taza-kaz

Ұлағатты ұстаз - ұлт мерейі


22.10.2022

«Тәрбие - тал бесіктен» дейді дана халқымыз. Ал бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімдерін сіңіруші адам – мұғалім. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз де бар саналы ғұмырын жас ұрпаққа үлгі боларлық игі істерге бағыттаған жан. Ол ұстаз атты ұлы мамандық жолында 42 жылдан астам қызмет еткен ел ағасы. Елеулі қызметі үшін ел алғысына бөленген, бедел биігіне көтерілген Серік Бәкішұлы Балпанов ағамыз. 

Серік Бәкішұлы 1953 жылы Үміткер ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Бәкіш зоотехник, қоймашы, анасы Зәбира үй шаруасындағы жандар. Таңның атысы, кештің батысы тынымсыз еңбек етіп, 7 баланы дүниеге әкеліп, олардың барлығына дерлік бірдей тәрбие мен білім беруге асыққан ата-анасының төккен тері бүгінде ақталған. Балаларының барлығы әке берген өнеге, ана берген тәрбиемен ел алғысына бөленіп отыр. Жастайынан алғырлығы, білімге деген құштарлығы кейіпкерімізді әрқашан да топ ішінен ерекшелеп тұрды.

Мектепті үздік тәмамдаған Серік ағамыздың ұстаздық жолын таңдауына әкесі себепкер көрінеді. Баласына тек жақсыны беруге тырысқан әке «Алты Алаштың игі жақсысы бас қосса, төрдегі орын ұстаздікі» деген Мағжан Жұмабаевтың сөзін қостап, осы жолға түсуіне бағыт-бағдар береді.

- Біздің балалық шағымызда үлкендер бата бергенде «балам, ұстаз бол!» деп айтатын. Себебі, қай кезеңде де мұғалім – мәртебелі мамандық болып саналады. Ұстаздық - ол барлық білім беру жүйесінің діңгегі, түп тамыры. Біздің отбасыдан бесеуіміз ұстаздық жолын таңдадық, - дейді Серік Балпанов.

Осылайша әкесінің берген ақылымен 1974 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің математика факультетін аяқтап, өзі білім алған ордасына ұстаздық жолын бастайды. Бесіктен шығып, есіктен аттаған балаларды білім нәрімен сусындатып қоймай, тәлім-тәрбие бере білген кейіпкеріміздің еңбегі бағаланып, ұстаздық жолы директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, оқу ісі жөніндегі орынбасары, ал 1999 жылдан аудан орталығындағы №1 қазақ тірек мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, 2002 жылдан бастап 2015 жылға дейін аталған мектеп директоры қызметіне дейін өседі. Серік аға 42 жылдық адал қызметінде басшымын деп асып, ұлағатты ұстазбын деп еңбегіне ақы сұраған жан емес. Қазақтың бас ақыны Абай айтқан бойындағы талап, еңбек, терең ойына қарай халқының сый-құрметіне бөленді. Адал еңбегі, абыройлы қызметі үшін «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері», «Ыбырай Алтынсарин атындағы» төс белгілерімен, көптеген Құрмет грамоталарымен, алғыс хаттармен марапатталды. Ал биылғы жылы Республика күні қарсаңында ауданымыздың «Құрметті азаматы» атағына ұсынылып отыр.

Серік Бәкішұлы самайын ақ шалып, 70 жасқа жақындаса да бір сәтке өзінің мамандығынан, Жаратушы дарытқан ұстаздық болмысынан ажыраған емес. Құрметті еңбек демалысында отырып та мектеп өмірінен хабардар болып, қолдан келген көмегін беруге даяр. 42 жылдық қызметінде шәкірттерінің бойына ұлттық тәрбиені сіңіре отырып, жоғары сапалы білім беруді көздеген кейіпкеріміз ұлт мүддесіне қызмет еткен, руханияттың кемелденуіне үлес қоса білген жан. Оның азаматтық, ұстаздық келбеті, тәжірибелігі, шәкірттеріне деген қамқорлығы, ұйымдастырушылық шеберлігі басшылық қызметінде көрінді.

