taza-kaz

Салықтан қашқан табылады


10.11.2018

Аудан қазынасына түсетін қаржының бір бөлігі салық төлеушілер есебінен келетіні белгілі. Осыған орай, салықтар мен төлемдердің түсімдері бойынша қосымша резервтерді анықтау мақсатында 30 қазан күні жұмыс тобының отырысы өтті. Отырысқа аудан әкімі Ш.Мамалинов төрағалық жасап, аудандық мәслихат хатшысы А.Әли, аудандық бөлім басшылары, кент, ауылдық округ және ауыл әкімдері, шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлік нысандарының қожайындары қатысты.

Жұмыс тобы ең алдымен салықтық міндеттемелерді өтеуден қашып, мүліктерін жалға беріп отырған, қоластында қызмет жасайтын адамдардың санын, жалақысын азайтып көрсеткен тұлғаларға қатысты және жергілікті бюджетке төленетін салықтар мен төлемдердің қосымша көздерін анықтау мақсатында өкілетті органдар арасындағы іскерлік байланысты ұйымдастыру жөнінде аудандық қаржы және экономика бөлімінің басшысы Е.Жұмашеваның баяндамасын тыңдады.

Баяндамада аудан аумағында еңбек ете отырып, қоластындағы жұмысшыларды нақты тіркемеген азаматтар жөнінде деректер келтірілді. Солардың бірқатарын орындарынан көтерген аудан басшысы салықтан қашу себептерін сұрады.

Ботақара кентіндегі «Ерасыл» кафесінің қожайыны Ә.Сисабаев, Новоузенка ауылдық округіндегі «Бекзат» шаруа қожалығының иесі А.Кенжебаев, Новостройка ауылындағы «Азамат» шаруа қожалығының иесі А.Түсіпбеков алдағы уақытта заңға сәйкес азаматтарды тіркейтіндіктерін айтты.

Шаруа қожалықтарының иелері, шағын кәсіпкерлер қауымы, сіздер жыл сайын мемлекеттік қолдау шараларына жүгініп келесіздер. Ол - бизенсті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар, арнайы техника алуға лизинг, түрлі субсидиялар. Мемлекет қолдауына ие бола отырып, нарықта өздеріңізді көрсетіп келесіздер. Соған сәйкес, сіздердің де мемлекет алдындағы жауапкершіліктеріңіз уақытылы және толық түрде салық төлеу, жұмысшылар санын дұрыс көрсету және жұмысқа қабылдау кезінде Еңбек заңына сәйкес рәсімдеу жүргізу, - деген аудан басшысы барлық аудандық шаруашылық қожалықтарына олқылықтардың орнын толтыруға, тұрғын үйлерді жалға берумен айналысатын жеке тұлғаларға кәсіпкер ретінде тіркелуге, әкімдерге, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне ауылдар мен ауылдық округтердегі еңбек келісімшартынсыз жұмыс істеп жатқан азаматтарды анықтап, жұмыс жүргізуге тапсырма берді.

Жұмыс тобының алдында мемлекеттік кіріс басқармасы басшысы С.Абишев салық салу базасын кеңейту жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуы жөнінде тоқталып, былтырғы жылмен салыстырғанда жоспар толық орындалғанын, заңсыз түрде үйлерін жалға беріп, жолаушылар тасымалымен айналысып жүрген тұлғаларға қатысты деректерді келтірді.

Отырыс барысында аудан басшысы шақырылған жеке кәсіпкерлер мен қожалық иелерінің толық келмеуіне қатысты әрбір ауыл мен ауылдық округіне нақты жұмыс атқарудың, түсіндіру жұмыстарын жүргізудің қажеттілігі жөнінде баса айтты. Оған қоса, Ш.Мамалинов салық төлеу базасын кеңейту мақсатында елдімекендерде жұмыс жасап жатқан кәсіп нысандарын тіркеуге, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Е.Мәдениетовке пайдаланылмай отырған мақсатты жерлерге қатысты жол картасын дайындауға, Ж.Абишев пен аудандық ішкі істер бөлімі басшысы М.Менисовқа бірлесе отырып, тіркелмеген кәсіп нысандарын тіркеуді жүзеге асыру жұмыстарын жүйелі түрде атқаруды тапсырды.

Үйін немесе техникасын жалға беріп, кіріс басқармасына тіркелмеген тұлғаларды анықтау жұмыстары әлі де жүргізілмек. Қосымша салық көздері ауданымыздың қажеттіліктеріне жаратылып, әлеуметтік нысандарға жұмсалатындығын ескерсек, атаулы жұмыстың дұрыс жүргені маңызды.

Н.Әбікеева

Д.Торжановтың суреттерінде: президиумде Ш.Мамалинов және А.Әли; қатысушылар.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?