taza-kaz

Спортшылар жазғы спартакиадаға жиналды


29.07.2017

“Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс. Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса - ол елдің еңсесі де биік болады” деген болатын Елбасымыз.

Расында, денсаулықтың адамның өмірінде алатын маңызы өте зор. Көп қозғалыс, қанның айналымы, салауатты өмір салты - адамның өз өмірін жарқын сүруіне әсер етеді. Таза су, таза ауа, табиғи тағамдар адамның ағзасына жақсы әсер етіп, оның өз жұмыс орнында жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуіне оң ықпалын тигізеді.

Ата-бабаларымыз жаз жайлауда ақтан жасалған тағамдарды пайдаланып, үнемі қимыл-қозғалыста болған. Атқа мініп, таза ауада бар шаруасын атқарған. Осындай қимыл қозғалыстың арқасында олар барлық ауруға қарсы тұрып, өмірге дені сау ұрпақ әкелген.

Жылдар өтті. Енді біздің балаларымызға экологияның ластануы, қимыл-қозғалыстың аздығы, таза ауада көп жүрмеу үлкен қатер төндіріп отыр.

Бұқар жырау ауданында дене шынықтыру мен спорт жақсы жолға қойылған. Осы салада қызмет атқарып жатқан азаматтар жыл он екі ай балаларды спортқа баулып, шәкірттері облыстық, республикалық додаларда биіктерді бағындырып жүр. Алда атқарылар шаралар - қыруар, сол жолда спорт мектебі талмай еңбектене, іздене береді. Денсаулық - байлықтан қымбат. Адам денесінің жетілуі - оның денінің саулығының белгісі. Егер денің сау болса, оны сақтап, тұрақты түрде дене қозғалысын жасап, суық тигізбеудің барлық амалдарын қарастыру керек.

Елімізді дамытуға білімді де дені сау ұрпақ қажет. Ағзасы жылдың қай мезгілінде болмасын төзімді, жылыға да, суыққа да шыныққан жас өскіннің еліне берері көп. Аурудың алдын алуға бағытталған мекемелер өз тараптарынан жұмыс жоспарларын жасап, олар бойынша оқыту, жаттығу жұмыстарын жүргізуде.

Шілде айының 21-жұлдызында Ботақара кентіндегі “Сары-Арқа” стадионында дүбірге толы шара өтті. Айта кету керек, спорт ошағы күрделі жөндеуден өткен, алыстан көз тартады. Жанкүйерлер отыратын орындықтар жаңартылып, қонақтар отыратын орын бөлек орналастырылған. Жаздың жылы самалы бетіңді аймалап, төменде өтіп жатқан сайысқа қиқулап, дем беруге аудан орталығының үлкені мен кішісі келген.

Спартакиадаға ауданымыздың аумағынан 16 команда жиналды. Жазғы спорттық бәсекенің ашылу салтанатында сайыскер командалар сап түзеп, көрермендер алдына тұра қалды. Әр команда басшысының қолында тұрғылықты жерінің аты жазылған тақтайша бар. Өздерімен бірге келген жолбасшылары спортшыларды қиқулап, қолдарын бұлғап, шапалақтап, қолдауда.

Мемлекеттік әнұранымыз орындалып, сайыскерлер көк байрағымызға бұрылып, қолдарын жүректеріне қойып, әнұран сөздеріне қосылды.

Ашылу салтанатында жиналғандарға арналған сөзінде аудан әкімінің орынбасары А.Ақпанова:

- Баршаңызды біздің ауданымызда өтетін жазғы спартакиаданың ашылуымен құттықтаймын. Спорт - біздің өміріміздің ажырамас бөлшегі. Осында жиналған жастарға өздерін өмірде пайдалы азаматтар етіп жүзеге асыруды тілеймін. Алға қойған мақсаттарыңызға ниеттеріңіз болса, онда оған сөзсіз қол жеткізесіздер. Алдағы облыстық спартакиаданы жоғары деңгейде өткізейік. Спортты дамыту үшін бөлінген 16 млн. теңгеге 10 спорт ғимараты ағымдағы, толық жөндеуден өтті. Сонымен бірге жаттығуларға қажетті спорттық құрал-жабдықтар сатып алынды. Құрметті спортшылар және спорт саласының ардагерлері! Бүгінгі таң - спорттың мерекесі, шынайы күрестің, таза жеңістің мерекесі. Жеңістен жеңіске жете беріңіздер,-деді.

Бұқар жырау аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы О.Цыганков та дені сау ұлт қалыптастыру үшін бәсекеге қабілетті болу керек, ол үшін спортқа көңіл бөлу керек деген сөздерімен мереке шымылдығы ашылды.

