
Оқиғалар
Айдарлар
Мерейтойыңмен, газетім!
Реформа өміршең өзгерістер
Балалар жылы
Елбасы
Халық санағы
Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл
COVID
Жолдауға - қолдау
Аудандық әкімдікте
Қазақстандықтар табыс жолында
Патриоттық тәрбие
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Мемлекеттік қызметтер
Құқықтық тәрбие
Ақпараттық топ жұмысы
Ардагерлерге - құрмет
Еңбек адамы
Деніңіз сау болсын
Тұрғындар назарына
Мектеп өмірінен
Ауыл хабарлары
АӨК және бизнес
Туган жер
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Biz birgemiz
Ресми
Кәсіпкерлікті дамыту
САЙЛАУ
Дін
Жемқорлықпен күрес
Референдум
Аудан жаңалықтары
Истории успеха
- Тағы
Ақжардың сыйлы азаматы
22.10.2022
Ақжар ауылының топырағынан көптеген елге танымал адамдар шыққан. Білікті дәрігерлер, ғалымдар, ұстаздар осы жердің киелі топырағында аунап, шаңын бұрқыратқан. Біз бүгін осы ауылдың тумасы, ұстаз, Бұқар жырау ауданының құрметті азаматы Қайролла Қабылтайұлы Мағзұмов туралы сөз қозғамақпыз.
Қайролла Қабылтайұлы соғыс аяқталғаннан кейін, 1947 жылы Ақжар ауылында өмірге келген. Әкесі Қабылтай Мағзұмов Ұлы Отан соғысында қарша бораған оттың астында жанқиярлықпен жауға қарсы шығып, Воронеж, Белград, Орел, Курск, Харьков қалалары үшін жанын шүберекке түйген.
Осы жолда жүріп екі рет жарақат алған майдангер Сарытау орта мектебінде математика пәнінен құйма құлақ балаларға білім нәрін сепкен екен.
«Әке көрген оқ жонар» демекші, баласы Қайролла Қабылтайұлы 1964 жылы Қарағанды педагогикалық институтын бітіреді. Қолына дипломын алып, туған ауылына келген жас маман 1969 жылы Сарытау мектебінде ұстаздықтың қыры мен сырын меңгеріп, алдында көздері жәудіреп отырған ақ қағаздай таза бүлдіршіндерге тәлім-тәрбие сіңіріп, ата-баба, ел мен жұрт тарихымен қанықтырады.
1984-2015 жылдардың аралығында зейнеткерлік демалысына шыққанынша Сарытау орта мектебінде директор болып қызмет етеді. Ұстаз мектепті қабылдағанда мектеп оқушыларының білімі төмен болған, ұстаздардың біліктілігінің арқасында білім сапасы жоғарылап, 80-86 пайызға жетеді. Ұлттық Бірыңғай тестілеуде шәкірттер білімдерін көрсетіп, «Алтын белгілерін» кеуделеріне тағатын деңгейге көтеріледі.
Қайролла Қабылтайұлы елдің баласына, олардың ата-анасына жаны ашыған, қайырымдылық көрсеткен жан. Еліміз егемендігін алған 1990 жылдары өзі қызмет еткен білім шаңырағында мектепті сақтап қалу үшін қыста жағуға қажет көмірді, су скважинасын, жылыту жүйесін өз қаражатына жасайды. Ата-анасымен бірге тұрғын қара шаңырақ үйін ақысыз мектепке берді. Қазір ол жерде ауылдың кішкентай балалары тәрбиеленіп жатыр. Біздің қазіргі өмірімізде көп кездесе бермейтін «жомарттық», «азаматтық» деген қасиеттерін жарқыратып көрсетті.
