
Оқиғалар
Айдарлар
Мерейтойыңмен, газетім!
Реформа өміршең өзгерістер
Балалар жылы
Елбасы
Халық санағы
Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл
COVID
Жолдауға - қолдау
Аудандық әкімдікте
Қазақстандықтар табыс жолында
Патриоттық тәрбие
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Мемлекеттік қызметтер
Құқықтық тәрбие
Ақпараттық топ жұмысы
Ардагерлерге - құрмет
Еңбек адамы
Деніңіз сау болсын
Тұрғындар назарына
Мектеп өмірінен
Ауыл хабарлары
АӨК және бизнес
Рухани жаңғыру
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Biz birgemiz
Ресми
Кәсіпкерлікті дамыту
САЙЛАУ
Дін
Жемқорлықпен күрес
Референдум
Аудан жаңалықтары
Истории успеха
- Тағы
Естірге құлақ, көрерге көз болса
29.07.2024
Семізбұғы ауылының тұрғыны Майдаш Сүлейменқызы Аққожинаның бірнеше жыл бойы көтеріп отырған ауыз су мәселесі әлі де шешілетін емес. Ашпаған есігі, сұрамаған адамы жоқ Майдаш Сүлейменқызы «әр адам мойнына алған міндетін адал атқарса екен» деп налиды.
Естеріңізге салар болсақ, газетіміздің 15 маусымдағы №23-ші санында «Шешімсіз қалған мәселе» атауымен шыққан мақаламызда Семізбұғы ауылының ауыз су мәселесін көтерген болатынбыз. Аталған мақалаға аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен Бұқар жырау ауылдық округінің әкімдігі газетіміз арқылы жауабын берді. 2021 жылы басталған жұмыстар толығымен аяқталады деген уәде айтылды. «Уәде - Құдай сөзі» деген. Олай болса, жасалады деп ресми түрде жауап беріп, айтылған істі орындамау – адамгершілікке сын деп білеміз. Олай қатты жазуымыздың өз себебі бар. Газетіміз атқамінер ағаларымыз бен халық арасындағы алтын көпір болғандықтан, редакциямыздың телефонын шырылдатып, өзінің мәселесімен бөліскен әр тұрғынның сөзін басшылыққа жеткізу біздің міндет. Және де көтерілген мәселе бізді айналып өтпейтін болғандықтан, соңына дейін бақылауда ұстау парызымыз деп білеміз.
Семізбұғы ауылындағы ауыз су мәселесі көтерілгеннен сәттен-ақ телефоннан түспедік. Барлығынан хабардар болып отырдық. Жұмыс басталды дегенді естіп қуанған едік. Қуанышымыздың арты ұзақ болмады. Майдаш Сүлейменқызы қайта хабарласып, суреттер жібере бастағанда жағамызды ұстадық. Жұмыс толығымен аяқталмаған. «Ауыздарын жапсақ болды» деген көзбояушылықпен, үлкен жауапсыздықпен жасалған жұмысты көрдік. Қыс бойы су жинауға арналған мұнара қатып қалып жүрді дегенге мұнараны қаптаған екен. Қапталған мұнараның сырты қыс жетпей жыртылып ашылып жатыр. Күз түссе, қатты жел тұрса сыпырылып түсіп қалары анық. Онымен қоймай, желден ұшып кеткен қоршауы орнатылмаған. Су сорғы станциясының қабырғалары жарылып, адам көргісіз жағдайда тұр. Жасалған жұмыстың жай-жапсарын көріп, тағы да жан-жаққа хабарластық, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің мәселеге жауапты мамандарымен де сөйлестік. Өкініштісі, мардымды жауап жоқ.
Өзгелердің жауапсыздығының кесірінен біздің газетіміздің атына да қара күйе жағылды. «Әрдайым тек жағымды жаңалықтарды тізіп, төбе құйқасын шымырлатқан шындықты жазудан, туысына жақпаса да турасын айтудан қаштыңыздар ма?» деген сөз айтылды.
Осының барлығын тізе келе, үлкендеріміз әркез айтып отыратын еліміздің алдындағы азаматтық борыш деген ұғымды неге ұмытып барамыз деген ой келеді. Азаматтық борыш – ол ең бірінші адалдық емес пе?! Ел алдындағы парызыңды адалдықпен орындау – рухани жетілгеннің, кемелденгеннің белгісі. Әрқайсымыз мойнымызға алған іске жауапты болып, ертеңгі күні ұялмайтын тірлік жасайық.
«Уәде берген екенсің,
Орындау оны парызың.
Орындалмаған уәдең,
Мойныңдағы қарызың», – деген. Осы мәселе бойынша мойнында қарызы барлар, істі соңына дейін апарсаңыздар. «Жақсы істің аяғы – тыныс, жаман істің аяғы ұрыс» демекші, екі жұрт арасындағы дауды бір ауыз сөзбен шешкен Бұқардай әулиенің атын алған аудан бола тұрып, бір істің артында ұрысқан болып, жаман атқа қалмайық. Аудан басшысы талай жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселеге өзі бас болса екен деген өтінішіміз бар.
Б.Жакешова
Суреттерде: су мұнарасының қапталған тұрі; ғимарат жарылып тұр.