taza-kaz

Сессия


06.10.2018

Өзекті мәселелер шешімін тапты

Қыркүйектің 28-і күні аудандық мәслихаттың 26-шы сессиясында аудан әкімі Шагурашид Мамалинов өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша жыл басынан бері атқарылған істер жөнінде депутаттар алдында есеп беріп, алдағы міндеттер мен мақсаттарды айқындады.

Лашын Игіліков төрағалық жасап, мәслихат хатшысы Асхат Әлидің қатысуымен өткен сессияның күн тәртібінде 18 мәселе қаралды. Соған сәйкес аудан басшысынан тыс 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының Бұқар жырау ауданында іске асуы және Бұқар жырау аудандық мәслихатының 20-шы сессиясының 2017 жылғы 22 желтоқсандағы №6 «2018-2020 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселелер жөнінде бөлім басшылары да есеп берді.

Айта кету керек, сессияның алдында өткізілген тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында Ақтөбе және Петровка ауылдық округтері әкімдері Болатбек Қазатайдың, әкімнің міндетін атқарушы Талғат Елубаевтың ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмайтын жер учаскелерін айналымға тарту, жеке үй құрылысы мен коммерциялық қызмет үшін жер учаскелерін ұтымды пайдалану бойынша жұмысы жөнінде және Тоғызқұдық, Ростовка, Қызылқайың ауылдық округтері әкімдері Ерлан Карипбаевтың, Раушан Жүкенованың ауыл шаруашылығы құрылымдарын дамыту және шаруа немесе фермерлік қожалықтарды ұйымдастыруға көмек көрсету жөніндегі жұмысы туралы есептері тыңдалған болатын.

- Жыл басынан бері Елбасы белгілеген нақты міндеттерге сәйкес аймағымызда өндірістік және ауыл шаруашылық өнімдерінің көлемі артып, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдығын атап өтуге дайындық барысында бірқатар әлеуметтік нысандарға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мәдениет, білім беру және спорт саласы нысандарына жөндеу жұмыстарымен қатар, материалдық-техникалық ахуалын нығайту бойынша шаралар әрі қарай жалғасуда, - деп депутаттар алдында есебін бастаған аудан басшысы өңір өмірінің түрлі саласына тоқталды.

Есеп барысында Ш.Мамалинов биылғы жылы негізгі басымдылық «2017-2021 жылдарға арналған ҚР агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы», «Денсаулық сақтауға арналған «Денсаулық» бағдарламасы», «Білім және ғылымды дамыту бағдарламасы», «2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы», «2015-2019 жылдарға арналған индустрия-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы» сияқты мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға берілгенін атап өтті.

Өткен сегіз айдың ішінде ауданымыздың өнеркәсіптік өндіріс ауқымы 27 млрд. теңгені құраса, физикалық индекс ауқымы 122%-ды көрсеткен. Өнеркәсіптік көрсеткіштер трубалар жасап шығаратын «Изоплюс» ЖШС-ы, шарлық крандарды өндіруші «Бемер Арматура», жұмысын жаңадан бастап, отқа төзімді материалдар өндіретін «Севен Рефракториз» ЖШС-ы, жыл басынан бері пайдаланудан шыққан 36 мың автокөлікті қайта өңдеуге қабылдаған «Recycling Сompany» сияқты «Сары-Арқа» арнайы экономикалық аймағында орналасқан кәсіпорындар есебінен қол жеткізілген. Атаулы кәсіпорындар біртіндеп жоспарлы түрде жобалық қуаттылыққа шығуда.

Аудан басшысы шағын және орта бизнесті дамыту барысында негізгі басымдылық «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті дамыту және қолдаудың бірыңғай бағдарламасына берілгенін айта отырып, бағдарлама жұмыс жасап келе жатқан уақыттың ішінде жалпы соммасы 9,3 млрд. теңгені құрайтын 76 жоба облыстық координациялық кеңестің қолдауына ие болғандығын жеткізді. Ал, кәсіпкерлікті қаржылай емес түрде қолдау барысында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ының «Бизнес-Кеңесші» жобасы бойынша 26 адам оқыса, кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы бойынша 138 кәсіпкер «Бастау-Бизнес» бағдарламасы бойынша білім алған.

