taza-kaz

Еңбек Кодексі - қос тараптың сүйеніші


09.09.2017

Тамыздың 25-і күні Бұқар жырау аудандық әкімдігінде ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен Қарағанды облысының ішкі саясат басқармасының мемлекеттік тапсырысы аясында «Мир Добра» қоғамдық бірлестігі «Компаниялар мен мекемелердегі әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу» тақырыбында семинар өткізді.
«Мир Добра» қоғамдық бірлестігінің директоры Татьяна Абрамова жүргізген семинарға аудандық бөлімдер мен мекеме мамандары қатысып, ортақ ойларын білдіріп, рөлдік ойындарға ат салысты.
Басты тақырып 2015 жылдың 23 қарашасында қабылданған Еңбек Кодексі болды. 23 тарау, 204 баптан тұратын атаулы Кодекс қазіргі уақытта барлық мекемелер мен жеке нысандардың жұмысын алға қоятын бірден-бір заңды құралға айналған.
Ұжым жұмысындағы келіспеушілік бір ғана жәйттан басталып, біртін-біртін өзара ұшқындап, үлкен өртке айналатындығы, оның залалы жұмыс барысына да, тұлғаның жеке өміріне де тиетіндігін жеткізген семинар жүргізушісі Т.Абрамова:
- Қашанда айналамыздағы жандарға мұқият болуымыз керек. Өзіміздің еңсемізді бастырмай, өзгенің де намысына тиіп, жігерін жасытатын әрекеттерге бармау қажет, - дегенді айтты. Сонымен қатар, дәріскер Еңбек Кодексінің әрбір тарауына жекелей тоқтала отырып, семинарға қатысушылардың жұмысы барысында кездесетін мысалдар келтіріп, одан шығу жолдарын тілге тиек етті.
Жасыратындығы жоқ, мемлекеттік қызмет қаншалықты жауапкершілікті жүктесе, соғұрлым күш пен жігерді талап етеді. Кейбір кездерде ашық қақтығысқа әкелетін оқиғалар орын алып жатады.
Атаулы жағдайда шу шығарып, талап қоя келген тұлғаны ең алдымен сабасына түсіре білу керек. Бұл келген адамды жайғастырып, көңілін жәйландыратын сауалдар қойып, мәселенің ақ-қарасын ажыратып алуға бағытталады. Сондай сәттерде кәсіби маман өз біліктілігін танытып, агрессивті көңіл-күйдегі адаммен тіл табыса білуі қажет.
Т.Абрамованың айтуынша басшылық ұжым үнемі айналасындағы әріптестерінің көңіл-күйлеріне назар аудара отырып, психологиялық тұрғыда көмек көрсете білуі тиіс.
Семинарға қатысушылар өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, түрлі жағдайларымен бөлісіп, екі жақты пікір алмасты.
Сонымен қатар, семинар барысында түрлі апатты жағдайларда алғашқы көмек көрсету алгоритмі бойынша медициналық жәрдем шаралары көрсетіліп, қандай жағдайларда қандай әрекеттерді жасау қажеттілігі жіті түсіндірілді.
Жастар ресурстық орталығының ақпараттық-әдістемелік қамсыздандыру бөлімінің басшысы С.Колоскова жиналған көпшілік тарапынан семинарды өткізушілерге алғысын білдіріп, өнімді еңбек қатынастарын қалыптастыру үшін атаулы жұмыстардың өте қажет екендігін айтты.
Семинар соңында барлық қатысушыларға біліктілігін арттырғандығы жөнінде сертификаттар табысталды.
Н.Әбікеева
Д.Торжановтың суреттерінде: Т.Абрамова және залдан сурет.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?