Оқиғалар
Айдарлар
Мерейтойыңмен, газетім!
Реформа өміршең өзгерістер
Балалар жылы
Елбасы
Халық санағы
Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл
COVID
Жолдауға - қолдау
Аудандық әкімдікте
Қазақстандықтар табыс жолында
Патриоттық тәрбие
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Мемлекеттік қызметтер
Құқықтық тәрбие
Ақпараттық топ жұмысы
Ардагерлерге - құрмет
Еңбек адамы
Деніңіз сау болсын
Тұрғындар назарына
Мектеп өмірінен
Ауыл хабарлары
АӨК және бизнес
Туган жер
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Biz birgemiz
Ресми
Кәсіпкерлікті дамыту
САЙЛАУ
Дін
Жемқорлықпен күрес
Референдум
Аудан жаңалықтары
Истории успеха- Тағы
Ат спорты – ұлттық құндылық
17.08.2026
Қазақ халқының тарихында жылқының орны ерекше. «Ер қанаты – ат» деп білген халқымыз жылқыны көлік ретінде ғана емес, еркіндіктің, батырлықтың, намыс пен рухтың символы санаған. Бүгінде атадан балаға мұра болып келе жатқан ат спорты ұлттық дәстүрімізді жаңғыртып, жастардың бойына отансүйгіштік пен батылдық қасиеттерін қалыптастырып келеді.
Ат спорты – шеберлік пен ептілікті, төзімділік пен батылдықты талап ететін спорт түрі. Қазақтың көкпар, бәйге, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату сияқты ұлттық ат ойындарының әрқайсының өзіндік ерекшелігі бар. Бұл спорт түрлері халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен, салт-дәстүрімен тығыз байланысты.
Бәйге – жүйрік ат баптап, оның төзімділігі мен шапшаңдығын сынайтын ұлттық спорт. Ал көкпар - жігіттердің күшін, ептілігін және командалық бірлігін көрсететін тартысты ойын. Теңге ілу мен жамбы атуда шабандоздың ат үстіндегі тепе-теңдігі, мергендігі мен шапшаңдығы сыналады. Осындай ойындардың барлығы жас ұрпақты батылдыққа, шыдамдылыққа және намысшылдыққа тәрбиелейді.
Қазіргі таңда ұлттық ат спортына деген қызығушылық артып келеді. Ауылдарда ат жарыстары мен ұлттық ойындар ұйымдастырылып, жас шабандоздар жарыстарға қатысып жүр. Бұл - халқымыздың төл мәдениетін сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңызды жолы.
Теңге ілу – қазақ халқының атқа міну мәдениетінің жоғары деңгейде болғанын көрсететін ұлттық мұра. Ертеде ат үстіндегі жігіттің шеберлігі оның күнделікті өмірінде де маңызды болған. Сондықтан мұндай ойындар жастарды өмірдің түрлі жағдайына дайындап, ат үстінде еркін жүруге машықтандырған.
Бүгінде ұлттық спорт жарыстарының қатарында кеңінен насихатталып келеді. Ауылдарда, ұлттық мерекелерде және түрлі спорттық сайыстарда бұл ойынның ұйымдастырылуы - салт-дәстүрімізді жаңғыртудың үлгісі. Әсіресе, жасөспірімдердің ұлттық ойындарға қызығушылығы қуантады.
Бүгінгі кейіпкеріміз Төрткөл ауылының тумасы Төлеген Серғазиев 1975 жылы дүниеге келген, отбасында 4 ұл, 4 қыз бала өскен. Әкесі Самат пен анасы Мәйдаш балаларын жастайынан адалдыққа тәрбиелеген. Балалардың барлығы жасынан атқа шапқан.
- Отбасындағы 8 бала бәріміз аттың үстінде өстік. Қарындасым Амангүл жуырда өткен сайыста Бұқар жырау ауданы бойынша садақ атудан екінші орын алып келді. Кернейдегі Өміртай ағамның балаларының бәрі көкпар ойнайды, қазір Қарағандының командасында. Мұқтархан деген баласы топ алдында, шеберлігімен танылып жүр. Әкеміз бен шешеміз малшы болды, біз де жастайымыздан атқа міндік. Қатысқан сайыстарым өте көп. Қарағанды облысының төңірегінде, Алматы қаласында, т. б. жерлерде өткен ат жарыстарының көбіне қатыстым. 1988 жылы Үміткер ауылында бәйгеге шауып, бірінші келдім. Онан соң теңге ілуге түстім.
