Оқиғалар
Айдарлар
Мерейтойыңмен, газетім!
Реформа өміршең өзгерістер
Балалар жылы
Елбасы
Халық санағы
Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл
COVID
Жолдауға - қолдау
Аудандық әкімдікте
Қазақстандықтар табыс жолында
Патриоттық тәрбие
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Мемлекеттік қызметтер
Құқықтық тәрбие
Ақпараттық топ жұмысы
Ардагерлерге - құрмет
Еңбек адамы
Деніңіз сау болсын
Тұрғындар назарына
Мектеп өмірінен
Ауыл хабарлары
АӨК және бизнес
Туган жер
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Biz birgemiz
Ресми
Кәсіпкерлікті дамыту
САЙЛАУ
Дін
Жемқорлықпен күрес
Референдум
Аудан жаңалықтары
Истории успеха- Тағы
Алаңда айбынды, додада жеңісті футболшылар
03.09.2026
Футбол – тек доп қуып, қақпаға гол соғу емес. Ол – командалық рух, табандылық, тәртіп пен жеңіске деген жігер. Осы қасиеттерді бойына сіңірген Доскей ауылының жас футболшылары биылғы «Аула футболы» лигасында тамаша нәтиже көрсетіп, ауыл мерейін үстем етті.
Шілде айында Әлихан Бөкейхан ауданында өткен «Аула футболы» лигасы – 2026 жарысына 2008-2010, 2011-2013 және 2014-2015 жылдары туған жасөспірімдер арасында футболдан жарыс өтті. Аяқдоп шеберлерінің додасына 140 команда қатысты. Мыңдаған жас футболшы бас қосқан тартысты додада үздіктер іріктелді. Басты жүлде кубок, ақшалай сертификат та емес, алдағы супер финал ойынына жолдама болды.
Осы додаға Доскей футболшыларынан құралған үлкен, орта және кіші топтың үш командасы қатысты. Ойын қорытындысы бойынша «Jas Batyr» кіші мен «Алаш» орта командалары өз топтарында қарсыластарынан озып, 1-орынға ие болып, супер финалға жолдама алды. Әр командада 8 ойыншыдан өнер көрсетті.
Тамыз айында өткен супер финалда аудандық кезеңнің үздіктері Қарағанды қаласы бойынша жеңімпаздармен күш сынасты. Жас футболшылар соңына дейін берілмей, алаңда шеберлік пен жігердің үлгісін көрсетті.
Нәтижесінде кіші топтағы «Jas Batyr» командасы жүлделі IІ орынға ие болып, 200 мың теңге ақшалай сыйлықты қанжығасына байлады. Ал орта топтағы «Алаш» командасы қарсыластарынан басым түсіп, I орынға лайық деп танылды. Жеңімпаз командаға 250 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталды.
Доскейлік футболшылардың жеке шеберлігі де назардан тыс қалмады. Үш жас спортшы арнайы аталымдар бойынша үздік деп танылды. Сұңғат Рымтаев – «Үздік қақпашы», Хабиболла Асанәлі – «Үздік шабуылшы», Григорий Галета – «Үздік қорғаушы» атанды.
Алда жас футболшыларды жаңа сын күтіп тұр. Жаттықтырушы Саид Ахметовтің айтуынша, команда алдағы бірінші тоқсандық демалыс кезінде Ташкент қаласында өтетін жарысқа қатыспақ. Қазір жас спортшылардың жарысқа баруына қолдау көрсететін демеушілер іздестірілуде.
– Алдағы бірінші тоқсандық демалыс кезінде Ташкент қаласына жарысқа аттанамыз. Қазір дайындық қарқынды жүріп жатыр. Балалардың жарысқа баруына демеушілердің қолдауы қажет. Бүгінде олардың әр жарысқа қатысуына ата-аналары қолдан келгенше қаржылай және басқа да көмек көрсетіп келеді, – дейді жаттықтырушы С.Ахметов.
Бұл – бір күндік жеңіс емес, жүйелі жаттығу мен маңдай тердің жемісі. Доп соңынан жүгіріп, әр жаттығуда шеберлігін шыңдап жүрген жасөспірімдердің еңбегі осындай үлкен додада өз нәтижесін берді. Доскейдің жас футболшылары алаңда өз шеберлігін көрсетіп қана қоймай, туған ауылдың абыройын асқақтатуға лайық екенін дәлелдеп келеді.
Бәлкім, бүгін Доскейдің қарапайым ауыл алаңында жаттығып жүрген осы балалардың арасынан ертең Дастан Сәтбаевтің ізін жалғайтын, ел намысын қорғайтын чемпиондар шығар. Өйткені үлкен жеңістердің бастауы көбіне туған ауылдың топырағынан, шағын алаңнан басталады.
Жас таланттың жолын ашу – ел болашағына жасалған инвестиция. Сондықтан болашақ чемпиондарға қолдау көрсетіп, олардың Ташкенттегі жарысқа қатысуына өз үлесін қосқысы келетін демеушілерді игі бастамаға атсалысуға шақырамыз.
Б.Жакешова





