taza-kaz

Қазыналы қарттарға арналды


22.02.2024

Ақпан айының 13-жұлдызында Ботақара кентінің орталығындағы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы тірек мектебінде «Қарттарым - асыл қазынам» атты қарттарға арналған тартымды шара ұйымдастырылды.

Мектептің фойесінде әдемі киінген аталар мен әжелерді қазақтың ұлттық киімін киген биші қыздар, мектеп ұстаздары мен қара шаңырақтың басшысы Еркін Жетпісбаев қарсы алды.

-«Даналық мектебі» жобасы аясында жас ұрпаққа үлкендерді сыйлау, кішіге қамқор болу қасиеттерін сіңіру мақсатында сіздерді шаңырағымызға шақырып отырмыз. Мектебіміз заман талабына сай, 464 балаға білім беруге арналған, 70-ке жуық ұстаздар еңбек етеді, 600-ден аса оқушыларымыз бар, балаларымыз түрлі сайыстарға қатысып, жүлделі орындармен келіп, қуантып жүреді. Мектебіміз тірек мектебі ретінде шағын мектептермен жұмыс жасайды. Аудан орталығында тұрып, біздің мектебімізді көрмеген адамдар да бар. Асхана 80 балаға арналған, 1-4 сыныптардан 240-тан аса бала тегін тамақ ішеді, 20-дан аса көп балалы отбасының баласы тамақтанады, санитарлық тазалық сақталады, - дейді мектеп директоры Еркін Жетпісбайұлы.

Шара қонақтары әзіл-қалжыңдары жарасып, асхана жұмысымен танысты, осында тамақтанып отырған оқушыларға «астарың дәмді болсын» деген тілектерін білдірді. Онан соң басшы қарттарды мектептің спорт залына бастап апарды. Мектепте спорттың біршама түрі қолға алынған, жетістіктер де аз емес. Мектептің көптеген оқушылары әр түрлі спорт секцияларына қатысып жүреді.

Осыдан екі жыл бұрын мектептің бір бұрышында шағын музей ашылған. Музейге келген қазыналы қарттарға экскурсовод Айзия Болатова түсінік берді. Бұл жерде мектептің басшыларының суреттері  - Шәкар Қошанова, Ерсін Әмірханов, Серік Бәкішев, Бәдиша Тұрғымбаеваның суреттері қойылған. Мектептің қазіргі басшысы Еркін Рахымбайұлы.

Мектепке, білім беру ісіне, өлкетануға, мәдениетке, баспасөзге ерен еңбегін сіңірген, бүгінде Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы атағына лайық болған Қ.Шыныбектегі, «Алтын белгіге» қол жеткізген Дина Сарбокова, спортшылар,  әншілер, жалпы мектептің мақтанышына айналған оқушылар мен ұстаздар туралы ақпарат берді. Ауданымыздың тарихы, Сұлтанмахмұт Торайғыровқа арналған инсталяция туралы ақпаратты қонақтар жылы қабылдады. «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып, күн болуды» армандаған ақын небары 27 жасында дүниеден өтті. Алаштың жарық жұлдызы өмірінің соңына дейін ұлтына жақсылық жасауды мақсат еткенін тілге тиек етті.

Онан соң қонақтарды мектеп басшысы инклюзия кабинетіне ертіп апарды. Үкіметіміздің көмегімен ашылған кабинетте  Мөлдір Жүнісбекова интернет пен ұялы телефонның әсерінен қазіргі заманда балалардың көзі, құлағы, психологиясы дамымай қалатынын, осы кабинеттте балалар саусақтарымен сипау арқылы саусақ моторикасын, жалпы ойы мен өресін, сөйлеуді, қимыл-қозғалысты дамытатынын айтады. 2021 жылы ашылған кабинет шынында көптеген жабдықтармен қамтамасыз етілген екен. Көзбен көріп, қолмен ұстаған баланың дамитынын, балалардың бұл жерге қызыға келетінін айтады мектеп басшысы.

Кей балалар шыдамсыз, сабақта отыра алмайтын болғандықтан, келген балалармен мамандар үлкен жұмыс жасайды. Қол моторикасы дамыған бала сөйлей бастайды екен. Мөлдір ұстазға ақ әже батасын беріп, қонақтар технология кабинетіне барды. Бұл жерде Анар Мауиенова қыз балаларға тоқыма тоқуды үйретіп жатыр. Қазіргі таңда бала жасынан іс тігуді, тоқыма тоқуды білген бала өмірде өз орынын табады деп ойлаймыз.

Мектептің барлық жерінде камера орнатылғанын айтады мектеп басшысы. Камералар тікелей Ішкі Істер бөлімімен жалғанған. Сонымен бірге мектепте  гидропоника кабинеті де бар. Бұл жерде топырақсыз жағдайда қияр өсіріледі. Бірнеше мәрте өнім алыныпты.

Келесі сәтте қонақтар «Балауса» шағын орталығына барды. Ол жерде балақандар тәрбиешілерімен бірге қонақтарды қарсы алды. Әдіскер Сарқытжан Амантайқызы шағын орталықта екі жастан бес жасқа дейінгі 80 бала тәрбиеленіп жатқандығын, 4 қазақ тобы бар екендігін айтып, балалар ата-әжелерге ән шашуын арнады. 15 адам осы жерде бала тәрбиесімен айналысатынын айта кеткен орынды. 

Онан соң келген қонақтарды Еркін Жетпісбайұлы акті залына бастап апарды. Жиналғандарды мектеп директоры құттықтап, оқушылардың орындауында «Ақ мамам» әнін, 9 б сыныбы «Қазақ биін», 7 б сыныбының оқушысы Игілік Ерасылдың орындауында «Екі жирен» әнін, Қ.Шыныбектегінің «Ботақара вальсін» Нұрасыл Рахымбай мен Нұрғиса Құрманғалиев, 3 ә сыныбының орындауында «Жақсы көрем атамды, жақсы көрем әжемді» әнін, 5 ә сыныбының орындауында  «Қазақ биін», Алтынай Сұлтанбекова мен Нұрайым Ақылбекованың орындауындағы «Әжетайым» әнін, 7 б сынып оқушысы Аңсаған Алқұловтың орындауындағы күйді, «Өзбек биін», мектеп ұстаздарының орындауында «Қос бәйтерегім» әнін жиналған қауым жылы қабылдады.

Келген қонақтар мектеп ұжымы мен оқушылардың аттарына ақжарма тілектерін білдіріп, Абайдың «Көзімнің қарасы» әні мен «Ботақара вальсін» орындап берді.

Мектеп ұжымы мен оқушылардың аттарынан қонақтарға тәтті сыйлықтар табыс етілді. 

Қ.Ахметова

 

Д.Торжановтың суреттерінде: тамаша шараның әсерлі сәттері.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?