taza-kaz

Лайықтылар марапатталды


31.12.2022

Архив деген жұмыс орыны тарихи маңызы бар құжаттар сақталатын арнайы мекеме екенін білеміз. Белгілі бір елдімекендегі жұмыс атқаратын мекемелердің ескі құжаттарын сақтайтын бөлімі немесе жеке тұлғаның өмірі мен қызметіне байланысты жинақталған жәдігерлер жиынтығы архив деп аталады.

Биылғы жылдан бастап 22-желтоқсан Архившілер күні деп белгіленді. Еліміз бойынша архив жүйесінің 85 жыл тарихы бар. Жаңа туған баланың 85 жасқа келгенше өмір сүрген жылдарынан көп тәжірибе жинақтайтыны секілді, архив қызметінің өзіндік сара жолы, жұмысын дамытып, осы уақытқа дейін алып келген басшылары, функционалды қызметіне адал болып, қаншама адамның алғысы мен батасына ие болған қызметкерлері бар. Бұқар жырау аудандық архивте мұндай қызметкерлер, бүгінде зейнеткерлік жасқа жетіп, немере қызығын қызықтап жүрген адамдар өте көп. Ол адамдар мекеме басшысының, облыс басшылығынының назарынан тыс қалмайды, үнемі сый мен құрметке ие болып жүретінінің куәсі болып жүрміз.

Желтоқсан айының 23-жұлдызында аудан әкімдігінің мәжіліс залында ауданымыздың әкімі Н.Кобжанов осы бір қиын да қызықты істі адал атқарып жүрген мекеме қызметкерлерімен кездесті. Кездесуге аудандық мәслихат хатшысы А.Әли қатысты. Ұжымды Дана Шибаева басқарады. Мұнда қызмет ететіндердің барлығы білімді де, білікті, адамдарға деген мейірімі ұшан-теңіз жандар. Қандай да жағдайда болмасын байыпты, біреудің өтінішіне немқұрайды қарай алмайтын жандар жиналған ұжымнан тараған жылы лепті сезінуге болады. Мекеме қызметкерлері ауданымыздың әрбір қызметіне қатысты мерейлі күндерге орай тамаша шаралар ұйымдастырып, құрметтеп, мерейін асқақтатып жүретінін де айта кету керек. Аудан төңірегінде тұратын сыйлы, еліне ерекше еңбек сіңірген адамдардың жеке тектік құжаттарын сақтауға алады, олардың еңбек жолын өскелең ұрпаққа үлгі етіп жүреді.

Ауданымыздың басшысы Нұркен Сайфиддинұлы жиналғандармен жылы амандасып, ұжым басшысы Дана Шибаеваға мінсіз қызмет етіп, ұжымды бір арнаға бағыттап, жемісті еңбек нәтижесін көрсетіп жүргендері үшін алғысын айтып, ұжым мүшелерін айтулы мерекелерімен құттықтады.

Адамның туғанынан бастап, бүкіл өмір жолына дейінгі аралықтағы құжаттарын сақтайтын, зейнет жасына келгенде бар құжаттарын, өмірлік тарихына қатысты деректерді қолға ұсынатын мекеменің жұмысы шынымен де ауқымды. Осы күні адамдарға деген мінсіз қызметімен көзге түскен,  «Облыстың қоғамдық өміріне белсенді қатысқаны, ісін адал және кәсіби атқарғаны, жоғары нәтиже көрсеткені үшін» Қ.Кунуспекова, В.Арашкевич, Қ.Жапарова Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының  басшысы Е.Жұмакеновтың Құрмет грамотасымен, «Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі қосқан еңбегі, қоғамдық келісімді нығайтқаны  және белсенді азаматтық ұстанымы үшін»  ауданымыздың әкімі  Н.Кобжановтың Алғыс хатымен А.Амангелдинова мен М.Меркель марапатталды.

Осы адамдардың барлығының қолдарына марапаттары мен гүл шоқтары тапсырылды. Ұжым ауданымыздың әкімі Н.Кобжановпен бірге естелік суретке түсті.

Жұмыс орнындағы атқарған еңбегін басшылықтың жоғары бағалағаны әрбір адам үшін жақсы сезімдер әкеледі. Ол адамды алдағы уақытта одан да жақсы нәтижелер көрсетуге қанаттандырады. Осы күні архившілердің аттарына көптеген жылы лебіздер айтылды. Себебі олар жұмысында ізденгіш, өз ісіне берілген, бір-бірімен туыс, бауырдай болып кеткен жандар. Жұдырықтай жұмылған ұжымның алдында алынбайтын қамалдар жоқ деп ойлаймыз.

Бір айта кетерлігі – архив орналасқан мекеме ескірген, қазіргі заман талаптарына сай емес. Ұжым мүшелері алдағы уақытта өздеріне адамдардың игілігі жолында еңбектену үшін жаңа ғимарат болуын армандайды. Ауданымыздың басшысы бұл мәселеден хабардар екенін, кентіміздің орталығында екі мекеме – архив және орталық модельді кітапханалар жүйесінің ұжымы заман талабына сай ғимаратқа зәру екендігін білетінін айтып, қиындықтан шығатын жолдар іздестіріліп жатқанын айтты. Салтанатты марапаттау сәтінен соң архив жүйесінің тарихы туралы бейнероликті тамашалады жиналғандар.

Тарих қойнауына кетіп жатқан әрбір күн ерекше, осы күн де ұрпақтар үшін үлгі алатын, адал еңбекке бас иетін күн болып қалады деген сенімдеміз.

Мерекелеріңіз құтты болсын, құрметті архившілер!

Қ.Ахметова

Д.Торжановтың суреттерінде: Н.Кобжанов, В.Арашкевич; естелікке сурет.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?