taza-kaz

Ата-бабамыздың аманаты - қазақ тілі


24.06.2017

Қазақ халқы ұлт болып қалыптасқалы бері қазақ тілі өмір сүріп келеді. Тілдің иесі - кешегі, бүгінгі және болашақтағы қазақ. Тілдің ғұмыры уақыт тәрізді мәңгілік. Тіл - халықтың мәңгілік халық болып қалуының айғағы. Тіл - өткеннің ұрпаққа қалдырған аманаты, бүгінгі күннің абыройы, ертеңгі күннің кепілі. Ата Заңда «Мемлекеттік тіл - қазақ тілі» деп анық та айқын жазылған.
ХХ ғасырдың басында ғалым Ахмет Байтұрсынұлы «Ұлттың жоғалуына себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы - тіл, сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деп еді.
Ұлтымыздың ғасырлар бойы орыс бодандығында, кейін тоталитарлық өктем жүйенің қыспағында болуы ұлттық қасиетімізге, әсіресе тілімізге орасан зор нұқсан келтірді. Өзінің ана тілін білмейтін, шала білетін отбасылары мен әулеттер қалыптасты. Бұл да ұлттық қасиетімізді тамырынан ажыратқан тарихи кезеңдердің зобалаңы. Біз бұл дерттен арылып келеміз және арылуға тиістіміз. Егеменді ел болғандықтан, мемлекеттік тіл - қазақ тілін білу елдің әр азаматының міндетті борышы.
Белгілі ғалым Махмұд Қашқари «Тәрбие басы - тіл» деп көрсетеді. Жалпы, қай тәрбиенің де бастауы отбасынан басталатыны рас, патриоттық сезім де отбасынан қалыптасады. Қазақ халқы «Отан» ұғымын бала бойына ерте сіңіруге тырысқан, оны туған жер, ана тіл, атамекен ұғымдарымен байланыстырған.
«Елге деген сатқындық оның болашағына сенбеуден басталады. Қазақстанның болашағы қазақ тілінде. Тілсіз ұлт болмайды. Өз тілімізді сақтау, өз тілімізді құрметтеу отаншылдық рухты оятуға қызмет етеді. Әрі ол - ата-баба алдындағы ұлы парызымыз да» деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, мемлекеттік тілдің мәртебесін асқақтатып, оның қолданылу аясын кеңейтуге, дамытуға ат салысу сонымен қатар білім ордаларынан бастау алуы тиіс. Білімнен тағылым алып, болашағын болжап, келешегіне бағыт белгілейді. Білім алдымен тіл арқылы игеріледі.
Мемлекетімізде мемлекеттік тілге көшу қарқыны енді іркілмейтін үрдіске ауып барады. Барлық мемлекеттік органдар, мекемелер мемлекеттік тілді дамыту мен қолдануды жүзеге асырып, әртүрлі іс-шаралар өткізу үстінде. Сонымен қатар, газет-журналдарда, теледидарда, әртүрлі бағдарламаларда мемлекеттік тілдің маңыздылығы туралы аз  айтылып жатқан жоқ. Осындай үгіт-насихат жұмыстары да мемлекеттік тілдің дамуына ықпалын тигізіп, күннен - күнге мемлекеттік тілдің даму сатысы биіктеп барады.
Бүгінгі күні егемен ел ретінде әлем мойындаған Қазақстанға деген қызығушылық артып, өркениеттің материалдық ғана емес, рухани құндылықтарымызды да танып-білуге деген ынта-ықыласы тереңдей түсуде. Қазақ тіліне деген құрмет пен ықыласты ұлттық сана биігіне көтерген жөн. Бұл міндет - сіз бен біздің перзенттік парызымыз. Себебі, қазақ тілі - ата-бабамыздың келер ұрпаққа аманаттаған асылы, болашаққа апаратын ең құнды жәдігеріміз.
А.Баяндин,
Бұқар жырау ауданы
әділет басқармасының
бас маманы



Вернуться назад

Прямая линия 8 72154 21885 8 72154 21773
Нам
отвечают
Архив
номеров

Опрос

Какая проблема района волнует Вас больше всего?