Оқиғалар
Айдарлар
Мерейтойыңмен, газетім!
Реформа өміршең өзгерістер
Балалар жылы
Елбасы
Халық санағы
Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл
COVID
Жолдауға - қолдау
Аудандық әкімдікте
Қазақстандықтар табыс жолында
Патриоттық тәрбие
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Мемлекеттік қызметтер
Құқықтық тәрбие
Ақпараттық топ жұмысы
Ардагерлерге - құрмет
Еңбек адамы
Деніңіз сау болсын
Тұрғындар назарына
Мектеп өмірінен
Ауыл хабарлары
АӨК және бизнес
Туган жер
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Biz birgemiz
Ресми
Кәсіпкерлікті дамыту
САЙЛАУ
Дін
Жемқорлықпен күрес
Референдум
Аудан жаңалықтары
Истории успеха- Тағы
ДАЛА ДҮБІРІН ҚЫЗДЫРҒАН БӘЙГЕ
28.07.2026
Құрылыс ауылында аламан, құнан және тай бәйгесінен аудандық іріктеу жарысы өтті. Ұлттық спортты ұлықтаған дүбірлі дода 18 шілде күні Қарағанды облыстық бәйгесіне қатысқан шабандоздар мен тұлпарларды іріктеу мақсатында ұйымдастырылды.
Бәйгеге ауданның әр ауыл-аймағынан келген шабандоздар баптаған жүйріктерін қосып, тұлпарлардың бағы мен бабын сынады. Жал-құйрығы желбіреген сәйгүліктердің дүбірі мен жанкүйерлердің қызу қолдауы ұлттық спорттың сәнін келтірді.
Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі мен Қарағанды облыстық бәйге федерациясының ұйымдастыруымен өткен жарысқа барлығы 50-ден аса тұлпар қатысты. Қатысушылар мен көрермендердің көп болуы ұлттық ат спортына деген қызығушылықтың жылдан-жылға артып келе жатқанын көрсетті.
Бәйге үш кезең бойынша өтті: тай жарысы, құнан бәйге және аламан бәйге. Алғашқы болып 3 шақырымдық тай жарысы басталды. Бұл сында 15-тен аса жүйрік тай бақ сынады. Нәтижесінде Афтандил Әскеровтың «Милан» атты тайы мәреге өзгелерден бұрын жетіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Екінші орынды Тоғызқұдық ауылының шабандозы Боран Тергеубековтың «Сезім» атты тұлпары иеленді. Үшінші орын Нұрғалы есімді азаматтың «Томирис» атты жүйрігіне бұйырды. Төртінші болып Қаршыға ағамыздың «Сарыбауыр» атты тұлпары келсе, Боран Тергеубековтың «Наурыз» атты жүйрігі бесінші орынға тұрақтады.
Одан кейін 7 шақырымдық құнан бәйге өтті. Екі айналымнан тұратын додада 15-тен аса құнан өзара мықтыны анықтады. Жарыс қорытындысында Руслан Зорбасовтың «Береке» атты тұлпары қарсыластарынан оқ бойы озып, бірінші орынды иеленді. Екінші болып Бауыржан Оразақынның «Самал» атты жүйрігі келсе, Өркенбай Қуанбайдың «Жезкиік» атты тұлпары үшінші орынға тұрақтады. Төртінші орын Жанат Жүнісовтың «Ақботасына», бесінші орын Сәрсен Искаковтың «Іңкәріне» бұйырды.
Көпшілік асыға күткен аламан бәйге 12 шақырымдық төрт айналым бойынша өтті. Бұл додада 17 тұлпар бақ сынап, нағыз дүлдүлдер арасындағы тартыс көрермендердің делебесін қоздырды. Нәтижесінде Қанат Мединовтың «Тастемір» атты сәйгүлігі мәреге бірінші болып жетіп, бас жүлдені жеңіп алды. Екінші орынға Асқар Мағзұмовтың «Қарашаш» атты тұлпары ие болды.
– Бәйгенің жоғары деңгейде өтуіне Теміртау мен Қарағанды қалаларынан, сондай-ақ Бұқар жырау ауданынан көптеген жанашыр азаматтар демеушілік көрсетті. Бірі қаржылай қолдау білдірсе, енді бірі жеңімпаздарға арналған бағалы сыйлықтар әкелді. Тіпті жарыс барысында демеушілер қатарына қосылған азаматтар да болды. Бұл – ұлттық спортқа деген халықтың құрметі мен қолдауының айқын көрінісі, – деді Қарағанды облыстық бәйге федерациясының Бұқар жырау аудандық филиалының басшысы Жұман Алданғұров.
Өркен мен Бағлан Қыстаубаевтар құнан бәйге жеңімпаздарына жылқыны жуасытуға, басқаруға және мінуге арналған жабдықтар, витаминдер табыстады.
Тай жарыстың үздіктеріне кәсіпкер Алтынбек Рахманов 150 куб мотоциклді, «Ат әбзелдері - Алтын Таға дүкенінің» иесі Асылназ Жұмашов демеуші ретінде 4 орынға ақшалай жүлде және бәйге аттарын жуасытуға, басқаруға және мінуге арналған жабдықтар мен витаминдер ұсынды.
Ал аламан бәйгеге Асқар Мағзұмов, Жұман Алданғұров, Олжас Сайлауов, Дамир Ахметов, Боран Тергеубеков, Ерқанат Қайыржан, Берікбай Байболов, Қанат Мединов, Қапан Кенжебек пен Серік, Қали, Алтай, Әсет аға, Қуат, Ерболат, Шыңғыс есімді ел ағалары қаржылай демеушілік көрсетті.
Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қаржылай сертификаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Осылайша, Құрылыс ауылында өткен аудандық іріктеу жарысы өз мақсатына жетті. Үздік шыққан шабандоздар мен тұлпарлар Қарағанды облыстық бәйгеде аудан намысын қорғауға мүмкіндік алды.
Аудандық іріктеуде үздік танылып, облыстық бәйгеге жолдама алған Боран Тергеубековтің «Көкшоқай» атты сәйгүлігі 21 шақырымдық аламан бәйгеде алдына қара салмай, мәреге бірінші жетті. Нәтижесінде бас жүлде – темір тұлпарды иеленіп, Бұқар жырау ауданының мерейін үстем етті. Бұл жеңіс аудандық іріктеу жарысында таңдалған тұлпарлар мен шабандоздардың дайындығы жоғары болғанын көрсетті. Мұндай жарыстар ұлттық дәстүрді дәріптеп қана қоймай, жас ұрпақтың ат спортына деген қызығушылығын арттырып, қазақтың бай мәдени мұрасын келер ұрпаққа насихаттауға зор үлес қосады.
Б.Жакешова





