taza-kaz

АУДАН МЕРЕЙІН ӨСІРГЕН БОКСШЫЛАР


28.07.2026

15–19 шілде аралығында Ақмола облысы Аршалы ауданында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған бокстан жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнир өтті. Дүбірлі додада Бұқар жырау ауданының жас былғары қолғап шеберлері сәтті өнер көрсетіп, жүлделі орындармен елге оралды.

Халықаралық деңгейдегі жарысқа Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Беларусь, Ресей, Моңғолия, Армения, Грузия, Чехия, Словакия және өзге де елдерден келген спортшылар қатысып, өзара мықтыны анықтады. Жалпы 14 мемлекеттен жиналған жас боксшылардың тартысты бәсекесінде аудан намысын қорғаған спортшылар жоғары дайындықтары мен қайсарлықтарын көрсетті.

Жарыс қорытындысы бойынша 35 келі салмақ дәрежесінде Мерей Арсен мен 37 келіде Ғалым Жанәли қола жүлдеге ие болды. 40 келі салмақта өнер көрсеткен Аңсар Кәрімов күміс медаль жеңіп алса, 50 келі салмақ дәрежесінде Ақан Қайырбек қарсыластарының бәрінен басым түсіп, алтын жүлдені қанжығасына байлады.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы медальдар және дипломдармен марапатталды. Олар Өзбекстан мен Беларусь елдерінде өтетін халықаралық жарыстарға жолдаманы ұтып алды.

Халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғап, жоғары нәтиже көрсеткен жас спортшылардың жетістігі – жүйелі жаттығудың, табанды еңбектің және жаттықтырушылардың кәсіби еңбегінің жемісі. Бұл жеңістер аудан боксының әлеуетінің артып келе жатқанын айқын аңғартады.

Жас былғары қолғап шеберлерін, олардың ата-аналары мен жаттықтырушысын айтулы жетістіктерімен шын жүректен құттықтаймыз. Алдағы халықаралық жарыстарда да көк туымызды биікке көтеріп, жаңа белестерді бағындыра берулеріне тілектеспіз. Осындай жеңістер жас ұрпаққа жігер беріп, спортпен шұғылдануға ынталандырып, ел спортының дамуына серпін беретіні сөзсіз.

Б.Жакешова



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?