taza-kaz

Қуанышқа кенелді


26.11.2024

Өткен аптада ақбелдік тұрғындар баспаналы болып, үлкен қуанышқа кенелді. Баспаналы болғандардың қатарында әлеуметтік осал топтағы және көпбалалы отбасылар санатында кезекте тұрған азаматтар бар.

 

Ақбел ауылдық округінің әкімі С.Мырзабеков пен аудандық тұрғын үй қатынастары мен тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы А.Искакова баспана иелеріне үй кілттерін арнайы табыстап, тұрғындарды қоныс тойларымен құттықтады.

Қараша айының 18-і күні ақбелдік тұрғындар үшін қуанышқа толы күн болды. Әлеуметтік осал топтағы және көпбалалы отбасылар санатында кезекте тұрған Г.Әуеспекова, А.Шаймағанбетова, М.Сайкенова, М.Алданғорова жалпы ауданы 80 шаршы метрді құрайтын жаңадан бой көтерген баспананың иесі атанды. Қолдарына жаңа баспаналарының кілтін алған қоныс той иелері үйлеріне кіріп, қуанып, мәре-сәре болды. Әкімдік тарапынан қуаныш иелеріне сыйлықтар тапсырылды.

Ақбел ауылының төрінен бой көтерген 4 шаңырақ алыстан көзге түседі. Бұл үйлер ауыл тұрғындары үшін заманауи үлгіде салынды. Әр үйде үш бөлме және жуынатын бөлме бар.

Жаңа баспанаға ие болған Г.Әуеспекованың ағасы туғанын қуанышымен құттықтауға келіп, ізгі тілегін білдірді.

– Пәтер бала кезінен мүгедек қарындасыма бұйырды. Бұл біздің отбасымыз үшін үлкен бақыт. Енді оның өз баспанасы бар. Бұл қолдау үшін мемлекетке рахмет! – деді Ғ.Әуеспеков.

Бұл күні тағы бір қуанышқа кенелген отбасы, көп балалы ана М.Сайкенова өзінің ішкі қуаныш сезімдерімен бөлісті.

 

– Мен кезекте жеті жыл тұрдым. Бүгін үмітім ақталды. Қазір өз үйіміз бар екеніне өте қуаныштымыз. Кең бөлмелер, барлығы дайын, тіпті жуынатын бөлме де үйдің ішінде. Бұл көпбалалы анаға үлкен көмек, - деді.

Иелеріне табысталған тұрғын үйлердің құрылысын «Самұрық-Қазына Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ қаржыландырды. Дәл осындай үйлер Ботақара кентінде, сондай-ақ Үміткер және Жаңақала ауылдарында салынып, кілттері берілді. Жыл соңына дейін Көкпекті ауылы мен Ботақара кентінде әр ауылда 10 жанұядан тағы 20 отбасына кілттерді тапсыру жоспарланып отыр.

Жаңа баспанаға ие болып, қуанышқа кенеліп отырған жандардың шаңырақтары шаттық пен бақытқа толы болсын!

Б.Жакешова



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?