
Оқиғалар
Айдарлар
Мерейтойыңмен, газетім!
Реформа өміршең өзгерістер
Балалар жылы
Елбасы
Халық санағы
Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл
COVID
Жолдауға - қолдау
Аудандық әкімдікте
Қазақстандықтар табыс жолында
Патриоттық тәрбие
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Мемлекеттік қызметтер
Құқықтық тәрбие
Ақпараттық топ жұмысы
Ардагерлерге - құрмет
Еңбек адамы
Деніңіз сау болсын
Тұрғындар назарына
Мектеп өмірінен
Ауыл хабарлары
АӨК және бизнес
Туган жер
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Biz birgemiz
Ресми
Кәсіпкерлікті дамыту
САЙЛАУ
Дін
Жемқорлықпен күрес
Референдум
Аудан жаңалықтары
Истории успеха
- Тағы
Билер кеңесі жұмысын бастады
08.03.2019
Қоғамда орын алатын ұсақ-түйек дауларды соттан тыс шешетін, ұлттық құндылығымызды сақтауға өз септігін тигізетін билер кеңесі құрылды. Ауданымызға қарасты әр елдімекеннен ел арасында абыройлы, беделді, сөзге шешен, білгір де білімді, өмірлік тәжірибесі мол ардагерлерден құралған билер кеңесінің төрағасы болып Төкен Арбабаев сайланды.
Наурыз айының 1-і күні аудан әкімдігінің кіші залында аудан әкімі Ш.Мамалиновтың басшылығымен мәслихат хатшысы А.Әли, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының төрағасының бірінші орынбасары М.Нұрланов, аудандық сот төрағасы Р.Дурдыев, сот судьясы В.Махабаева, аудан прокурорының орынбасары Р.Рахатов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Арбабаев пен жергілікті медиаторлардың қатысуымен өткен жиында билер кеңесінің қоғамдағы маңыздылығы мен ережелері қарастырылды.
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында қоғамдағы бірлік пен ынтымақты сақтау, дауласу, құқықбұзушылықты төмендетуде, ұлттық құндылықтарымыз бен әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізге негізделген билер кеңесін жаңғырту керектігін айтып өткен еді. «Ұлттық код» ретінде өз жұмысын бастап кеткен билер кеңесі тұлғалар арасында туындайтын дауларды ушықтырмай дер кезінде шешілуіне, екі тараптың бітімге келуіне жол ашады.
Шынын айту керек, қазіргі таңда ұлтымызға жат дүниелер белең алып, салт-дәстүріміз ұмытылып, ұлттық құндылықтарымыз құнсызданып, адамдардың бір-біріне деген сыйластығы азайып барады. Тізбектей берсек, шыға беретін дау-дамайлар арасында отбасы ішіндегі араздықтар да бар. Ертеректе «Бас жарылса - бөрік ішінде» деп бір шаңырақта болып жатқан дау-дамайларды сыртқа көрсетпей отыратын адамдар қатары азайған.
- Қоғамда орын алатын отбасылық, тұрмыстық, еңбек дауларын сотқа жеткізбей бітімге келтіруді көздейтін билер кеңесі - медиация институтын дамытып, кешегі билер сотының жаңғыртушысына айналады. Облысымыз бойынша бірнеше өңірде ашылған билер кеңесінің атқарып отырған қызметі зор,- дейді Р. Дурдыев.
Құзіреттілігі Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Медиация туралы» заңы мен ұлттық құқық аясында жүзеге асырылатын билер кеңесінің мүшелері болып Е.Ұмітбаев, Б.Нұрахметов, А.Мамалинов, Б.Торжанов, М.Ибраева, В.Грушко сайланса, төраға қызметіне Т.Арбабаев лайық болды.
- Алдағы уақытта билер кеңесінің ережесі бекітіліп, өз күшіне енетін болады. Және де ауданымыздың көлемінде ұсақ-түйек дау-дамайлар көп туындайды деген ауылдық округтерден аузы дуалы, өмірлік тәжірибесі мол ақсақалдар билер кеңесінің мүшелігіне кіргізілетін болады,- деді В. Махабаева.
«Би бол, би болмасаң би түсетін үй бол» деп бата беретін ата-бабамыз қандайда бір шешімі табылмаған дауды би-шешендердің ақылына жүгініп шешетін болған. Сол себепті де билер соты өзінің әділдігімен халыққа ең жақын құқықтық органға айналған.
Аудан әкімі Ш.Мамалинов:
- Жаңадан құрылып отырса да, қоғам үшін маңыздылығы жоғары билер кеңесі халық сеніміне жұмыс жасап, сотқа түсіп жататын шағымдар саны азаярына сенеміз,- деп жиынды аяқтады.
Б.Жакешова
Д.Торжановтың суреті