taza-kaz

Астанам менің сүйікті


05.07.2023

Ақмоланы астана ету туралы шешім Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінде 1994  жылы 6-шілде күні қабылданғанын естіп, зиялы отбасымыз өз пікірлерін ортаға салып жатты. Бұл көріністі көрген күннен бастап бала көңілде жаңа астанамыз қалай болады деген ой келе бастады. Уақыт өте келе еліміздің астанасы көздің жауын алатын тарихи  орындар мен жаңа ғимараттарға толып, төл тарихымыздың жаңа беттерін құрады.

Аракідік БАҚ-нан астанамыз гүлденген әсем әдемі қалаға айналғанына тамсана қарап жүргенімде 2007 жылы ойда жоқта жұмыс бабымен іссапарға жол тарттым. Кейін тұрмыс құрып осы Астананың тұрғылықты тұрғынына айналдым. Әйтеуір болашағымды өзіңе байлаған болмыста бір тылсымның бары ақиқат. Қалада отбасыммен бірге қыдырып жүргенде, жүрегімде қуаныш сезімі лүпілдейді.

Елордамызда әлемдегі Лувр, Метрополитен музейлеріне дес бермейтін Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі бой көтеріп, сол мәдени ошақтың басы-қасында жүрдім. Елімізге мәшһүр тұлғаларымен танысып, әрі қазақтың құнды, асыл дүниелерін өз көзіммен көріп, білімім шыңдала түсті. Оның үстіне музейдің барлық құжаттары менің алдымнан өтіп, қазақ тілінің аудармашысы әрі сарапшысы болып бірнеше жыл бойы еңбек етіп, жұмысымды абыроймен атқардым. 2018 жылы мәдени мұрамыздың қастерлі орны Музеймен қимай қоштасып, ел мүддесі үшін Еуропа елшілігіне отбасымызбен  бірге кеттік. Ендігі мақсатым Еуропаның төскейіндегі музейлерді аралау болды. Брюссель, Париж, Амстердам, Берлин  қалаларындағы әлемге әйгілі музейлер де өздерінің тарихынан сыр шертіп, елге тарихи сипат беріп тұрғандай көрінді. Париждің Сена өзенін Лондонның қақ жарған Темзасын, Амстердамның Амстелін көргенде еркелеп аққан Есілім көз алдымда тұрды. Париж өзінің көркімен маған  ару қалам Астанамды есіме салғандай болды. Көне қала мен жаңа қаланы салыстыру ақылға симаса да, өз басым көптеген ұқсастықтар байқадым.

Ол жақта да салт-дәстүріміз бен өнерімізді паш етіп жүргенде шетелдіктердің тамсана қарап, қызығушылық танытып, сұрақтың астына алғандары да болды. Бірнеше жылдан кейін елге оралып, Ұлт келбеті Астанамызбен қайта қауыштық. Бас қаламыз одан бетер көркейіп, ажарлана түсіпті. Мамандығым оқытушы болғандықтан Астанамыздың болашағы жас жеткіншектер мен өскелең ұрпағымызға арнап білім ордасын ашуды жөн көрдім. 

Қазіргі таңда Астананың бүгінгі ажарын жастардың кескін-келбет, бет-бейнесі, өмір салты, армандарымен салыстыруға болады. Екеуіне де жастық жігер, албырттық, талпыныс, жаңаша ойлау еркіндігі, сұлулық пен сымбат тән. Астана – болашақтың қаласы, мәдениеттің ошағы, ғылым мен білімнің ордасы болып табылатын жас қала. Астанам, сен бізді қанаттандырдың, ойымызды өсіріп, білімімізді жетілдірдің. Жайнай бер, Алты Алашқа тәж қалам!

Мейіргүл Сабазова

 

Суретте: М.Сабазова жұмыс орнында.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?