taza-kaz

Жастардың игілігіне


30.10.2024

Республика күні қарсаңында Үштөбе ауылында көпфункционалды хоккей кортының ашылу салтанаты өтті. Спортшыларымыздың игілігіне табысталған корттың ашылуына арналып, футболдан жарыс ұйымдастырылды.

 

Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің қарамағындағы корттың салуына 11,8 млн қаржы жұмсалды. Көпфункционалды кортта қыста хоккейшілерге арналған мұз айдыны құйылады, ал жылы мезгілде жастар футбол, баскетбол, волейболдан ойын ойнай алады.

Мемлекетіміздің ертеңі саналатын жастарымыздың денсаулығын жақсарту, мектеп оқушыларын салауатты өмір салтын ұстануға, соның ішінде спортпен шұғылдануға баулу мақсатымен бой көтерген көпфункционалды хоккей корты мереке аясында ел игілігіне ұсынылып қана қоймай, алғашқы жарысын өткізіп үлгерді. Жастардың игілігіне табысталған корттың лентасын қию құрметі Үштөбе аулдық округінің әкімі Әлем Көпбаева мен спорт ардагері Серғазы Бакеевке берілді.

Көпфункционалды хоккей кортының ашылу салтанатында сөз алған Үштөбе ауылдық округінің әкімі Әлем Көпбаева ауыл жұртшылығын құттықтап, спортшыларға сәттілік тіледі.

- Дені сау ұрпақ ертеңгі мемлекет саулығының кепілі. Жастарымыздың белсенді өмір салтын ұстанып, бос уақыттарын спортқа арнап, ел мерейін үстем етер жетістіктерге жетуіне ашылып отырған жаңа кортымыз септігін тигізеді деген үміттеміз, - деген Әлем Көпбаева ауыл тұрғындары мен жастарды көпфункционалды кортқа нұқсан келтірмей, көздің қарашығындай сақтап, пайдалануға шақырды.

 

Салтантты ашылудан кейін 6,7,8 сынып оқушылары арасында футболдан жарыс өтті. Жарысқа Үштөбе тірек мектебінің, Заречный, Ақжар, С.Елгезеков атындағы орта мектептерінің оқушыларынан құралған командалар қатысты. Ала допты өздеріне серік еткен жас спортшыларымыз өнерлерін ортаға салып, тартысты ойын көрсетті.

Ойын қорытындысы бойынша Үштөбе тірек мектебінің 8 сынып оқушыларынан құралған команда 1 орынды, осы білім ордасының 6-7 сынып оқушыларының командасы 2 орынды, С.Елгезек атындағы орта мектеп оқушыларының командасы 3 орынды иеленді. Жеңімпаздарға грамоталар, медальдар мен кубоктар табысталды.

 

Бос уақытты тиімді өткізуге, спорт түрімен айналысуға мүмкіндік алған үштөбелік жастарымыздың қатарынан әлемдік деңгейге жетер спортшылар шықсын дейміз.

 



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?