Барлық баланың асыға күтер мезгілі – жазғы демалыс. Жаздың жаймашуақ күндері балаларға үлкен шаттық, қуаныш сыйлайды. Аспаннан жылы шуағын төккен алтын күн, бойыңды сергітетін ағын су, денеңе күш сыйлайтын ыстық құм, әсем табиғат, бозторғай шырылы – осының бәрі балаларды өзіне тартады.
Біз Бұқар жырау аудандық білім бөліміндегі әдістемелік кабинетінің әдіскері Жұлдыз Мейрамқызы Акишевамен балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру туралы сұхбат құрған болатынбыз.
- Жұлдыз Мейрамқызы, жарқын жаздың екінші айы өтіп жатыр. Осы көптен күткен балалар демалысын ұйымдастырудағы мақсат, міндеттері қандай, аудан көлемінде неше мектепте лагерь ұйымдастырылған. Ол объектілерде қажетті жағдайлар жасалды ма? Сол туралы әңгімелеп берсеңіз?
- Биыл, 2024 жылғы оқушылардың жазғы демалыс уақытында 36 мектеп жанындағы лагерьдің ашылуы жоспарланды. 8 мектепте (Ю.Гагарин ат. ЖББМ, С.Торайғыров ат. ТМ, Краснонива НОМ, Березняк ЖББМ, М.Жүсіп ат. ЖББМ, Ақжар НОМ, Ақөре НОМ, Ботақара ЖББМ) күрделі жұмыстар мен ағымдағы жөндеу жұмыстары өтуіне байланысты мектепшілік лагерь ұйымдастырылмайтын болды.
Жаз – жарқын мезгіл. Бұл балалардың демалып, уақыттарын қызықты әрі көңілді өткізетін кезеңі. Жазғы тынығу лагерлеріне асыққан оқушылардың лагерьлердегі демалысының үшінші кезеңі аяқталып, 2024 жылдың 15-26 шілде аралығында ұйымдастырылатын төртінші маусымға қадам басты.
Бұқар жырау аудандық білім бөліміне қарасты мектептердің бейіндік алаңдарында үйірмелер мен секциялардың жұмысы ұйымдастырылып, туристік бағыттағы экскурсиялар, тарихи-танымдық саяхаттар қарастырылған. Сонымен қатар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қала сыртындағы лагерьлер бейнебақылау жүйелерімен толық жабдықталған. Барлық лагерьлер санитарлық-эпидемиологиялық сәйкестігі туралы қорытынды алып жұмыс жасауда.
Мақсаты - лагерьге келген әрбір оқушыны алдымен жақсылыққа, адамгершілікке, ұйымшылдыққа тәрбиелей отырып, оқушылардың жазғы демалыс уақытын тиімді пайдалана білуге үйрету. Балалардың жаз мезгіліндегі демалысында сауықтырылуы мен тиімді әрі мағыналы өткізуге жағдайлар жасау, қауіпсіздік ережелерін үйрете отырып салауатты өмір салтын қалыптастыру, рухани және мәдени білімдерін жетілдіру, салт-дәстүрін дамыту, отансүйгіштік, патриоттық сезімін арттыру.
- Лагерь жетекшілерінің міндеттеріне тоқталып өтсеңіз?
- Лагерьге балалардың уақытымен, толық келулерін қадағалау, әр күнді бағдарлама бойынша ұйымдасқан түрде өткізу, балалардың ойын алаңындағы ертеңгілік дене жаттығуларын, қимыл-қозғалыс ойындарын бақылауға алу, саяхат кезіндегі қауіпсіздік ережелерінің сақталуын еске алу, бақылау, лагерь жағдайында бірыңғай тәртіпте салтанатты жиындар өткізу, сурет, қолөнер тақырыптарында шығармашылық қабілеттерін арттыру мақсатында көрме, конкурстар ұйымдастыру, ұлттық ойындар, логикалық және спорттық ойын түрлері арқылы балалардың қызығушылығын арттыру.
Қазіргі таңдағы үшінші маусымда 24 білім беру ұйымында мектеп жанындағы лагерь жұмыстарын жалғастыруда, 12 мектеп ағымдағы жөндеу жұмыстарына байланысты уақытша лагерь жұмысын тоқтатты, - дейді Жұлдыз Мейрамқызы.
Балалардың білімді, салауатты болып өсуіне, өмірге қанаттанып ұшып, мамандық иесі болуына жауапты құзырлы бөлімнің әдіскері бізге керекті ақпаратты осылайша жеткізді. «Жаздың бір күні – жылға азық» деп аталарымыз айтпақшы, үш ай демалыста денсаулықтарын нығайтып, тау мен тасты аралап, саяхаттаған, көркем табиғат аясында демалған балаларымыз жаңа оқу жылында көптеген нәтижелер көрсетеді деп ойлаймыз.