taza-kaz

ҰЛТТЫҚ СПОРТТАҒЫ ЖАРҚЫН ЖЕТІСТІК


28.07.2026

Қостанай қаласында жастар арасында асық ату және бес асықтан өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында Бұқар жырау ауданының жас спортшысы Ержан Солтан блиц бағдарламасында жоғары деңгейдегі ойын көрсетіп, күміс жүлдені жеңіп алды.

Елдің 12 облысы мен 3 қаласынан келген 80-ге жуық үздік спортшы бақ сынаған байрақты додада Қарағанды облысының намысын бұқаржыраулық үш спортшы – Ержан Солтан, Батырхан Балташ және Данияр Путятин қорғады. Олар облыстық іріктеу кезеңінде жоғары нәтиже көрсетіп, республикалық чемпионатқа жолдама алған болатын.

Жекелей сында Ержан Солтан тоғыз тур өткізіп, оның алтауында жеңіске жетті. Үш кездесуде қарсыластарына есе жібергенімен, қорытынды есеп бойынша үздік жетілікке еніп, VII орынды иеленді.

Ал блиц сайысында Ержан Солтан алғашқы бес қарсыласын сенімді түрде жеңіп, финалға дейін сүрінбей жетті. Шешуші бәсекеде Түркістан облысының тәжірибелі спортшысына есе жіберіп, Қазақстан чемпионатының күміс жүлдесін иеленді.

Батырхан Балташ пен Данияр Путятин де жекелей сайыста лайықты өнер көрсетті. Екеуі де тоғыз кездесудің бесеуінде жеңіске жетті. Данияр блиц бағдарламасында ширек финалға дейін жетіп, осы кезеңде ақтөбелік қарсыласына есе жіберсе, Батырхан екінші айналымнан кейін жарыс жолын аяқтады.

– Ержан финалда Түркістан облысының былтырғы ел чемпионымен кездесті. Алғашқы кезеңде жеңіске жеткенімен, қарсыласы есепті теңестіріп, шешуші сәтте бір асық басымдығымен жеңісті ұтып алды. Бұл Ержанның республикалық деңгейдегі алғашқы жарысы. Және көрсетілген нәтиже қуантарлық деңгейде. Ауылда дайындалып, осындай беделді чемпионатта жүлдеге қол жеткізу – үлкен жетістік. Соңғы екі жылда оның шеберлігі айтарлықтай өсті. Алда бұдан да биік белестерді бағындыратынына сенемін. Қазір Өскемен қаласында өтетін жастар арасындағы командалық Қазақстан чемпионатына дайындықты бастап кеттік. Осы үш шәкіртім де Қарағанды облысының намысын қорғайды, – деп «Арлан» спорт клубының жаттықтырушысы Айдар Қабыкенов спортшыларына зор сенім білдіретіндігін жеткізді.

Ауданымызда асық ату спорты қарқынды дамып келеді. Соңғы жылдары ұлттық спортқа қызығушылық танытқан жастардың қатары артып, олардың республикалық деңгейдегі жетістіктері жақсы көрсеткіш көрсетіп отыр. Соның жарқын дәлелі болған Ержан Солтан үшін бұл дода тек жүлде ғана емес, мол тәжірибе де сыйлады.

– Асық атуды бала күнімнен жақсы көремін. Біраз уақыт үзіліс болғанымен, соңғы екі жылда бұл спортпен тұрақты айналыса бастадым. Бұл республикалық деңгейдегі алғашқы жарысым. Ел чемпиондарымен тең дәрежеде өнер көрсетіп, олардың деңгейінен кем емес екенімді сезіндім. Финалда шешуші сәтте тәжірибенің аздығы байқалды. Соңғы асықты дәл көздей алмай қалдым. Бірақ бұл жеңіліс мені жігерлендіре түсті. Алдағы уақытта бұдан да жақсы нәтиже көрсету үшін аянбай еңбек етемін, – дейді жас спортшы.

Жақсының қуанышына бірге қуанып, жетістікке бірге марқайып жүретін Ботақара ауылының тұрғындары ел чемпионатынан олжалы оралған жас спортшыларын зор ықыласпен қарсы алды. Чемпионды қарсы алуға келген «Арлан» спорт клубының басшысы Ерұлан Сағитов бастаған жерлестері, достары мен жақындары өздерінің ақжарма тілектерін жеткізді. Бұл құрмет спортшының еңбегіне деген ризашылық пен келешек жеңістеріне деген сенімнің көрінісі болды.

Тек ойын емес, жас ұрпақ тәрбиесіне қызмет ететін рухани сабаққа айналған асық ату спортынан жүлделі болған спортшыны Ботақара ауылының әкімі Жанат Қабкенов арнайы қабылдап, жарқын жетістігімен құттықтады. Кездесу барысында ұлттық спортты дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалап, алдағы жарыстарда да биік белестерді бағындыруына тілектестік білдірді.

Бұл кездесу жас чемпионға құрмет көрсету үлгісі ғана емес, жастарға деген қолдаудың, олардың еңбегіне деген құрметті көрсетті. Дәп осындай қарқында біздер жас спортшылардың әр жеңісіне қуанып, оларға қолдау көрсетіп, жігер берсек, ұлттық спорттың мерейін үстем етіп, ел абыройын асқақтататын жаңа чемпиондардың қалыптасуына жол ашамыз.

Ұлттық спорт – ұлт рухының айнасы. Асықты ардақтап, оны үлкен спорт деңгейіне көтеріп жүрген жастардың әр жеңісі – ата-бабадан жеткен асыл мұраны жалғаудың жарқын көрінісі. Ержан Солтан, Батырхан Балташ және Данияр Путятин сынды жігерлі спортшылардың әр жетістігі – ұлттық құндылықтың өміршеңдігін дәлелдейтін жеңіс деп білеміз. Жарайсыңдар!

Б.Жакешова



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?