taza-kaz

Інжу Сайран – ел чемпионы!


20.08.2026

10–13 тамыз күндері Ақтау қаласында 2011–2012 жылы туған жасөспірімдер арасында кураш күресінен Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Республикалық деңгейдегі дүбірлі додаға Новоузенка ауылының жас спортшысы Інжу Сайран қатысып, 63 келі салмақ дәрежесінде қарсыластарынан басым түсіп, жүлделі I орынға ие болды. Қазақстан Республикасының чемпионы атанып, I дәрежелі диплом және медальмен марапатталды.

Жас спортшының бұл жеңісінде оның жаттықтырушысы Бахытжан Нұриденұлы Нұриденовтың еңбегі зор. Бапкер шәкіртінің жарысқа тыңғылықты дайындалып, әр белдесуде өз мүмкіндігін толық көрсетуіне ерекше көңіл бөлген.

– Інжу біздің үйірмеге бірнеше жылдан бері тұрақты қатысып келеді. Осы уақыт аралығында ол талай жетістікке қол жеткізді. 2026 жылы дзюдо мен қазақ күресінен облыс чемпионы атанды. Енді міне, кураш күресінен Қазақстан чемпионы деген атақты иеленіп отыр. Алда оны кураш күресінен әлем чемпионаты күтіп тұр. Інжу дзюдо және қазақ күресінен спорт шеберлігіне кандидат атағына ие. Ол – жаттығуға жауапкершілікпен қарайтын, еңбекқор, жеңіске деген талпынысы жоғары спортшы. Чемпионат алдында дайындық жұмыстарын жүйелі түрде жүргіздік. Жарыс барысында әр қарсыласына мұқият дайындалып, өзіне қойылған тактикалық тапсырмаларды дұрыс орындады. Бұл жеңіс – оның тынымсыз еңбегі мен табандылығының нәтижесі, – дейді жаттықтырушысы Бахытжан Нұриденов.

Сайран Інжу 2026 жылы қазақ күресі мен дзюдодан Қарағанды облыстық жарыстарында жүлделі I орындарға ие болған. Сонымен қатар, Алматы қаласында өткен дзюдодан «Найза» республикалық жарысында III орын алып, қола жүлдегер атанды.

Ал 2025 жылы дзюдо және қазақ күресінен «Спорт шеберлігіне кандидат» атағын иеленді. Бұл жас спортшының бірнеше жылдан бері спортпен тұрақты айналысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келе жатқанын көрсетеді.

Інжудің спорттағы жетістіктеріне ата-анасы Бейсен Сайран мен Гүлина Құрманғалидың қосқан үлесі зор. Олар баласының жарыстарға қатысуына демеушілік жасап, әрдайым қолдау көрсетіп келеді.

Жас спортшының кезекті жеңісі – табандылық пен тынымсыз еңбектің, бапкердің кәсіби дайындығы мен ата-ананың қолдауының жемісі. Бабы мен бағы қатар шапқан спортшымызды жеңісімен құттықтаймыз! Алдағы жарыстарда биік белестерді бағындырып, ел намысын абыроймен қорғап, спортта толағай табыстарға жете беруіне тілектеспіз!

Б.Жакешова



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?