ұйымдастыру өте маңызды», - деген еді.
Атаулы сайлау учаскесі мемлекет басшысы атаған критерийлерге сай жасақталып, сайлау науқанын заңнамаға сәйкес жасапты. Саяси науқанның құрамында бас төраға болып Марғұлан Жақсыгелдіұлы сайланса, төраға орынбасары болып Ильясова Зәуре Рақымжанқызы, хатшы ретінде Жексембаева Жамал Серікқызы, комиссия мүшелері болып Биболова Бақыт Ахметқызы мен Юсупова Алтынай Төкенқызы тағайындалыпты. Атаулы құрамның айтуынша бақылаушылар келмеген.
Комиссия құрамымен сұхбат құрып жатқанда, дауыс берушілер де әлсін-әлсін ағылып жатты. Солардың қатарында еліміздің медицина саласына көп жылдар бойы еңбек сіңірген қос зейнеткер, Жамабековтар отбасы да бар еді. Отанасы Төлеубаева Гүлмира Әлімханқызы жергілікті ауруханада акушер болса, жолдасы Жамабеков Аламжар Қаспақұлы жедел жәрдем жүргізушісі болған екен. Адам жанының арашасы болған маңызды салаға өмірін арнаған отбасы ауыл өміріне де белсене араласады. Олардың айтуынша сайлау - ауыл тағдырына қатысты мәселелердің ең маңыздысы. Бүгінгі күнге дейін ауыл тізгінін ұстап келген ауыл әкіміне деген ризашылықтарын танытып, қалса деген де ниет білдірді.
Атап өтейік, атаулы өңірге басшылық қызметіне үміткер ретінде тіркелген үш тұлға - «Аманат» партиясы ұсынған Қадырова Гүлнар Қадырқызы, өзін-өзі ұсыну тәртібі бойынша Абжанова Айнель Боранбайқызы мен Төлеуов Мейрам Игілікұлы болатын.
Нәтижесінде халықтың қалауымен Тоғызқұдық ауылдық округі әкімі сайлауының нәтижелеріне сәйкес Тоғызқұдық ауылдық округінің әкімі болып Қадырова Гүлнар Қадырқызы сайланды.
Сөйтіп, жергілікті тұрғындар өз таңдауын жасады. Олар басым дауыспен жеңіске жетіп, әкім атанған азаматтардан ауылдағы күрмеулі мәселелердің шешілуі мен іргелі істердің басталуын күтеді. Бұл істен сайлаушылар да шет қалмайды.