Ауданымызда соңғы жылдары ішкі туризмді дамыту бойынша тың жобалар қолға алынып, солардың бірқатары бүгінде табысты еңбек етуде. Үстіміздегі жылдың мамыр айында Көкпекті ауылында жаңа 7 жұмыс орнын ашқан «Derbу Villаge» демалыс аймағы жұмысын бастаса, Байқадам ауылында «Миньковка су бөгетінде демалыс аймағын ашу» жобасы қолға алынған. 3 млн. теңге тұратын жоба 2 жұмыс орнын ашуды көздейді. Әзірге бөгет спорттық балық аулау үшін ашық. Сонымен қатар Үштөбе ауылындағы «Жәке» шаруа қожалығының базасындағы «Бәйтерек ресорт» ЖШС-ы 350 адамға арналған ресторан мен қонақүй, 3 коттедж және бассейн құрылысын қолға алған.

- Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөнінде ауданымыз облыс бойынша көш бастап келеді. Аудан бойынша ауыл шаруашылық өнімдерін өндірумен 1418 нысан және 16 мыңнан астам жеке қосалқы шаруашылық нысандары айналысады, - деген аудан басшысы былтырғы жылмен салыстырған дәнді дақылдарды егу 7%-ға артып, 128 мыңды құрағанын алға тартты. Өсім «Нұр-СХ» ЖШС-ы, «Агрофермер» ЖШС-ы, «Ақ Нұра Артель» ЖШС-ы, «Агросистема» ЖШС-ы, «Медет Агро» ӨК-і, «Ынтымақ» ШҚ-ы есебінен қол жеткізілген.

Мемлекет тарапынан көрсетіліп келе жатқан несиелік қолдау нәтижесінде ірі қара саны 16,5%-ға артып, шаруа қожалықтарында және тұрғындардың жеке шаруашылығында ешкі мен қой саны 6,9%-ға, шошқа 4,5%-ға, құс саны 7,1%-ға төмендеген. Аудан басшысы өңірлік агроқұрылымдардың «НУХ КазАгро» АҚ-ы арқылы қаржыландырылуы төмендігін, оның мемлекеттік қолдау шараларын насихаттау мен түсіндіру жұмысының нашар жүргізілуінен екендігін алға тартты.

Сонымен қатар Ш.Мамалинов есебінде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласына инвестицияларды тарту, жер қатынасы және ветеринария саласы бойынша ауданымызда болып жатқан өзгерістер мен жұмыс барысы жөнінде тоқталып, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Ботақара кентінің Әуезов көшесіндегі 10«А» мекенжайы бойынша 16 пәтерлі тұрғын үй құрылысы жүріп жатқанын, қосымша екі 16 пәтерлік үй құрылысының мемлекеттік сарапатама қорытындысы жасалған жобалық-сметалық құжаттамасы бар екендігін атап өтті.

- Аудандық бюджет есебінен 2 пәтерлі қос үй, 12 пәтерлі он үй, 16 пәтерлі үш үйдің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама жасалды, - деген аудан басшысы Көкпекті, Доскей, Новоузенка, Үштөбе ауылдарында да құрылыс бастау үшін жобалық сметалық құжаттама жасалғанын алға тартты.

Мемлекет тарапынан жіті көңіл бөлінетін білім беру саласына қатысты Ш.Мамалиновтың айтуынша ағымдағы жылы 36 млн.теңгеге жаңа модификациялы 5 кабинет сатып алынып, 6 мектепте күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп, алдағы уақытта 20 білім беру нысанына күрделі жөндеу жұмыстарын жасау үшін жобалық-сметалық құжаттама жасалған.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында ауданымызда қазақ әліпбиін латын әліпбиіне көшіру бойынша желілік кесте әзірленіп, Бұқар жыраудың тарихи-мәдени мұрасын тарату мен сақтау және қажылық туризмді дамыту мақсатында Бұқар жырау мемориалдық кешеніне күрделі жөндеу жүргізіліп, «Туған жер» арнайы жобасы бойынша ауданымызда 4 жоба іске асырылған.

Ауданымыз бойынша атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды. Олар тұрғындардың түрлі категориясын қамтып әлеуметтік, материалдық тұрғыда дамуына септігін тигізуде. Өңіріміздің бұқара үшін қолайлы мекен болуы алда атқарылатын жұмыстар легімен тікелей байланысты. Аудан өмірінің түрлі саласынан хабардар еткен Ш.Мамалинов есебін қорытындылай келе, ауданымыздағы оң экономикалық өсімге қарамастан бірқатар мәселелер шешімін таппай отырғандығына да тоқталып, олардың қатарында Ғ.Мұстафин кентінде Нұра өзені бойынша өтетін автокөлік көпірінің реконструкциясын, «Қарағанды-Тоғызкұдық-Ботақара», «Қарағанды-Ботақара-Ақбел-Трудовое (Алабас)», «Новодолинка- Шахан-Молодецкое» автокөлік жолдарын жөндеу, елдімекендердегі орталықтандырылған сапалы су мәселесін шешу, әлеуметтік-мәдени нысандарды модульды жылытумен қамтамасыз ету, тұрғын үй кезегіне тұрушылардың санын азайту, апатты жағдайлардың алдын алу шараларын өткізуді атады.

