taza-kaz

Екпенің бала денсаулығына пайдасы туралы


25.11.2023

Соңғы жылдары балаларда кездесетін түрлі жұқпалардың алдын алу үшін егілетін вакциналарға ата-аналар қарсылығы бой көрсеткенінен хабардармыз.

Бұл, әсіресе денсаулық сақтау қызметкерлерінің алаңдаушылығын тудыруда. Өйткені, екпесіз ұлттың ертеңі бұлыңғыр екенін дамыған елдердің медицинасы да мойындаған. Өкініштісі балаларына екпе жасауға қарсылық танытқандардың дені дін жолындағы ата-аналар болып жүр.Ғаламтордағы түрлі арандатушы ақпараттарға да сеніп  ұл-қыздарына вакцина салдырудан бас тартқан замандастарымыз да жеткілікті.

Балаларға екпе жасау адамзаттың үздік жетістіктерінің  бірі. Екпе арқылы жер шарында  миллиондаған бала өлімнен, мүгедектіктен аман қалды. Бір кездері талай тағдырды үзген  шешек (оспа) ауруының жойылуы дәлел. 40 жылдан бері дүние жүзінде шешекпен  ауырған бір де бір науқас тіркелмеген. Осыған байланысты, бүгінгі күнде шешекке қарсы егу тоқтатылды. Күні бүгінге дейін қауіпті жұқпалы аурулар қатарында болған  полиомелит те жойылудың аз-ақ алдында, бұл да екпе жасаудың нәтижесі. Алайда әлі де екпе жасау арқылы жоюға немесе әлсіретуге болатын жұқпалылардан жер бетінде жыл  сайын 4 миллионға жуық бала өлім құшады екен. Баланың тағдырына балта шаппайық.

Тарихы екі ғасырға созылатын екпе жасау халықтың 95 пайызын қамтығанда ғана  нәтижесін көрсетеді. Өкініштісі, сол жыл сайын екпеден бас тарту көбеюде. Өйткені,  бүгінде түрлі ақпарат көздерінде вакцинаны түкке жарамсыз ететін  пікірлер де жұртты  шатастыруда. Вакцина биопрепарат болған соң, егуден кейін асқыну (баланың дене қызуының жоғарылауы, жергілікті ісінулер, аллергиялық реакциялар, сирек энцефалиттер) болуы мүмкін. Бірқатар адамдар осы айтылған  асқынуларды  желеу қылып, екпеден бас тартуда. Ұрпағымыздың дені сау болып,ұзақ өмір сүруі үшін мемлекет тегін  ұсынып отырған екпелерден  неге бас тартамыз. Жұқпаға қарсы егілмеген бала сол жұқпалардың қайнар көзі болып саналады, яғни инфекция таратушы. Ал егілген  бала тіпті ауырып қалған жағдайда да ауруы өте жеңіл түрде өтеді.

Елімізде балалардың құқығын, денсаулығын қорғау Ата заңмен белгіленген. Қазақстан Республикасының Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы, «Әрбір бала денсаулық сақтау жүйесінің заманауи және тиімді қызметін, ауруларды емдеу құралдарын пайдалануға және денсаулығын қалпына келтіруге құқылы» және «Қазақстанда тұратын  физикалық тұлғалар кепілді ақысыз медициналық көмек шеңберіндегі инфекциялық және паразитарлық ауруларға қарсы алдын алу екпелерін алуға міндетті» екендігі деген баптар барын естен шығармағанымыз дұрыс болар еді. Балаларына екпе жасаудан бас тартқан ата-аналар олардың құқығын бұзып, ұрпақ денсаулығына нұсқан келтіргені үшін жауапқа тартылуы мүмкін. Күн сайын төмендеп бара жатқан экологиялық ахуал мен адамдардың дұрыс тамақтану режимін жиі бұзатынын да еске алсақ, вакцинасыз күніміз қараң екенін көреміз.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректерінде жыл сайын  түрлі сырқаттан көз  жұматын адамдардың үштен бір бөлігінің өлімі жұқпалы аурудардан келетіні айтылады. Әлем бойынша 4 миллион сәби қазіргі таңда вакцинасы табылмаған түрлі жұқпалы  аурулардан көз жұмады екен.

Міне, әлем халқы вакцинасы жоқ жұқпалы аурулардан зардап шегіп жатқанда, алдын алу вакцинасы белгілі қауіпті дерттерден сақтандыратын екпелерге ата-аналардың қарсы шығуы ақылға сыйымсыз. Қазіргі таңда 27 түрлі ауруды  вакцинамен ауыздықтауға  болатыны анықталған. Яғни, жұқпалы ауруларға қарсы күрестегі бірден-бір құрал -  халықты егумен толық қамту екенін жұршылықтың жаппай түсінуі маңызды. Ислам шариғаты балаға екпе алуға қарсы деп айту қате пікір, оның дәлелі жыл сайын қажылар Меккеге қажылыққа барардың алдында түрлі ауруларға қарсы екпелерді  қабылдайды. Олар екпе алмаған жағдайда, қажылық сапарын орындауға рұқсат  берілмейді.

Ислам дінінің екпе алуға қарсы емес екендігінің дәлелі ретінде бір дәйек келтіруге болады: Халифа Омар (р.а) өз заманында Шам еліне сапармен келе жатқан кезінде сол елдің оба ауруына шалдыққанын естіп, ол да кірмейді, «Пайғамбар (с.ғ.с) бір жерде оба  болса, ол жерден шығуға немесе кіруге болмайды» деп кері оралады, Сол кезде сахабалар «Әй, Омар! Сен Алланың тағдырынан  қашқаның ба?» деп наразылық білдіреді. Сонда Омар (р.а) «Алланың тағдырынан Алланың тағдырына қашамын» деп жауап берген екен.

Олай болса, біз де түрлі жұқпалы аурулардан қазіргі және болашақ буынды қорғаудың  шариғатқа қайшы келмейтін шараларын қабылдауымыз қажет деп санайық. 

Біз алда келетін апатқа келмей тұрып дайын болып, оның алдын алуымыз керек.

Дана халқымыздың: «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағидасын  естен шығармайық.

Г.Отыншина,

Бұқар жырау аудандық

санитариялық-

эпидемиологиялық

басқармасының

 бас маманы



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?