taza-kaz

Ақбел ауылындағы сенбілік


11.05.2024

2024  жылғы «Таза Қазақстан»  республикалық акциясы аясында, сонымен қатар көктемгі санитарлық тазалық, көркейту-көгалдандыру айлығын өткізудің іс-шаралар жоспарына сәйкес ағымдағы жылдың 27-сәуірінде Ақбел ауылдық округі бойынша сенбілік ұйымдастырылды. Сенбілікке барлық мекеме қызметкерлері ұйымшылдықпен қатысып, бекітілген аймақтары тазалады.

Нақты тазаланған аймақтар мен атқарылған жұмыстардың ауқымын, Ақбел ауылдық округы әкімдігі аппаратының бас маманы Мырзабеков Сайлау Игілікұлы атап өтті:

- Республикалық акция басталғалы бері сенбілік жұмыстары қарқынды жүруде. Алғашқы күндері ауылды қар астынан шыққан қоқыстардан тазарту, құлаған ағаштардың, кескен ағаштардың қалдықтарын жинау, әктеу жұмыстары жүргізілді. Әктеу жұмыстары әлі де жалғасады. Бүгінгі күні жарты ауыл  ағаштары әктелді десек болады. 15-мамырдан бастап арнайы техника келіп, жиналған қоқыстарды шығару жұмыстарына кіріседі, - дейді.

Атқарылған жұмыстарды өз көзімізбен көрейік деп ауыл ішін араладық. Расында да,  атқарылған жұмыс көзге көрінеді. Ауыл жаңарып, жасарып қалғандай. Мектеп маңында белсенді жұмыс атқарып жатқан қызметкерлерге жолықтық, алдымыздан мектеп директоры шықты. Айтуынша, биыл мектептің аты берілген Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 125 жылдығына орай  дүркіреген той өтпек. Осыған орай мектеп маңайын көгалдандыру жұмыстары жүруде.

Біз келген мезетте ағаш отырғызу жұмыстары жүріп жатты.  Әр ағаштың  түбінде тақтайшалар ілінген, «Бұл не?» деген сауалымызға, «мектеп түлектері жыл сайын мектебімізге бір шырша ағашын отырғызады, сол еккен сыныптың аты жазылып, естелік тақтайшалар орнататын дәстүріміз бар» деген жауап алдық.

Біз келген апта «Жасыл аймақ» апталығы еді.

Бұл апталық аясында да атқарылып жатқан жұмыстарын көріп шын қуандық.

Одан әрі ауыл ішіне бір-екі айналып жолға шықтық, көзге ілмеске болмайтын, ауыл ішіндегі жиналған көңнің қалдықтары атқарылған жұмыстың ажарын кетіріп тұрғаны тағы рас. Осы мәселе бойынша сұрағанымда «Көңнің астында әлі қар жатыр, сол себепті біз оны шығара алмай отырмыз» деген жауап алдық.

Ауылдың шыға берісіне жеткенімізде, саябақ маңында жүріп жатқан жұмыстарды көрдік. Сенбілікке қатысып жатқандар, бұл саябақта қыс кетісімен жастар көп уақыт өткізетінін, бірі артынан жинаса, бірі тастап кетіп жатады дейді.

Ол туралы сенбілікте жүрген ауыл халқы хабардар етті.

Саябақты ретке келтіруге шыққан ауыл халқы, салғырт қарайтын жастарға сабақ болса екен деген ниетпен біз басқа ауылдарға аттандық.

 

А.Ерубаева

 

Д.Торжановтың суреттерінде: шырша отырғызу; ағаштарды ақтау; қоқыстың артында үйлер көрінбейді.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?