taza-kaz

Күш пен төзімділік иесі


11.08.2026

Бұқар жырау ауданының аумағында түрлі спортпен айналысып жүрген жасөспірімдер мен жастар өте көп. Солардың бірі - Ақөре ауылының тұрғыны Бөгенбай Севкраев. Ол кір спортымен айналысып, байрақты бәсекелерде алдыңғы қатардан көрініп жүрген спортшы.

Жуырда Ақөре ауылына барып, спортшымен тілдесудің реті келді. Ол айтады: 

- Мен 1997 жылы 11 қарашада Ақөре ауылында дүниеге келдім. Әкем Масалимов Қазбек – орманшы, анам Жанар Рымбекқызы ауылдағы мектепте қазақ тілі мен әдебиетінің ұстазы. Аманбай деген інім бар, отбасылы, Астанада жұмыс істейді. Айым деген қарындасым Астанада Медакадемияда оқиды. Өзім 2015 жылы Астана қаласындағы оқу орнының туризм және дизайн бөліміне түсіп, 2020 жылы оны бітірдім. Сосын магистратурада оқыдым информатикадан. Коронавирус кезінде ауылға келдім. Содан мал шаруашылығымен айналысып, ауылда қалдым, - дейді.

2017-де Универсиада болып, тренері Серік Нұрғалиұды Абдахин шақырып, алғаш айналыса бастағанда кір спорты ұнамағанын, бір айдай денесі ауырғанын айтады. Серік Нұрғалиұлы жаттыға бер, бәрі жақсы болады, денеңнің ауырғаны басылады деп сендірген екен. Ұстазын тыңдап, әрі қарай жаттыға береді.

Кір көтеру спорты -  белгілі бір ережелер бойынша көтеруге негізделген күш спорты. Бұл спорт бұлшық ет күшін арттырады, төзімділікті дамытады, жүрек-қантамыр жүйесін нығайтады, қозғалыс үйлесімділігі мен тепе-теңдікті жақсартады. Спорттың бұл түріне  көп адам бара бермейді.

- Ұстазым бұл спортпен қалай айналысуды бар білімін салып көрсетті. Ұрсып та алған кездері болды. Бүгін ол кісіге алғысымды айтамын, менің шеберлігімді дамытты, көптеген жарыстарға апарды. Ел көрдім, жер көрдім. Астанаға бір барғанымда менің немен айналысып жүргенімді сұрады. Кір көтеруді тастамағанымды айттым. Кір спортының бір бағдарламасы бар екен. Соны жазып берді. Келген соң ауылды аралап, кір іздедім. Сатып алдым. Төрт кірді жинап алып, жаттығуларымды бастап кеттім. Ақырындап айналысып жүрмін, - дейді.

Ең бірінші жарысы - былтырғы жылы қыркүйек айында Алматыда өткен «Ақ бидай» сайысы. Ол төрт жылда бір рет болатын сайыс. Қарсыластары мықтылар екенін айтады. Орын алмады, бірақ бұл спорттың маңызын түсінді. Қарсыластарымен танысты. Ақпан айында Қостанайға жарысқа барды. Ол Қазақстан чемпионаты еді. Осының алдында өзіне мақсат қояды, мына чемпионатқа дайындалып, шығу керек, қалайда жеңуім керек дейді. Салмақ қуып, диетаға отырады. Қостанай қаласынан бірінші орын алып келеді. Бір ай бұрын спортшы Түркістанға «Халық ойындарына» барып келеді. Салмағы 63 килограмм, 64 кг кірді көтереді. Жарыста өзінің қателіктері болғанын айтады. Қорытындысында төртінші орын алады.

Қазіргі таңда қолдарынан телефон түспейтін, кітап оқымайтын, спортпен айналыспайтын, өздерін таба алмай жүрген жастар көп, оларға не айтасың деген сұрағымызға:

- Жастарға жұмыс табу қиын. Мал шаруашылығымен таң атқаннан кеш батқанша жұмыс істеуге екінің бірі бармайды. Жастар ерінбей жұмыс істеп, спортпен айналысулары керек. Спорт оңай емес, ол өте қиын. Бәріне шыдау керек. Ең бастысы мінез. Ерінбей бәрін істеу керек, - дейді Бөгенбай Қазбекұлы.

Кір спорты бүгінде әлемнің көптеген елдерінде кеңінен дамып, халықаралық жарыстар ұйымдастырылатын спорт түріне айналды.

Бұл спорттың түрімен тұрақты айналысу адамның денсаулығына оң әсер етеді. Ол бұлшық еттерді нығайтып,  жүрек-қантамыр және тыныс алу жүйелерінің жұмысын жақсартады. Сонымен бірге кір спорты адамның ерік-жігерін, тәртібін, жауапкершілігін және өзіне деген сенімін қалыптастырады.

Кір спорты – тек күш сынайтын спорт емес, ол адамның жан-жақты дамуына ықпал ететін пайдалы әрі қызықты спорт түрі. Салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен тұрақты айналысу әр адамның  денсаулығын нығайтып, өмір сапасын жақсартуға көмектеседі.

Осы күні Бөгенбай Қазбекұлы Балқаш қаласына кір спорты жарысына төрешілік жасауға жолға шықты. Бөгенбай Қазбекұлына денсаулық, спортта үлкен жетістіктер тілейміз!

Қ.Ахметова

Д.Торжановтың суреттері.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?