Орыс жазушысы А.Чеховтың: «Адам бойындағы нәрселердің бәрі: жүзі мен киімі де, ішкі дүниесі мен ойы да бір-бірімен жарасып, тамаша болуға тиіс» деген қанатты сөзі бар. Осы айтылғандардың бәрі Серік Бәкішұлының бойында жарасымдылық тауып, көркем жан дүниесіне, болмыс, бітіміне, аппақ пейіліне қарап-ақ жас ұрпақ ой мен бой түзейді деп сенімді түрде айта аламыз. Кейіпкеріміздің жүзінен қарапайымдылық, кішіпейілділік, адамгершілік пен мейірімділік сынды жақсы қасиеттерді көреміз.

Өзін тәжірибелі мұғалімнен тәлім-тәрбие алған, ең бақытты ұстазбын деп есептейтін Серік Бәкішұлы:

- Біздің кезімізде ұстаздар бар дүниені қолдан жасап, қолмен жазатын еді. Күнінің тең жартысынан көбін мектепте өткізетін. Маған білім берген ұстаздарды еш уақытта ұмытқан емеспін. Х.Ысқақов, Қ.Әбетов, Н.Балабекова, С.Сабирова, Ы.Хамитов, Ғ.Бақтияров, К.Айнашев - осы қатар бастаған білікті ұстаздардан білім алдым, - дейді.

Осы тұста ағылшын ағартушысы Уильям Уордтың мына сөзі ойға келеді: «Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады». Шәкірттеріне білім беріп қана қоймай, олардың білімге деген құштарлығын оятып, өмір атты айдыннан өз орындарын табуға жетелеген Серік Бәкішұлының есімін әріптестері мен шәкірттері ыстық ықыласпен айтып, әрдайым өз құрметтерін көрсетіп келеді. Мектеп ішінде туындайтын мәселелерде кейіпкерімізбен кеңесіп, ақыл-кеңесіне құлақ түреді. Бұл құрмет ол үшін барлық атақтан да жоғары мәртебе.

Ұлағатты мамандығын адамдығымен ұштастыра білген Серік ағамыз ел баласын тәрбиелей жүріп, өз балаларын да қатардан қалдырмай өсіріп, бүгінде жары Салтанат апамыз екеуі олардың әрбір жеңісіне марқайып, мақтанып отырған бақытты ата-әже. Үй шаруашылығы, бала тәрбиесінен бөлек өзінің есепші қызметін абыроймен алып жүре білген Салтанат апамыз Үміткер ауылында, кейін Бұқар жырау аудандық әкімдігінде есепші қызметінен құрметті зейнет демалысына шыққан. Балалары Мейірхан мен Рамазаны кәсіпкерлік жолын таңдаса, қызы Мақпал мен ұлы Дархан ғылым жолында, сүт кенжесі Қаныш мемлекеттік қызметкер.

Қазақ баласының санасына білім мен тәрбиенің нәрін құйып, келешегіміздің кемел ұрпағын қалыптастырушы кейіпкеріміз ең жоғары алғыс пен марапатқа лайық екендігі сөзсіз. Кәсіби білікті, нағыз ұлтжанды ұстаз ретінде намысшыл ұрпақ, білімді оқушы тәрбиелеген Серік Бәкішұлы нағыз мемлекетшіл тұлға. Оның қолынан нағыз елін, жерін сүйген азамат пен азаматшалар қанаттанып ұшты. Бүгінгі күні шәкірттері ұстаз берген өнегелі жолды жалғап, еліне абыройлы қызмет атқарып келеді. Сол себепті де Серік Бәкішұлы Балпановтың ауданның қоғамдық, мәдени өмірі мен әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі зор деп білеміз.

Б.Жакешова

Суретте: С.Балпанов жұбайы мен немерелерімен.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?