
Оқиғалар
Айдарлар
Мерейтойыңмен, газетім!
Реформа өміршең өзгерістер
Балалар жылы
Елбасы
Халық санағы
Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл
COVID
Жолдауға - қолдау
Аудандық әкімдікте
Қазақстандықтар табыс жолында
Патриоттық тәрбие
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Мемлекеттік қызметтер
Құқықтық тәрбие
Ақпараттық топ жұмысы
Ардагерлерге - құрмет
Еңбек адамы
Деніңіз сау болсын
Тұрғындар назарына
Мектеп өмірінен
Ауыл хабарлары
АӨК және бизнес
Туган жер
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Biz birgemiz
Ресми
Кәсіпкерлікті дамыту
САЙЛАУ
Дін
Жемқорлықпен күрес
Референдум
Аудан жаңалықтары
Истории успеха
- Тағы
Жаңа кітап пен жаңа әннің тұсау кесері өтті
01.07.2024
Маусым айының 23 жұлдызында аудандық Мәдениет үйінде Ақжар ауылы су жаңа кітаптың, әрі жаңа әннің тұсауын кесті. Ауылдың өткені мен бүгінін толғаған кітап – «Туған өлке - Ақжарым» деп аталыпты. Атап айтсақ, бір жыл бұрын атаулы игі істің басын бастап, ауыл халқының басын біріктіріп, туындыны жинақтай бастаған Ақжар ауылының адал перзенттері Әмір Шарапат Қауденұлы, Сәрсембаев Болат Шәйменұлы және Төлеуов Серік Игілікұлы еді.
Олардың айтуынша, өзінің туған жерін тани білген адам ел тарихын, жер тарихын, өз өлкесінің қадір-қасиетін қастерлей біледі. Әркімнің туған өлкесі өзіне ыстық. Ал олар өмір сүріп отырған киелі Ақжар топырағы бағзы заманнан бағы жанып, базары қызған мекен. Осы еңбекте қасиетті Ақжар ауылының құрылу тарихы, осы ауылдан репрессияға ұшыраған, Ұлы Отан соғысына қатысқан, одан оралмағандар, тыл еңбеккерлері, Ауған соғысына қатысушылар, көп балалы аналар, осы ауылдан шыққан ұстаздар, медицина саласының қызметкерлері, ғалымдары туралы мәліметтер қамтылған.
Кітап өзінің шыққан тегін білгісі келетіндерге, әкесі немесе анасы жағынан жақын туыстарына және Ақжар ауылы тарихына қызығушылық танытқан көпшілік қауымға арналады.
Ал осы күннің көпшіліктің алдына тұңғыш рет ұсынылып, киелі сахнада алғаш рет шырқалған «Туған өлке – Ақжарым» әнінің сөзін ҚР Білім беру ісінің үздігі белгісімен марапатталған, ҚР Президентінің алғыс хатының иегері, 40 жылға жуық ұстаздық қызмет қылған Ақжар ауылының тумасы, ардақты ана Маташева Шәпен Қалтайқызы жазса, әнін ауылының арда азаматы, талай додаларда өлкесінің атын танытып жүрген өнерпаз, әрі қадірлі мамандық - ұстаздықты алып жүрген Қалдыбаев Дулат Қабылқайырұлы жазған.
Өлке тарихын Отан тарихынан бөліп қарауға болмайды. Туған өлкенің өткенін түгендеп, оны халық тарихымен тұтастырғанда ұлттың жасампаздық рухы одан әрі асқақтайды. Бүгінгі таңда Ақжар өңірінің бауырына бүккен тарихы елге жария болып, зерттеушілерді қызықтырар мекенге айналды. Осындай тарихы мол жер болғандықтан да шығар, бұл өлкеден түлеп ұшқан азаматтардың барлығы тарихқа жақын, өлкенің өткенін ұмытпай, естерінде сақтап, келер ұрпаққа асыл мұра ретінде жеткізуге өз үлестерін қосып жүр. Мәселен, кітап авторларының бірі Шарапат Қауденұлы педагогика ғылымдарының кандидаты болса, Болат Шәйменұлы химия ғылымдарының кандидаты, Серік Игілікұлы IT саласының хас шебері. Бірақ туған жердің тарихын бала жастан естіп өскендіктен, білгендерін ұмытпай, оны келер ұрпаққа жеткізуді парыз санаған. Сол ойдың дәлелі – жарық көрген кітап.
