taza-kaz

Астана - болашақтың қаласы


06.07.2023

Астана - талапты жастарға жол ашқан ару қала. Мәдениеттің ошағы, оқу-ғылымның ордасына айналған бас қаламызға арман жетегінде келген жастарымыз қаншама. Солардың бірі - Үміткер ауылының тумасы Гүлімай Қазболатқызы Санақова.

2012 жылы Үміткер орта мектебін тәмәмдаған Гүлімай бала күнгі арманының жетегімен Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің филология факультеті журналистика кафедрасына оқуға түседі. Бала күнінен журналист болып, үлкен телеарналарда бағдарламаларды түсіріп, жарыққа шығаруды арман еткен Гүлімайдың телеарнадағы алғашқы қадамы 2014 жылы басталады. Дәл осы жылы шілде айында өндірістік іс-тәжірибеден өту мақсатында Қазақстан ұлттық телеарнасына «Таңшолпан» бағдарламасына келген кейіпкеріміз ширақтығы, білімі, жауаптылығымен көзге түсіп, оқу кезеңінде жұмысқа қабылданады. Осы кезеңнен бастап Астана қаласының тұрғыны атанып, Қазақстан ұлттық арнасындағы қызметін жалғастырады. Қазіргі таңда Қазақстан ұлтық арнасының эфир бөлімінде режиссер мамандығы бойынша қызметін жалғастырып отырған Гүлімай айтады:

- Барлық армандарымды ұштап, осындай биік белестерге жетуге ең бірінші еліміздің бас қаласы Астана шаһары әсер етті. Астана менің сүйікті мекенім. Елімнің ең әсем, сұлу, жас қаласы. Әлемнің қанша мемлекетіне саяхат жасадым, қаншама елдің астанасын көрдім, бірақ өзімнің Астанамды ешқандай шаһарға тең көрмеймін. Бұл қалада жылулық, әсемдік, үлкен сенім, болашақ бар. Мен армандайтын едім, үйімнің терезесін ашқанда Астанамның әсем жерлері, ғимараттары Бәйтерек, Ханшатырдың көрінісі тұрса деп. Сол арманға 10 жылдың ішінде қол жеткіздім. Мені үлкен қадамдар жасауға жетелген жас қала – Астана күн санап көркіне көрік қосуда. Мен де осы шаһармен бірге өсіп, өніп келемін, - дейді.

Шексіз мүмкіндіктер мен асқақ армандар қаласы Астана шаһарында күнделікті қайнаған тіршілік, өмірді жақсарта түсуге жанталасқан адамдар мен үлкен бәсеке бар. Ал, бәсеке бар жерде өсу, өркендеу бар. Сол себепті де болар, бұл шаһар жаңа жобалар мен жаңа бастамалар ордасы саналады. Жалынды жастардың мекені Астанамды туған күнімен құттықтаймын. Жаныма жақын жарқын қалам мен секілді бала болып келген қаншама жастарға есігін айқара ашып, олардың үлкен жолдарға шығуына себепкер болары сөзсіз. Астанама алғысым шексіз,- дейді Гүлімай Санақова. 

Жігерлі жастарымен нұрлана түскен Астана шаһарының келешегі бүтіндей бүгінгі ұрпақ қолында. Бұл қалада қалтқысыз қызмет жасап, ерінбей еңбек етіп жатқан әр жан осы бір әсем шаһарды өз қолымен жасауда. Сол қызмет жолында өзіміздің жерлестеріміздің болуы біз үшін мақтаныш, абырой. Еліміздің жігерлі, өнерлі, білімді жастары көп болсын.

Б.Жакешова



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?