taza-kaz

Чемпиондар тәрбиелеп отырған ауыл


21.05.2026

Доскей ауылы - жас чемпиондардың отаны. Бұл ауылдың жастары табанды еңбек, темірдей тәртіп және жеңіске деген жігермен жаңа белестерді бағындыруда. Бұған дейін футбол алаңындағы жарқын жетістіктерімен көпшіліктің ықыласына бөленген Доскей жастары бүгінде аралас жекпе-жек спортында да биік нәтижелер көрсетіп, ауыл мерейін асқақтатуда.

Ауылдағы жекпе-жек үйірмесі жас спортшылардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, олардың бойына тәртіп, төзімділік, батылдық пен жауапкершілік сияқты маңызды қасиеттерді қалыптастыруда. Тәжірибелі бапкерлердің жетекшілігімен жаттығып жүрген жасөспірімдер аудандық, облыстық және республикалық жарыстарда топ жарып, туған өлкенің абыройын көтеріп жүр.

Бүгінде үйірмеде 30-ға жуық бала тұрақты түрде жаттығады. Жас спортшылардың жеңіске деген құлшынысы мен бапкердің табандылығы өз нәтижесін беріп келеді.

Үйірме жетекшісі, жаттықтырушы Арсен Қылышбаев өз шәкірттеріне тек спорттың қыр-сырын үйретіп қана қоймай, олардың өмірлік ұстанымының қалыптасуына да ерекше көңіл бөледі.

– Балаларды жекпе-жек спортына 6 жастан қабылдаймыз. Бұл спорт баланың мінез-құлқының қалыптасуына үлкен әсер етеді. Балалар тәртіпке, жауапкершілікке, өзін қорғауға үйренеді. Кейде тұйық немесе ерке балалар спорт арқылы өзгеріп, өзіне деген сенімі артады. Бұл спортқа кез келген бала бейімделе алады. Ең бастысы – ниет, тәртіп және еңбек. Чемпионды көбіне талант емес, мінез, еңбек пен тәртіп қалыптастырады. Мен осы саланы таңдау арқылы ауыл балаларын үлкен жетістіктерге жеткізгім келді. Спорт арқылы балалар жаман әдеттерден аулақ болып, еңбекқорлыққа тәрбиеленеді. Әр баланың болашағына дұрыс бағыт беру – менің мақсатым, – дейді спортшылардың жаттықтырушысы.

Жас спортшылардың жетістіктері де ауыз толтырып айтарлық. Жуырда Қостанай қаласында өткен «Нағыз шынайы айқас» бойынша Қазақстан чемпионатына 400-ге жуық спортшы қатысқан. Доскей командасынан 8 спортшы бақ сынап, оның төртеуі жүлделі орындарға ие болды. Алдияр Есмұрат пен Қайсар Ақшолақов чемпион атанса, Ілияс Жанұзақ пен Елнұр Дүйсенбек күміс жүлдеге ие болды. Сонымен қатар Қайсар Ақшолақов пен Алдияр Есмұрат Челябинск қаласында өтетін Әлем чемпионатына жолдама жеңіп алды.

Ал Приозерск қаласында 200-ден астам спортшы қатысқан аралас жекпе-жектен өткен қала біріншілігінде Доскей командасының атынан шыққан 9 спортшының барлығы жүлделі орындарға ие болды. Санжар Мұханов, Алдияр Есмұрат және Руслан Бакиров чемпион атанып, Дияр Ақылаев, Қайсар Ақшолақов, Нұрали Мирам күміс жүлдегер, Тамерлан Аринов, Рамазан Ермұханов және Елнұр Дүйсенбек қола жүлдені иеленді.

– Балаларды тәрбиелеудегі басты қағидам – тек мықты спортшы емес, қоғамға пайдасы тиетін азамат тәрбиелеу. Тәртіпті, үлкенді сыйлайтын, еліне қызмет ететін тұлға қалыптастыру – басты мақсат. Спортшы ең алдымен жақсы адам, содан кейін ғана чемпион болуы керек, – дейді бапкер.

Спорт – ел мерейін асырып, мемлекетіміздің атын төрткүл әлемге шығаратын салалардың бірі. Осы бағытта мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша» деп атап өткен болатын. Осы тұрғыда күн санап дамып, өркендеп келе жатқан аудан спортының әр жақсы көрсеткіші біздер үшін зор мақтаныш. Әр спортшымызға байрақты бәсекелерде бақтарыңыз басым болсын деген тілегімізді арнаймыз.

Б.Жакешова



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?