taza-kaz

Әйелдер форумы өтті


06.11.2024

21 қазанда Бұқар жырау ауданының Ботақара кентіне облыс орталығынан бір топ әйел аналардан құралған делегация келді. Келген қонақтар белгіленген уақытта аудан әкімдігінің мәжіліс залынан орын алды. Бұл жерден оларды ауданымыздың нәзік жандылары – мекеме мен бөлімдер басшылары, мектеп директорлары, ауыл әкімдері қарсы алды.

 

Олардың құрамында отбасы демографиялық саясат бойынша облыстық комиссия төрағасының орынбасары, Қарағанды облысы бойынша Қазақстан Халықтар Ассамблеясының (бұдан әрі ҚХА),  аналар кеңесінің төрағасы, гендерлік теңдік бойынша облыс әкімінің кеңесшісі Айжан Қазымырқызы Қиясова, Қарағанды облысы бойынша ҚХА Аналар кеңесінің төрағасы, «Аманат» партиясы тұрғындарды әлеуметтік қолдау және отбасы мәселелері бойынша аумақтық кеңестің төрағасы, «Аманат» партиясының әйелдер қанатының төрағасы, облыстық әкімдік депутаты Зара Хамитқызы Шалабаева, қалалық мәслихаттың депутаты, «Аманат» партиясының тұрғындарды әлеуметтік қорғау және отбасылық мәселелер бойынша аумақтық кеңесінің мүшесі Сәуле Жанатқызы Дүйсембаева, Айсұлу Әбдіхалыққызы Ахметова, Әсел Тілеуқабылқызы Сихымбаева, Индира Жанұзаққызы Тоқмырзина, Малика Манатқызы Күсенбаева, медициналық клиникалық жүйесінің басшысы Әспет Асылбекқызы Рыспаева болды.

Аталмыш кездесуге аудан әкімі Ерлан Құсайын, мәслихат төрағасы Асхат Әли келді. Аудан әкімі келген қонақтармен жиналғандарды таныстырды. Ағашқы сөз Зара Хамитқызы Шалабаеваға берілді.

 

- Бұл форумда біз сіздермен жақын танысқымыз келді. Қазіргі таңда өсіп келе жатқан жас ұрпақ білімді де білікті, тәрбиелі болуы үшін әйел-аналар көптеген тәрбие жұмыстарын жүргізуде. Нәзік жандардың алдыңғы қатарда жүруі бұдан бірнеше ғасырлар бұрын орын алған. Біздің әжелеріміз бен аналарымыз ешқандай қиындықтардан қорықпаған, қандай да бір салада үлкен жетістіктерге жеткен. Осының әсерінен болар, әкімдіктер жанынан әйелдер қанаты құрылып, өз жұмыстарын бастап та кетті.

Баяндамашының айтқандарынан өткен жылғы желтоқсан айында облысымызда «Аманат» партиясы жанынан әйел-аналар қанаты ашылғаны, бүгінгі таңда жаны нәзік әйелдеріміз қоғамның барлық саласында еңбек ететіні, жергілікті басқару мен шағын кәсіпкерлікте де ойып өз орнын алғаны, экономика, үкіметтік емес ұйымдарда тер төгіп жүргенінен хабардар болдық. Жүзден астам әйел-аналардың қатысуымен өткен бұл шарада жаңа бастамаларды, әйелдердің қоғам өміріндегі ролін арттыруға, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, жеке өсулері үшін жағдайлар жасауға арналған тәсілдерді әзірлеу үшін диалог алаңы орнатылды.

Осы шараның мәні - әйел-аналарды мемлекетіміздің саяси өміріне көбірек қатысуға тарту болды. Форумда «Аманат» партиясының әйелдер қанатының әйел-аналарды тыңдайтыны, оларды қандай жағдайда болсын қорғайтыны, олардың бизнестерін ашуды, дамытуын көздейтіні, ғылымдағы аналардың қолдау көретіні жөнінде Зара Хамитқызы атап өтті.

«Аманат» партиясының әйелдер қанаты жұмысының он басымдығына – отбасылық- тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға жәрдемдесу, өндірістегі еңбекті қорғау, ауылдағы бизнес, отбасының денсаулығы мен құндылықтары, экономикалық құқықтар, әйелдердің ғылымдағы ролі және басқалары әр бағыт бойынша түсіндіріліп айтылды.

Сонымен бірге мемлекеттік қызметке жоғарылауға ниет білдірген әйелдер мен аналарды әйелдер қанаты қолдайтыны, олар үшін барлық жағдай жасалатыны айтылды.

