taza-kaz

Спортпен шыңдалған ғұмыр


17.08.2026

Спорт – адамды жеңіске ғана емес, өмірдің өзіне дайындайтын үлкен мектеп. Оның бойға тәртіп, жүрекке жігер, санаға жауапкершілік қалыптастыратын құдіреті бар. Ал осы мектептен бала күнінен өтіп, бар ғұмырын спортпен байланыстырып келе жатқан жандардың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Сондай жандардың бірі – Ерулан Құзайфаұлы Сағитов.

Оның спорттағы жолы – жеке жетістіктермен ғана өлшенбейді. Бұл – шәкірт тәрбиесімен, ұлттық спортты дамытуға деген жанашырлықпен, ауыл жастарына бағыт-бағдар берумен өрілген еңбек жолы. Бүгінде спорт саласында 33 жылдық тәжірибесі бар маман талай жастың спорттағы алғашқы қадамына жол ашты.

– Спорт менің бала кезімнен бірге келе жатқан серігім деуге болады. Мектеп қабырғасында жүрген кезімде қазақ күресімен, самбомен айналыстым. Футбол, хоккей ойнадым, атқа мініп, ұлттық ойындарға белсене қатыстым. Сол кездің өзінде спорттың адамды шыңдайтынын сезіндім. Кейін бұл қызығушылық мамандық таңдауыма ұласып, спорт менің өмірлік жолыма айналды, – дейді Ерулан Құзайфаұлы.

1990 жылы ол Қарағанды қаласындағы Әлия Молдағұлова атындағы Олимпиадалық резерв училищесінің самбо және қазақ күресі бөліміне оқуға түседі. Оқу барысында Қазақстан Республикасының спорт шебері нормативін орындап, 1993 жылы оқу орнын тәмамдайды.

Одан кейінгі еңбек жолы әртүрлі салалармен байланысты болғанымен, спортқа деген ықыласы ешқашан үзілген жоқ. 2009 жылы Ботақара кентіне қоныс аударып, балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне қазақ күресінен жаттықтырушы болып жұмысқа орналасуы оның өміріндегі жаңа белестің бастауы болды.

– Спортшы болу бір бөлек те, шәкірт тәрбиелеу – мүлде бөлек жауапкершілік. Жаттықтырушы ретінде сен өзің үшін ғана емес, алдыңда тұрған баланың болашағы үшін еңбек етесің. Оның әр жетістігі – өзіңнің де қуанышың. Сондықтан шәкірттерімнің жетістіктерін мен еңбегімнің ең үлкен нәтижесі деп қабылдаймын, – дейді ол.

Он алты жылдан астам уақыт қазақ күресінен жаттықтырушы болған Ерулан Сағитов осы жылдар ішінде екі халықаралық дәрежедегі спорт шеберін, үш Қазақстан Республикасының спорт шеберін, сондай-ақ көптеген спорт шеберлігіне кандидаттар мен спорттық разряд иелерін тәрбиелеп шығарды. Сонымен қатар екі жыл көкпардан жаттықтырушы болып, ұлттық спорттың бірнеше бағытын дамытуға атсалысты.

– Мен үшін ең үлкен марапат – шәкірттің жеңісі. Медаль мен атақтың өз орны бар, әрине. Бірақ бапкердің жүрегін ерекше қуантатыны – кеше ғана спорт залына алғаш келген баланың уақыт өте келе өзіне сенімді спортшыға айналғанын көру. Оның жеңісімен бірге мінезі қалыптасып, тәртібі түзеліп, өмірге деген көзқарасы өзгерсе, одан асқан нәтиже жоқ деп ойлаймын, – дейді спорт ардагері.

Бүгінде Ерулан Сағитов Ботақара кентіндегі «Арлан» спорт кешенінің басшысы қызметін атқарып, ұлттық спорт түрлерін дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Оның еңбегі «Ұлттық спорт түрлері бойынша үздік жаттықтырушы» номинациясымен де бағаланған.

– Спорт саласында бірге еңбек еткен әріптестерімнің де орны ерекше. Абай Үмітбаев, Нариман Қасенов сынды азаматтармен бірге қызмет атқарып, талай жыл қатар еңбек еттік. Әрқайсысының өзіне тән тәжірибесі, спортқа деген көзқарасы бар. Бір-бірімізбен тәжірибе алмасып, ақылдасып, ортақ мақсат жолында бірге жұмыс істедік. Біздің басты мұратымыз – ауыл жастарын спортқа баулу, олардың бойындағы қабілетті ашып, үлкен спортқа жол көрсету. Осындай ортада еңбек ету мен үшін әрдайым үлкен жауапкершілік әрі абырой, – дейді.

Кейіпкеріміздің басты арманы – ауыл балаларының үлкен спортқа жол табуына мүмкіндік жасау.

– Ауылда спортқа қызығатын, таланты бар балалар көп. Оларға ең керегі – мүмкіндік пен дұрыс бағыт. Менің мақсатым – ауыл жастарының арасынан ел намысын қорғайтын, әлемдік спорт ареналарында биік белестерді бағындыратын спортшылардың шығуына өз үлесімді қосу. Бірақ спортшының жеңісімен қатар, оның азамат болып қалыптасуы да маңызды. Елін сүйетін, еңбекқор, тәртіпті, жауапкершілігі мол азамат тәрбиелеу – мен үшін ең үлкен міндет, – дейді Ерулан Құзайфаұлы.

Бір қарағанда, бұл – спорт залындағы күнделікті жаттығулар мен жарыстардан тұратын қарапайым еңбек жолы секілді. Алайда оның ар жағында талай жылдық маңдай тер, шәкіртке деген сенім, ұлттық спортқа деген сүйіспеншілік жатыр.

Ерулан Сағитов үшін спорт – жеңіс тұғырына көтерілудің ғана жолы емес. Бұл – мінезді шыңдайтын, жігерді жанитын, адамды тәртіпке үйрететін өмір мектебі. Ал сол мектептен қаншама шәкірт өткізіп, олардың бойына спортпен бірге елге деген сүйіспеншілікті сіңіру – оның еңбегінің ең үлкен мәні.

Б.Жакешова



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?