taza-kaz

Мемлекеттік қызметшілер спорт алаңында


01.07.2017

Маусым айындағы мерекелердің қатарында шоқтығы биік мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мейрамы аталып өтіледі. Тікелей ел басқару ісіне өзіндік үлесін қосатын мемлекеттік қызметшілер мереке құрметіне бір сәт қағаз жұмыстарынан бой сергітіп, әдеттегідей өздерін спортшы қырынан танытты.
Бірнеше жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан мемлекеттік қызметшілер арасындағы спорттық спартакиада биылғы жылы маусымның 26-сы күні «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің құрметіне «Сары-Арқа» спорт кешенінде өткізілді. 7 бірдей спорт түрінен бақ сынасқан мемлекеттік қызметшілер қатарында ауылдық округ әкімдерінің аппараты, мекемелер мен ұйымдардың мамандары бақ сынасты.
Мемлекеттік ел басқару, жергілікті жерлердегі саясатты жүргізу ісімен қатар, белсенді азаматтық ұстанымымен танылған үштөбелік А.Күлкебаева, көкпектілік С.Сапаров, қаражарлық А.Құлмағамбетов, Бұқар жырау кенті әкімі аппаратының мини футболдан тұрақты команда ойыншылары да ойынның басталуын асыға күтті. Ақтөбе, Новоузенка, Белағаш, Дубовка, Ботақара ауылдары мен Ботақара кенті әкімінің орынбасары өздері бастап, командаларын алдын-ала жасақтап, бес қаруы түгел келген. Ал, өзі денсаулығына байланысты спорттық формада болмаса да, Тұзды ауылдық округінің әкімі С.Бекжанова аппарат қызметкерлеріне қызу қолдау көрсетіп, жанкүйер бола келіпті.
- Мерекеміз қарсаңында ұжым болып, бірлігімізді шыңдасақ, бір-бірімізге қолдау көрсете білсек, сол дұрыс емес пе!? - дейді С.Бекжанова.
Спартакиадаға қатысушылардың салтанатты сап түзеуін қарсы алған аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы О.Цыганков ойыншыларға сәттілік тілеп, спорттық ойындардың өтетін орындарын, ережелерін түсіндірді.
- Ең бастысы командалық рухпен есте қаларлық ойын көрсету. Командалардың құрамы шағын болғандықтан, бір адам бірнеше спорт түрінен қатыса алады, - деді.
Мини футбол, волейбол, армрестлинг, президенттік көпсайыс стадион алаңында, шахмат, дойбы және үстел теннисі Гагарин орта мектебінде ұйымдастырылды.
Көтеріңкі көңіл-күймен біркелкі форма киген Ботақара футбол командасы ауа райының ыстықтығына қарамастан, жарқын өнер көрсетуге барын салды. Ысыған күннің астында тартысты өнер көрсеткен футболшылар арасында Бұқар жырау ауданы әкімі аппараты командасының бағы шауып, жүлделі бірінші орынды қанжығаларына байлады. Ал, Дубовка, Доскей, Новоузенка, Белағаш, Қушоқы ауылдарынан біріккен құрама команда екінші орынға табан тіресе, үшінші орыннан Қаражар, Жаңаталап, Центральный, Ақтөбе ауылдарының спортшылары табылды.
Жақын қашықтыққа жүгіріп, граната лақтырып, бірнеше сынақтан сүрінбей өткендер ғана көпсайыстың жеңімпазы атағына лайық деп танылды. 16 адам қатысқан көпсайыс спорты ерлер мен әйелдер арасында 35-жасқа дейінгі және кейінгі деп бөлініп өтті. Нәтижесінде 35 жасқа дейін ерлер арасында Қ.Айжігітов үшінші, Қ.Кашкимбаев екінші, А.Өмірзақов бірінші орынды, әйелдер арасында атаулы жас категориясында Л.Жамбирбаева үшінші, З.Түсіпова екінші және Н.Алимбаева бірінші орынды иеленді. 35-жастан жоғары ерлер арасында Б.Қазатай, А.Купенов, М.Аукенов, әйелдер арасында Д.Құдабаева, С.Кенжекеева, Д.Әбілдина жүлделі орындарды қанжығаларына байлады.