-Негізінде, әйел адам қандай да бір қызметте тиянақты болады, жұмысын мінсіз атқаруға тырысады. Біздің ауданымызда да бірнеше әйел-аналар әкім қызметінде жүр. Үштөбеде бес мыңнан аса адам тұрады, осы округтің адамдарына дұрыс қызмет көрсету үшін Әлем Қайыржанқызы Көпбаева көптеген еңбегін сіңіріп жүр. Сонымен бірге Ақлима Дакирова апайымызды да атап өтпуге болмайды, Анар Бозаева да аудандық «Аманат» партиясының филиалын басқарып келеді. Біздің ұлтымыз әйелдер қауымын ерекше құрметтеген, қыз баланы төрге отырғызған, аналарды, әжелерді сыйлаған, қандай жағдайларда да оларға керекті жағдайды жасаған, - деді Ерлан Бейсенбайұлы.

Келесі сөз кезегін аналар кеңесінің төрағасы, гендерлік теңдік бойынша облыс әкімінің кеңесшісі Айжан Қазымырқызы Қиясоваға берді.

-Біздің қоғамымызда әйел-аналардың ролі өте маңызды. Әйелдер жұмыстан келгенде отбасындағы балалары, жұбайлары, ата-енелері қарсы алады. Аналар олардың барлығына жылы шуағын, мейірімін төгеді. Қазақ ұлтында көптеген спортшылар, өнер адамдары бар. Әйел адамдар өндірісте бар күшін салып, жұмыс істей алады. Керек болса, одан да ауыр жұмыстар істейді. Әйел-аналар бизнесте де жүр. Оларға қолдау көрсету үшін әйелдер қанаты еңбектенетін болады. «Салауатты сана», «Мәдениетті ұлт - мәдениетті ана» бағдарламаларынан біз өзіміздің түп тамырымызды көреміз, ұжымда бірлесе еңбек ету, мемлекет пен қоғамның мүддесін өзінікінен жоғары қою  - аналардың басты міндеті болады. Әр бағытта өзінің міндеттері бар, - деді.

Онан соң баяндамашы «Томирис» білім беру бағдарламасы туралы әңгімелеп берді.

«Томирис» - негізінен  әйелдердің басқарушылық әлеуеті мен саяси мәдениетін дамытуға бағытталған жоба. Өңірде осы бағдарлама облыстық Қоғамдық даму басқармасының өкілдері, ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, сондай-ақ Конрад Аденаэр қорының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Бағдарламада әр облыстың жетекші саяси қайраткерлерімен кездесулер қарастырылады. Жиындар барысында белсенді әйелдер өңірдің өзекті мәселелерін, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуды және әйелдердің саясатттағы ролін сөз ететін болады. «Томирис» ақпараттық білім беру бағдарламасы әйелдерді елдің дамуына өз үлестерін қосып саяси жобаларды әзірлеуге және енгізуге мүмкіндік беретіні айтылды. Өтінім бергеннен кейін қастысушылар іріктелетін болады. Олар Астана қаласында оқу бағдарламасынан өтіп, көшбасшылық қабілет, шешендік өнер, саясаттағы теңдік және басқа да көптеген тақырыптар бойынша курстан өтіп, білім алады. Көпшілік алдында сөйлеу, әлеуметтік желімен жұмысты да үйрететін курс барлық аналар үшін пайдалы болатынын, Бұқар жырау ауданында осы курсқа тілек білдірген әйелдер болса, құжаттар жинап, курсқа тіркелуі керектігін айтты.

 

Шынында да, қазіргі заманда әйелдер қауымы қоғам мен мемлекет ісіне келгенде ер азаматтардан кем белсенділік танытып отырған жоқ. Әйел-аналар тек өз отбасының төңірегінде ғана емес, сонымен бірге мемлекеттік қызметте, бизнесте, денсаулық сақтау саласында, білім беру жүйесінде жемісті жұмыс істеп жүр. Сонау қиын-қыстау жылдарда елдің еңсесін көтеруге атсалысудан бастап, бүгінгідей әлемге танылып, бәсекеге барынша қабілетті мемлекет болуға ұмтылып жатқан заманда әйелдер қауымының қосып отырған үлесі шексіз. Әйел-аналар атқан таңда қоғамдық жұмысқа белсенділікпен араласып, саяси қызметте мансаптары өсуде, мемлекеттік қызметке деген ниеттері де байқалуда. Қоғамның бел ортасында жүрген әйелдер қауымының бұл құлшынысы әбден құптарлық. Әйел - қоғамның көшбасшысы болуға ұмтылуда, сондықтан осындай форумдар еліміздің жер жерлерінде өтуде.

Қ.Ахметова



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?