taza-kaz

Ауыл азаматтарын тыңдағанда


11.06.2024

Ауылдық округтің жігіттері осының алдында Қарағанды облыстық «Аманат» партиясының филиалына жердің тапшылығы жайында шағыммен барып, осы бір беделді мекемеге арыз талап әкеліп, көмек сұраған болатын.

Қарағанды облыстық «Аманат» партиясының төрағасы, Ұлттық Құрылтайдың мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты, депутаттар фракциясының жетекшісі Бекзат Алтынбеков, Қарағанды облыстық Жер ресурстарын пайдалану жөніндегі басқарма басшысы Арман Ләмбеков осы жерден табылды.

Осы ауылдың жерін пайдаланып жатқан Мейрам Шахметовтың әлі екі жыл жер құқығын пайдалануға уақыты бар екен. 

Бұқар жырау ауданына тиесілі 36 мың гектар жер қайтарылуы тиіс болса, осы уақытта оның 15 мың гектары қайтарылыпты. Аудан әкімінің орынбасары Арман Дардаковтың берген ақпаратына сәйкес, 20 мың гектар жер қайтарылыпты. Келешек ұрпаққа жер қалуы керек екендігін, болашақты жер еншісінен айыруға болмайтынын, жас ұрпақ пайдалануға да жер қалуы керек екендігін айтты Бекзат Қомарұлы. Екі жыл бұрын Мейрам Шахметовке жер беру комиссиясына кім қатысқанын, хаттамаға кімдер қол қойғанын анықтауымыз керек деді. Мал басына қойылатын шектеулер, аналық мал ауылда қалып, бойдақ мал жайлауға шығу керек екендігіне де тоқталды. Осы күнгі қойылған мәселені заң бойынша шешуіміз керек деді. Ербол Абилов неге бір адамның атында 10 мыңнан астам жер бар, мал ол жерге кіріп кетсе, ұрыс болатынын, шөп шабуға болатын жерлерді басқа кісілерге жалға беретінін ренішпен жеткізді. Кімде-кім жер алса, осы ауылдың жағдайына қарасатын, ауылдың әлеуметтік жағдайына көмек жасайтын, мектепке көмектесетін, жөндеу жұмыстарын жасайтын адам болсын, дүниеге құнықпай, адамдармен бірге болсын деген сөздерін айтты.

- Жұмыс істемеген адам жерді босатсын, осы ауылға жұмыс істейтін адамдар көшіріп әкелгім келеді, баланың санын көбейтіп, мектеп ашылса. Келген адамдар жеміс өсіріп, еңбек етсе, мен қасында жүремін, жүгері мен бұршақ егемін, ауылды көркейтуге атсалысамын, - дейді. Осындай жақсы ұсынысын айтқан жігітке келген қонақтар риза болды. Осы жерден табыс тауып отырған шаруа адамы ауылға да өз тарапынан көмек жасап, қаражат беруі керек деді.

Құзырлы орындар тарапынан ауыл адамының мал басын көбейтуге бар жағдай жасалатыны айтылды.

- Ауыл шаруашылығы – негізгі құрал, сондықтан ол ерекше бақылауда, осыған талдау жүргізіліп, жайылым туралы заң шығарылды. Елді мекен маңайындағы бос жерлердің барлығы қоғамдық жер, ауыл адамының пайдаланатын жері болып саналады. Аудандағы құзырлы орын жер сұраған адамға 90 күн ішінде оны беруі керек. Егер сіздер айтып отырған жер заңсыз берілген болса, ол тексеріліп, ол бойынша шешім шығаратын боламыз. Осы жерге келген қандас адамға жер беріледі. Ол адам сол жерде жұмыс істеуі керек. Үш жыл үзбей жұмыс істеген болса, онда бұл жер оның атына он жылға ресімделеді, - дейді Арман Сапарғалиұлы. 

Абзал Ақтанов ауылдық округтің жерлерін ауыл тұрғындарына картадан көрсетті.

- Бұқар жырау ауылы бойынша 17 мың гектар жер бар, Шалқар ауылы бойынша 6 мың гектар, дау туғызып отырған 800 гектар жер, - дейді.

- Ауылдың жерін қандай заңға сүйеніп Шахметовке бердіңіздер, - деген сұрақ қойды ауыл тұрғыны.

- Көлімізді де сатты, балық аулауға да болмайды біздің балаларға, - дейді ақ жаулықты ана.

Арман Дардаков 49 жылға берілген жердің біразы пайдаланбай бос тұрғанын айтады. Сол бүкіл жұмыс істемей жатқан жерлерді тізімге түсіріп, акт жасап, ескерту беру, онан соң жер инспкциясына тапсыру, бір жыл мониторинг жүргізіп, шара қолдану және осы жұмыстар туралы тұрғындарға ақпарат беру керек екендігін айтты.

Ауылдың нақты проблемасы – Шалқардан мектепке тасымалданатын оқушылар мәселесі. Қатты боран соққанда автобус қарға батып қалып, оқушылардың үйге жаяу келетін кездері де болып тұрады. Мектепті жабатын кезде қаншама уәде үйіп-төккен еді дейді ақ жаулықты ана. Қазір қатынап оқитын 15 бала екен. Негізі мектепті қайтадан ашуға күш салу керек екендігін, жол тазалайтын мердігер өз жұмысына дұрыс қарамайтынын айтады және тұрғындар. Шалқар ауылында су құбыры жарылып, су екі жерден жерге босқа ағып жатқанын айтады ренжіген ауыл халқы.

Ауылдың тұрғындары газет кеш келеді, жер туралы конкурс жарияланғанын білмей қаламыз дейді. Мал жайылатын жердің, жұмыс жоқтығын айтады ауыл тұрғындары

Бұқар жырау ауданына қарасты 68 елді мекен бар. Олардың бәрінде жер тапшылығы орын алған. Осы күні залда отырған Ербол Абилов, Нұртай Нұржанов, Жанат Ибраев, Саябек Хасенов, Мерғали Салықов, Бейбіт Қасенов, Мақсат Қасенов, Асхат Ибраев, Ержан Оспанов өз сөздерінде ауылдың азаматтарына жер керек екендігін айтып, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ерлан Мәдениетовке, жер комиссиясының төрағасы Арман Дардаковқа, ауыл әкімінің атына үлкен реніштерін жеткізді. Бір адамға 5 500 гектар жерді қалай бердіңіздер, ауыл халқын қалайша ойламадыңыздар деді және бір ауыл тұрғыны. 

Бұл сұрақ бойынша Е.Мәдениетов жауап берді. Ол конкурс қорытындысында басымдық сол ауылдың тұрғынына беріледі деді. Конкурсқа қатысатын адам бес жыл осы ауылда тіркеуде тұруы керек, осының бәрі ескеріледі дейді.

Осы күнгі кездесу шалқарлықтардың мұң-мұқтажының қаншалықты көп екендігін көрсетті. Облыстан келген басшылар тағы бір келіп, атқарылған жұмыстардан хабардар етеміз деді.

Қ.Ахметова

Д.Торжановтың суретттерінде: Б.Алтынбеков, А.Ләмбеков; залдан көрініс; жер картадан көрсетілді.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?