taza-kaz

Мереке қарсаңындағы қуаныш


30.12.2023

Желтоқсан айының 27-жұлдызында аудан әкімдігінің мәжіліс залында ауданымыздың аз қамтылған отбасылары, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға Ботақара кентінде салынған пәтерлердің кілттері салтанатты жағдайда табысталды. Ауданымыздың әкімі Абылай Сұлтанғали жиналғандарды Жаңа жылмен құттықтады.

- «Үйі бардың – күйі бар» дейді. Жаңа жыл қарсаңында сіздерге жаңадан салынған пәтерлердің кілттерін тапсырмақпыз. Жаңа жылда алдымызға жоспар құрып жатамыз. Осы үйлеріңізде алдағы өмірлеріңізге жоспар құрыңыздар, үйлеріңіз кішкентайлардың күлкісінен, үлкендердің ақ батасынан арылмасын, үйлеріңізден шаттық кетпесін, - деді.

Аудандық мәслихат төрағасы Асхат Әли:

- Баршаңызды Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. Жаңа үйлерде жаңа табыстарға жетіңіздер. Тек жақсылықтар тілеймін. Баспаналы болу деген әрине, қуанышты оқиға. Балаларыңыз Жаңа жылда жаңа белестер бағындырсын. Жаңа шаңырақтарыңыздан  қуанышты хабарлар естиік, баспаналарыңыз құтты болсын, - деген тілегін жеткізді.

Онан соң пәтер кілттерін тапсыру сәті де басталып кетті. Ауданымыздың бірінші басшысының қолынан баспаналарының кілттерін алған әрбір адамның жүзінен қуаныш сезімін байқадық.

Осы күні кезекте тұрған тұрғындарға төрт он екі пәтерлік баспаналар тапсырылды. Баспаналардың іші жылы да жарық, аналар мен әжелер қуаныштан толқып, пәтерге кірген адамдарға шашу шашып жатты.

Бұл пәтерлер «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған. Мердігер - «Астана-Көктем С» ЖШС.

М.Әуезов көшесінің 4Д үйінен 12 адам пәтер кілттерін алды. Төле би көшесі 14 үйден 12 адам, 15 үйден 12 адам, 16 үйден 12 адам пәтерлерін қолдарындағы кілттерімен ашып, қуанышқа бөленіп жатты. Онан соң аудан әкімі А.Сұлтанғали, кентіміздің әкімі Асқар Отыншиев, т.б. пәтерлерді аралап, ақ тілектерін жеткізіп, баспана иелеріне  құтты болсын айтты.

Осы үйден екі пәтер кілтін алған Екатерина Батырбековамен сұхбат құрдық:

- Мен осы кенттің тұрғынымын. Екі немеремнің қамқоршысымын. Кезекте үш жыл тұрдық. Никита және Катя деген немеремнің екеуіне де пәтер берілді. Осыған қатты қуанып тұрмын. Мемлекетіміздің аз қамтылған адамдарға,  ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға деген қамқорлығына ризамын, - деп ағынан жарылды. 

Әсел Карбаева жалғыз басты ана ретінде өзінің пәтеріне қол жеткізгеніне өте қуанышты.

-Мен аудандық білім бөлімінде материалдық бухгалтер болып қызмет етемін. Жаңа жыл қарсаңында осындай кең үйді табыстап отырғандарыңызға, жастарға қамқорлық көрсеткендеріңіз үшін алғысымды айтамын, - деді.

Аудан басшылығы әрбір үйдің салыну сапасын қарап, мердігердің назарына салды. Салынған пәтерлер үш жыл бойына мердігердің бақылауында болады, осы аралықта орын алған кемшіліктерді ол өзі жөндеп беретін болады. 

Пәтер кілттерін алған отбасылар тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы А.Искакованың, бас маман Г.Нұрахметованың аттарына ризашылықтарын білдірді.

Қ.Ахметова

Д.Торжановтың суреттерінде: А.Сұлтанғали, Н.Жүнісова; Ә.Карбаева жаңа үйінде.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?