Сайыстардың ішінде тартысты өткені қол күрес – армрестлинг сайысы болды. Әр команда өз әріптестеріне қолдау көрсетіп, ұрандатып, жанкүйерлік танытып жатты. 80-келіге дейін ерлер арасында қол күрестен қаражарлық А.Құлмағамбетов, Ботақара кентінен С.Бекенбаев, көкпектілік чемпионымыз С.Сапаров топ жарса, 80-келіден жоғары салмақта А.Аяпбергенов үздік деп танылды. Нәзік жанды деген аттары болса да қушоқылық Н.Абдросимова, И.Оспанова қол күрестен ешкімге дес бермей, тек қана М.Қабылғаниеваға есе жіберіп, екінші-үшінші орынды иеленді.
Жалпы 18 ауылдық және кенттік округтерден 125 спортшы қатысқан сайыс өз деңгейінде, қатысушылар үшін тартысты өте шықты. Әйелдер арасында өткен волейбол ойынынан екі команда ғана қатысқанына қарамастан, бірінші орынды Бұқар жырау ауданы әкімі аппаратының командасы иеленсе, екінші орынды Тоғызқұдық, Тұзды, Қушоқы, Қаражар округтерінің құрама командасы місе тұтты.
Сайыстардың ішінде ең көп адам қатысып, тартысты өткені дойбы болды. Әйелдер арасында чемпион атағына 10 адам таласса, ерлер арасында 6 адам бақ сынады. Бұл тұста белағаштық қызметкерлер, белсенділік пен тапқырлық танытқан А.Молдақашева мен А.Сайдалина екінші-үшінші орындарға, З.Түсіпова бірінші орынға табан тіреді. Зияткерлік ойындардың ішінде ең тартыстысы деп есептелетін дойбыдан ерлер арасында К.Кәмәл, армрестлингтен бас жүлдені иеленген көкпектілік С.Сапаров, ботақаралық А.Айсанов жүлделі орындарды өзара бөлісті.
Бір қызығы, спартакиадада шахмат ерлер ойыны екендігі анықталды. Шахматтан бақ сынаймын деген нәзік жандылар табылмағандықтан, 6 адамның қатысуымен өткен шахмат партиясында Ботақара ауылының әкімі С.Тышқамбаев бастаған азаматтар тапқыр да ұтымды әдістерді қолданды. Нәтижесінде К.Кәмәл үшінші, Ботақара ауылының қос тұрғыны Е.Амиров пен С.Тышқамбаев екінші және бірінші орындарды қанжығаларына байлады.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, бір адамның бірнеше спорт түрінен бағын сынауға мүмкіндік берілгендіктен, қай қырынан алса да спортқа бейім азаматтар бірде армрестлингтен, енді бірде дойбыдан, тіпті шахмат пен үстел теннисінен қатар жетістікке жетіп жатты. Солардың бірі Ботақара ауылынан келген Е.Амиров шахматтан екінші орынды иеленгеніне қарамастан, үстел теннисінен алдына жан салмай, бірінші орынды иеленді. Ерлер арасындағы үстел теннисінен қол күресші С.Бекенбаев екінші орынды, Т.Елубаев үшінші орынды қанағат тұтты.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, жыл сайынғы спорттық ойындарда өзін жоғары жақтан көрсетіп жүретін А.Күлкебаева да бұл жолы тұғырынан таймай, үстел теннисінен бірінші орынды, Л.Мақажанова екінші орынды және Г.Маханова үшінші орынды иеленді.
Спортпен айналысып, мектеп қабырғасындағы, балалық шақтарындағы түрлі қызығушылықтарын еске алған қатысушылар көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты. Тартысты ойындардың нәтижесінде жалпыкомандалық есепте белсенді Белағаш ауылдық округі үшінші орынды, Ботақара ауылы екінші орынды және аудан әкімі аппараты бірінші орынды иеленді.
Түстен кейінгі сағат үштерде басталған спорттық ойындар төрт сағатқа созылып, соңында маңыздысы жеңіс емес, командалық рух, кәсіби тұтастық деген қорытынды жасалды.
Ал, жеңімпаз спортшыларды маусымның 27-сі күні мемлекеттік қызметшілердің мейрамына арналған салтанатты жиында аудан әкімінің орынбасары Руслан Нұрмұханбетов арнайы кубок, медаль және ақшалай сыйлықпен марапаттап, ізгі тілегін арнап, еңбекте жаңаша серпін тіледі.
Н.Әбікеева
Д.Торжановтың суреттерінде: мемлекеттік қызметшілер ойын алаңында; Р.Нұрмұханбетов марапат иелерімен.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?