- Алдағы уақытта Елбасымыз айқындаған келелі міндеттерді жүзеге асыруымыз қажет. Олар, бірінші, ауылдар мен ауылдық округтерді, кенттерді, жалпы ауданымызды дамытуға бағытталған мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың қойылған міндет, мақсат, көрсеткіштеріне қол жеткізуіміз, екінші, 2018 жылдың қорытындысы бойынша ауданымыз бойынша экономикалық өсімді 2,6%-ға, үшінші, негізгі капиталға тартылатын инвестиция көлемін 5%-ға арттыруымыз, төртінші, кәсіпкерліктің жаңа нысандарын ашу, бесінші, әлеуметтік жағдайы төмен, жұмыссыз және өздерін өнімсіз жұмыс түрімен қамтыған тұрғындар санын азайту, алтыншы, мақсатты тағайындалуына сәйкес қолданылмай отырған ауыл шаруашылық жерлерін тиімді пайдалану, жетінші барлық мемлекеттік органдар, сонымен қатар мемлекеттік сатып алу шараларының есептілігі мен халық алдындағы ашықтығы, қол жетімділігін қамтамасыз ету, - деп тізбектей келе:

- Қойылған міндеттерді шешу үшін бізде барлық ресурстарымыз бар. Сіздермен бірге ақырындап пайда болған барлық мәселелелерді шешетін боламыз, - деп есебін қорытындылады.

Аудан әкімінің есебінен соң күн тәртібіне сәйкес аудандық мәслихаттың құқық қорғау қызметі органдарының мәселелері бойынша кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы, сонымен қатар аудан әкімдігінің жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарын іске асыру қорытындылары туралы есебін тыңдауды алдағы уақытта өтетін сессия барысында тыңдау жөнінде шешім қабылданды.

Келесі мәселелер, яғни, 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының Бұқар жырау ауданында іске асыру барысы туралы аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Г.Сатаева, аудандық мәслихаттың 20 сессиясының 2017 жылғы 22 желтоқсандағы №6 «2018-2020 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Е.Жұмашева баяндады. Депутаттар бөлім басшыларының баяндамаларын назарға ала отырып, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы сияқты мемлекеттік қолдау шараларын халық арасында белсенді түрде насихаттауды тапсырды және аудандық бюджетке өзгерістер енгізуді бірауыздан қолдады.

Сессия барысында депутаттар Бұқар жырау ауданы әкімі жанындағы бірқатар ведомствоаралық комиссиялардың, құқықтық жалпыға бірдей оқыту мектебінің үйлестіру-әдістемелік кеңесінің, қылмыстық жазаны және қылмыстық-құқықтық ықпал етудің өзге де шараларын атқаратын мекемелердің қызметіне жәрдемдесу жөніндегі, сондай-ақ қылмыстық жазасын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру жөніндегі Кеңестің дербес құрамын бекітті. Оған қоса, аудандық мәслихаттың сайлау комиссияларының мәселелері бойынша кейбір шешімдеріне, аудандық мәслихаттың 20 сессиясының 2017 жылғы 22 желтоқсандағы №10 «Бұқар жырау аудандық мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесінің 2018 жылға арналған жеке қаржыландыру жоспарын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізді.

№1 сайлау округі бойынша депутат Б.Жаңбырбаевтың Сарытөбе ауылы тұрғындарының жайылымдық жер мәселесі жөніндегі сауалына аудан әкімінің орынбасары А.Дардаковтың жауабы назарға алынып, алдағы уақытта өтетін сессияның күн тәртібі мен төрағасы тағайындалды. Күн тәртібіндегі соңғы мәселе А.В.Диденконың ауданымыздан тыс жерге қоныс аударуына байланысты депутаттық өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтатуға байланысты өтініші де мақұлданды.

Сессия соңында аудандық мәслихат хатшысы А.Әли халық қалаулылары атынан екі шақырылымда қатар жұмыс жасап, өзін аудан өмірінің жанашыры ретінде көрсете білген А.В.Диденкоға өңірімізге сіңірген еңбегі үшін Құрмет грамотасын табыстап, қатысушыларға бірлескен жұмыс үшін алғыс білдірді.

Н.Әбікеева

 

Ж.Мақышевтың суреттерінде: президиумде Ш.Мамалинов, Л.Игіліков, А.Әли.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?