taza-kaz

Үміткерлер депутаттармен кездесті


25.08.2018

Тамыз айының 24-і күні аудандық мәслихат депутаттары Ақбел, Үміткер, Белағаш, Суықсу ауылы мен ауылдық округтерінің әкімі лауазымына үміткер тұлғалардың сайлауалды бағдарламаларын тыңдады. Мәслихат хатшысы Асхат Әли төрағалық еткен кездесу барысында депутаттар үміткерлердің бағдарламаларына қатысты өз сауалдарын қойып, екі жақты пікір алмасты.

- Бүгінгі кездесу барысында үміткерлерге сауалдарыңызды қоя отырып, кім қалай жауап береді, қандай мақсаттарды көздейді, соған бақылау жасап отырсаңыздар. Ертеңгі күні біздің таңдауымызбен тұтас ауылдық округтің дамуы тікелей байланысты, - деген А.Әли алдағы сайлау науқанының үлкен жауапкершілік артатындығына баса тоқталды.

Айта кету керек, Үміткер ауылдық округі бойынша үміткерлер Ерхан Жәнібеков, Бейімбет Бейсенбеков, Айнаш Қоңырова.

Алғашқы болып депутаттар алдында сайлауалды бағдарламасын таныстырған Е.Жәнібеков Үміткер ауылының тұрғыны ретінде округтің күрделі мәселелерін іштей білетіндігін айтты.

- Біріншіден, егістік алқаптарын ұлғайтуға, ауыл шаруашылығын дамытып, мал санын арттыру, асылдандыру барысындағы мемлекеттік бағдарламалармен жұмыс істеу қажет. Сондықтан, нақты сайлауалды бағдарламамда негізгі бағыттар ретінде осы жұмыстарды қарастырамын, - деді Е.Жәнібеков.

Осы ауылдық округ бойынша екінші үміткер Б.Бейсенбековтің де сайлауалды бағдарламасын тыңдаған депутаттар қос үміткерге де ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық ахуалын көтеру үшін қандай жұмыстар атқаратындығы, ауыз су мәселелері жөнінде сауалдарын жолдады. Сонымен қатар, мәслихат депутаттары Б.Бейсенбековтың, мамандығы ветеринарлық дәрігер екендігін алға тартып, қазіргі уақыттағы улы шөптер мен жұқпалы аурулардың салдарынан түлікке келетін кеселдің алдын алу жолдары жөнінде сөз қозғады.

Депутат Б.Жаңбырбаев Үміткер ауылы арқылы Баянауылға баратын жаңа жол салынып жатқандықтан өңірде туризмді дамытуды қолға алу қажеттілігі жөнінде ұсыныс жасады.

Ақбел ауылдық округі бойынша үміткерлер Әлібек Жүкенов, Анель Күлкебаева, Асхат Лекеров. Бұл күні үміткерлердің отбасылық, жұмыс жағдайларына қатысты келе алмағандығы туралы айтылып, депутаттар алдында сайлауалды бағдарламасын Әлібек Жүкенов қана қорғады.

Қазір аудандық экономика және қаржы бөлімінің сектор меңгерушісі болып қызмет жасайтын Ә.Жүкенов Ақбел ауылдық округінің потенциалды мүмкіндіктерін тиімді пайдалану арқылы өңірдің әлеуметтік деңгейін көтеру мүмкін екендігін алға тартты. 

Суықсу ауылы әкімі лауазымына үміткер Самат Мейірманов Белағаш ауылдық округінен Рахат Әміров те өзге үміткерлердің келе алмай қалуына байланысты, бағдарламаларын жалғыз қорғады.

Өздерін жас та ынталы азаматтар қатарында көрсеткен мамандарға депутаттар өзекті деген сауалдарын қоя отырып, ауылдарға 6 салық түрі берілгенін ескеріп, қолма-қол ақша бақылау шотын тиімді пайдалану, оған түсетін салық есебін арттыру үшін орта және шағын бизнесті дамыту қажеттілігіне тоқталды.

- Ақбел, Үміткер үш елдімекеннен тұратын ірі округтердің бірі. Ал, Суықсу ауылы шағын болса да, алып жатқан территориясы жағынан ауданымыздың ірі аймақтарының бірі. Сондықтан, әрбір ауылдық округтің ерекшеліктерін ескере отырып, соларды жандандыруға белсене кірісетін тұлғаларды таңдай білуіміз қажет, - деді кездесу қорытындысында  А.Әли.

Тамыздың 29-ы күні сайлау өтетіндігін ескерсек, таңдау жасалатын күн алыс емес.

Н.Әбікеева

Д.Торжановтың суреттерінде: депутаттар жиналды; жұмыс сәті.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?