Ат спорты – жай ғана жарыс емес, ол халқымыздың тарихы мен ұлттық рухын бойына сіңірген мәдени мұра. Жылқыны қадірлеген қазақтың ұрпағы ат үстіндегі өнерді де бағалай біледі. Ұлттық ат спорты дамыған сайын ұлттық рухымыз да асқақтай түспек.
- Жалғыз мен емес, Төрткөлдің барлық баласы атқа шауып, көкпар ойнап, теңге іліп, қыз қуып өсті. Ат спорты – балаларды шыдамдылыққа, төзімділікке, жауапкершілікке баулитын спорт. Жігіттердің арасындағы достық та ең алғаш осы атқа шабудан басталған. Ауданымыздың спортшыларына аттар сатып алынып, оларды баптайтын қора-жай салынса екен деп армандаймыз. Бүгінде балаларды ұялы телефон тәрбиелеп жатыр. Егер жоғарыдағы айтқан тілегіміз тиісті басшылар тарапынан жүзеге асып жатса, ауданымызда ат спорты дамып, оған қатысатын жастар да көбейеді деп ойлаймын, - дейді ол.
Ат спортының тәрбиелік маңызы зор. Атқа мінген бала жауапкершілікті, жануарға қамқорлық жасауды, тәртіп пен төзімділікті үйренеді. Жүйрік атты баптау үшін үлкен еңбек пен шыдамдылық керек. Сондықтан ат спорты баланың денесін шынықтырып қана қоймай, оның мінезін де қалыптастырады. Ауыл өмірінде ат спортының орны айрықша. Өйткені ауыл баласы табиғатпен етене араласып, жылқыны жастайынан танып өседі. Ат спорты арқылы жастар бос уақытын тиімді пайдаланып, ұлттық дәстүрге жақындай түседі. Ең бастысы - олар өз халқының тарихы мен мәдениетін мақтан тұтуды үйренеді.
Ат - қазақтың қанаты, ат спорты – ұрпаққа аманат болған ұлттық мұра. Осы спортта жүрген жастардың ұйымшылдығы керемет. Ауданымыздың қай жерінде ат жарысы, көкпар, тай жарыс, аламан, теңге ілу болса бұл жігіттер жылдың мезгіліне қарамастан сол жерден табылады.
Төлеген Серғазиев теңге ілуден облысымыздағы жалғыз чемпион, 2018 жылдан ат спортының шебері.
- 2011-ден бастап Қазақстанға шықтым. Бұқар бабамыздың 340 жылдық мерейтойында қомақты ақша тігілген болатын, сонда бірінші орын алдым теңге ілуден. Теңге ілу көп бола бермейді, көбіне жаппай көкпарға қатысамын, кейде төрелік жасаймын.
Інілерімде аттар бар, жарысқа барғанда солардан аламын. Өзімнің атым әлі жас, қарындасым Амангүлдің қорасында, кезектесіп баптап жүреміз, - дейді ол бізбен әңгімесінде.
Ат спорты – халқымыздың тарихы мен ұлттық мәдениетін ұштастыратын, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан асыл мұра. Ол адамды ептілікке, батылдыққа, төзімділікке тәрбиелеп қана қоймай, жылқыға деген ерекше құрметті қалыптастырады. Бүгінде ат спорты ұлттық дәстүрімізді дәріптеудің маңызды бір бағыты ретінде дамып келеді. Сондықтан, ат спортының тарихын дамытып, оны жастар арасында насихаттау - ұлттық құндылықтарымызды сақтаудың және болашақ ұрпаққа жеткізудің маңызды жолы. Осы жолда жүрген Төлеген Серғазиевке Спорт күні қарсаңында зор денсаулық пен үлкен жетістіктер тілейміз.
Қ.Ахметова





