taza-kaz

Жас дзюдошының жарқын жеңісі


24.04.2026

Ауданымыздың атын асқақтатып жүрген спортшыларымыздың қатары күн санап артып келеді. Солардың ішінде республикалық деңгейде жарқырап көрініп жүрген нәзік жандыларымыздың жетістігі ерекше қуантады. Осындай рухы биік, еңбекқор өрендердің алдыңғы қатарында Доскей ауылының спортшысы Уалиева Амина Нұржанқызы бар.

Табандылығы мен қайсарлығының арқасында Амина Нұржанқызы жуырда Сарыарқа төрінде өткен дзюдодан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында жүлделі орын иеленді. 57 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған жас спортшы күміс жүлдеге қол жеткізіп, тұғырдың екінші сатысына көтерілді. Бұл — жылдар бойы төгілген маңдай тер мен тынымсыз еңбектің лайықты жемісі.

Боз кілем үстінде өр мінез көрсеткен Амина өз шеберлігін дәлелдеп, жарқыраған күміс алқаны мойнына тақты. Бұл жеңіс — тек марапат қана емес, қажырлы дайындық пен темірдей төзімнің, асқақ мақсатқа деген адалдықтың айқын көрінісі.

«Ұстазы жақсының — ұстанымы жақсы» демекші, спортшының жетістігінде бапкері Уалиев Серік Ардақұлының еңбегі зор. Тәжірибелі жаттықтырушының дұрыс бағыты мен кәсіби біліктілігі Аминаның қабілетін шыңдап, оны республикалық деңгейдегі мықты спортшылар қатарына қосты. Бапкер мен шәкірт арасындағы сенім мен үйлесім — үлкен жетістіктің кепілі.

Жас спортшының бұл жетістігі көпшіліктің ықыласын аударып отыр. Доскейлік арудың «Saryarqa» телеарнасында қонақ болып, тікелей эфирде сұхбат беруі — еңбегінің бағаланғанының айғағы. Ол өз ойымен бөлісіп, замандастарына жігер сыйлай білді.

Аминаның бүгінгі жетістігі — ертеңгі үлкен жеңістердің бастауы. Оның алар асуы әлі алда. Жас спортшыға алдағы жарыстарда сәттілік тілейміз! Көк туымызды биікке көтеріп, халықаралық ареналарда ел намысын абыроймен қорғай беретініне сенім мол.

Б.Жакешова



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?