Кітаптың жинақталу тарихы туралы Шарапат Қауденұлы былай деді:
- Бұл мәселе осыдан 5-6 жыл бұрын ойланған мәселе. Өз ауылы туралы кітап жазып жатқандарды көріп, шіркін, біздің де ауылдың атын асқақтатын, өткені мен бүгінін танытатын бір кітап жазса деген ой мазалап жүрді. Қарағандыда жүргенде жаңағы Болат Шәйменұлы және Серік Игілікұлы бас қосқанда, осы мәселені сөз ететінбіз. Менің зейнетке шыққан шағым еді, сол кезде енді сіздің қолыңыз бос, уақытың бар, ауылға барып мәліметтер мен ақпараттар жинай бастасаңыз деп қолқа салды. Ауылға баруға болады-ау, бірақ онда қазір көзкөргендер аз. Көбісі сыртта жүр. Кейін ұялы телефонда Whatsapp желісі пайда болып, тамаша мүмкіндік туды. Солардың барлығының басын біріктіріп «Ақжар ауылым - алтын бесігім» атты топ аштым. Топтың мақсатын жазып едім, ауылдастар бірден келісіп, қолдау білдірді. Барлығы 350-ге жуық адам жиналды. Әрі көптен көріспегендер қал білісіп, көзайым болып қалды. Одан кейін негізгі жұмыс басталды. Ең алдымен ауыл тарихынан бастадық, кім не біледі, кімде қандай ақпарат бар деген мәселе тұрды. Ақжар болмай тұрғанда бұл жер қалай аталған, қашан Ақжар атанды сынды ақпараттар іздедік. Осылай кезең-кезеңімен осы ауылдан репрессияға ұшыраған, Ұлы Отан соғысына қатысқан, одан оралмағандар, тыл еңбеккерлері, Ауған соғысына қатысушылар, көп балалы аналар, осы ауылдан шыққан ұстаздар, медицина саласының қызметкерлері, ғалымдары туралы мәліметтер келе бастады.
Кітаптың ерекшелігі де сонда, ақпарат берген адамдардың мәліметтеріндегі мазмұны еш өзгеріссіз кітапқа еніп, соңында сол ақпаратты берген адамның аты-жөні жазулы тұрады.
Барлығы ақпаратты жинау, реттеу, қалыпқа келтіру жұмыстарына тура 1 жыл уақыт кетті. Болат ағаң екеуіміз мәтіні мен мазмұнына көңіл бөліп, сол жағын реттесек, Серік сонау Ташкентте отырып, ескі суреттерді жасанды интеллект технологиясы арқылы жаңартып, кітапқа енгізуге болатын күйге жеткізді. Бір қызығы бұл кітапты жинақтаудан бастап шығаруға дейін бір кездесусіз, телефон арқылы байланысып, қашықтықта жасалды десек болады. Кітаптың жұмысы толық аяқталып біткен соң, бағасы да, шарттары да өзіміз ойлағандай болса екен деген ниетпен типография іздей бастадық. Астанадағы кітапханаларды аралап, нұсқалар қарастырдым, керемет, ең сапалы болса дейміз. Сөйтіп жүргенде Бөтакөз Төңкербайқызы деген ауылдас қарындасым бар, сол кісі хабарласып, Алматыдағы бір типографияның нөмірін берді. Хабарласып көріп едім, біз қойған шарттарға келісіп, онымен қоймай нарықтағы кітап шығару бағасынан екі есе төмен бағада шығарып берді. Міне, осылайша жарық көрген кітап бұл, - деді Шарапат Қауденұлы.
Рухани шараға аудандық мәслихат төрағасы Әли Асхат Сағадиұлы шақырылып, кітаптың тұсаукесері әрі таспа бауын кесу құрметін иеленді. Көпшілік қауымға, әрі ауыл тұрғындарына ыстық ықыласы мен құттықтау лебізін білдірді. Айтулы күні ауыл халқымен бірге қуанышын бөлісуге ғылым жолына түскен, бүгінде ауылының ғана емес, елінің елеулі ұлдарына айналған ауыл азаматтары медицина ғылымының докторы Мағзұмов Ғазиз Қабылтайұлы, академик Қ.И.Сәтбаев атындағы сыйлықтың иегері, химия ғылымдарының докторы, профессор Төлеуов Бораш Игілікұлы да келіпті. Онымен қоса Шарапат Қауденұлымен қатар ұстаздық қызмет қылған Бекен Айтанұлы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, жарық көрген кітаптың тілшісі Сәнді Ақылай және бұқартанушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ұстаз, композитор, ақын Шыныбектегі Қалиасқар Мықтыбайұлы да ізгі алаңнан табылып, жыр шумақтары мен жылы лебіздерін арнады. Айта кетейік, ауданымыздың жыр қоржыны Сәнді Ақылайдың «Ботақара» атты тың туындысымен толықты. Ақын апамыз шара үстінде шабыттанып, атаулы туындысын дүниеге келтіріп, сахна төрінде оқып берді.
Ақжар ауылының өнерпаздары да жарады. Дулат Қабылқайырұлы бастаған өнерпаз топ, ауылдан шыққан арда азаматтар, ақындар мен әншілер мерекелік бағдарлама ұйымдастырыпты. Атап айтсақ, Иманов Ілияс Ақжар ауылынан шыққан ақын-сатирик, журналист Матай Айнабековтың жыр шумақтарын оқыса, халықаралық байқаулардың лауреаты Жандос Иманбай мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәуренбек Әркенов көпшіліктің көңілін халық әндерімен әуелетті.
Шара соңында ұлы мұратты көздеп, бабаларының басынан өткен сан қилы тағдырын кітап бетіне түсіруге себеп болған, әрі басы-қасында жүріп, жанашырлық танытқан азаматтарға Сакиров Қинаят Бейсенбекұлы мен Иманов Асқар Сағатұлы ауыл халқының атынан естелік сыйлықтар табыс етті. Одан әрі ауыл үлкені, ұзақ жылдар бойы ауылдың білім саласына еңбегі сіңген ардагер қария Мағзұмов Қайролла Қабылтайұлы жақсы іске себепкер болған тұлғалар мен тұрғындарға ақ батасын берді. Осылайша ізгілікті ту еткен ұлы көш ата-бабасына тағзым етіп, еске алуға арналған асқа аттанды.
А.Ерубаева