2000 жылы Сарытау орта мектебін ашуға көп еңбегін сіңірді. Қиын кезең болғандықтан, ауыл балалары оқуын жалғастыра алмай, үйлерінде қалып қойып жүргендіктен, орта мектеп ашып, жаңағы балаларды ары қарай оқуға тартты. Ұстаздарды білімдерін жетілдіру курстарына жіберіп, олардың жақсы бастамаларын үнемі қолдап жүрді. Қызметтік міндетіне жауапкершілікпен қарады. Орын алған жағдайларда тез шешім қабылдауының арқасында, мектепті биік дәрежеге көтерді.
- Ол жылдары қиын жылдар болды ғой. Тыным таппай жүгіріп жүріп, ауылға сым тартқызып, электр энергиясын жаққыздым. Тұрғындар осы жарықтың ақысын төлей алсын деп, әр атадан бір-бір адамды жұмысқа алдым. Міне, осындай еңбектің арқасында адамдар осынау мамыражай күнге жетті. Мектептің қамын ойлауды өзімнің міндетім деп түсіндім. Әрқашан мектепке келіп, ағалық кеңесімді беріп, бағыт-бағдар нұсқап отырдым. Мектептің тарлығына, екі маусымдық оқыту жүйесіне қатты алаңдадым. 200 шаршы метрді құрайтын әкемнің үйін мемлекетке тегін бердім. Сол кезде отбасымызды жұбайым, ұстаз Шайда Лұқпанқызының еңбекасымен асырадық, - дейді аға өткен жылдарға көз тастап.
Өзінің 2,5 миллион теңге қаражатына мектептің жылу жүйесін күрделі жөндеуден өткізген екен. Ақжар ауылының көркеюіне, мектебінің қиындықтарға тойтарыс беруіне үлесін қосқан жанның әр ісі сауапты, әрбір әрекетінде адамдарға деген жанашырлық, елдің ертеңі – оқушыларға, пәк жүректі балғындарға деген мейірім аңғарылады.
Қайролла ағаның осы еңбектерін бағалаған билік Ульянов аудандық Кеңесінің Ақжар сайлау округінен депутаты қылып сайлайды, «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағына ие болады. «Ыбырай Алтынсарин атындағы төс белгісімен», «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталады. 2008 жылы «Аудан ардақтылары», 2017 жылы «Қарағанды облысының ұлағатты ұстаздары» энциклопедияларына енеді. «Хабар» агенттігі ол кісі туралы «Судьба человека – судьба страны» атты деректі фильмін түсіреді. 2020 жылы «Еңбек жолы» конкурсының аудандық және облыстық кезеңінің супер жеңімпазы атанады. 2021 жылы Бұқар жырау ауданының «Құрметті азаматы» атағына ие болады.
Әкесі Мағзұмов Қабылтай соғыс ардагері, 40 жыл ұстаздық қызмет еткен, анасы Әмірова Шамшия Батыр ана, тыл ардагері, жұбайы Жапарова Шайда зейнетте, ол кісі де ұстаз, балалары Гүлмира Мағзұмова Астана қаласындағы «Қазтеміртранс» АҚ филиалының бас маманы, Назира Мағзұмова Қарағанды университетінде мұғалім, докторант, Жұмкенова Сәуле Керней орта мектебінде оқу ісінің меңгерушісі, ұстаз, Асқар Мағзұмов Сарытау орта мектебнің ұстазы, Мира Мағзұмова Астана қаласындағы «Халыққа қызмет көрсету орталығы» ММ директорының орынбасары, Айша Мағзұмова Астана қаласындағы «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ бухгалтері, Айбек Мағзұмов Қарағанды қаласындағы «Қазтеміртранс» АҚ филиалының диспетчері. Әулеттің жалпы ұстаздық еңбек өтілі – 240 жыл.
Міне, осындай адамдармен еліміз дамымақ, көркейіп, гүлденбек. «Еңбек – ердің атын шығарады» дейді халық даналығы. Зейнет жасыңыз мағыналы болсын, Қайролла Қабылтайұлы, зор денсаулық, ұзақ өмір тілейміз.
Қ.Ахметова
Д.Торжановтың суретінде: қос аққудай жарасқан ұстаздар.