“Сары-Арқа” аудандық спартакиадасына аудан төңірегінен 16 команда қатысты.Сайыс спорттың мына түрлерінен өтті. Шағын футбол, ерлер және әйелдер волейболы, ерлер және әйелдер шахматы, ерлер және әйелдер шашкиі, ерлер және әйелдер үстел теннисі, ерлер және әйелдер тоғызқұмалағы, 70 кг, 80, 80-нен жоғары салмақта армрестлинг - қол күрес.

Сонымен, біршама уақытқа созылған сайыстар нәтижесі мынандай болды. Шағын футболдан 3-орынды Ботақара кенті (1 топ), 2 орынды тағы да Ботақара кенті (3 топ), 1 орынды Байқадам ауылы еншілесе, әйелдер арасында волейболдан өткен сайыста 3 орынды Ботақара кенті (2 топ), 2 орынды Жаңаталап ауылы, 1 орынды Ботақара кенті (1 топ), ерлер арасында 3 орынды Тоғызқұдық ауылы, 2 орынды Шешенқара ауылы, 1 орынды Петровка ауылы спортшылары қанжығаларына байлады.

Ойдың ұшқырлығын қажет ететін шахматтан 3 орынды М.Амангелдина, 2 орынды В.Попова, 1 орынды Тоғызқұдық ауылынан Ботакөз Сәрсенбай олжалады. Ерлер арасындағы шахматтан 3 орынды Белағаш ауылынан В.Крохмаль, 2 орынды Ботақара кентінен Ж.Жамбосов, 1 орынды А.Попов иеленді. Шашкиден ерлер арасында 3 орынды Тілеухан Аманбек Нұра станциясынан, 2 орынды Т.Амангелдин Жаңаталап ауылынан, 1 орынды Ботақара кентінен Т.Шүлембаев, әйелдер арасында 3 орынды А.Блудчая, 2 орынды А.Сайдалина - екеуі де Белағаш ауылынан, 1-орынды А.Түспекова Қарақұдық ауылынан місе тұтты.

Үстел теннисінен әйелдер арасында 2 орынды С.Қуатова, 1 орынды Аманбек Мөлдір - екеуі де Ботақара кентінен, ерлер арасында 3 және 1 орынды екеуі де Ботақара кентінен - А.Санаубаров және Қ.Асқаров, 2 орынды Көкпекті ауылынан М.Жолдасбаев еншіледі.

Әйелдер арасында тоғызқұмалақ ойыны бойынша 3 орынды Э.Сағиева Белағаш ауылынан, 2 орынды Д.Сейітова, 1 орынды Н.Әбікеева - екуі де Ботақара кентінен олжалады.

Ерлер арасындағы тоғызқұмалақтан 3 орынды Ғ.Мұстафин кентінен Д.Бақыт, 2 орынды А.Дүйсебаев, 1 орынды Е.Құрманғалиев - екеуі де Ботақара кентінен иеленді.

Армрестлинг - қол күрестен 70 кг салмақ бойынша 3 орынды Д.Бақыт Ғ.Мұстафин кентінен, 2 орынды А.Посохов Петровка ауылынан, 1 орынды С.Сапаров Көкпекті ауылынан еншіледі.

80 кг салмақ бойынша 3 орынды Э.Рахымжанов Ботақара кентінен, 2 орынды М.Балтабеков Көкпекті ауылынан, 1 орынды А.Дребант Көкпекті ауылынан иеленді.

80 кг-нан жоғары салмақта 3-орынды А.Құдабаев Ғ.Мұстафин кентінен, 2 орынды Көкпекті ауылынан Жақсыжол Жәнібек, 1 орынды В.Кисилев Петровка ауылынан қанжығаларына байлап, ауылдарына үлкен қуанышпен қайтты.

Келесі күні ипподромда аударыспақ және көкпар тартудан сайыс өтті. Ауданымыздың сері жігіттері бұл жарыста да аянып қалмады, бар күштерін салды. Облыстық спартакиадаға іріктеу сайысынан алдыңғы қатардан көрінген бұл жігіттеріміз ауданымыздың намысын қорғауға өздерінің де, сәйгүліктерінің де дайын екендіктерін көрсетті

Жеке біріншілікте жүлдегерлер алған орындарының дәрежесіне сәйкес медальдар және грамоталармен, командалар кубоктар, медальдар және грамоталармен марапатталды.

Бұл спартакиадада күшті спортшылар іріктеліп алынып, тамыз айындағы спартакиадаға қатыстырылмақ. Спортшыларымыздан алда үлкен жетістіктер күтеміз.

Қ.Ахметова

Д.Торжановтың суреттерінде: сайыскерлер ішінде мемлекеттік қызметкерлер көп болды; Ботақара кентінің жас волейболшылар командасы; тоғызқұмалақ - байқампаздық пен сақтықты қажет ететін ойын; қазақ күресімен өзге ұлттар да айналысады; петровкалық спорт жұлдызы; көкпар тарту сәтінде.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?