taza-kaz

Ат құлағында ойнаған көкпаршы


03.04.2026

Өзбекстан елінде көкпардан өткен халықаралық турнирде жерлесіміз, Байқадам ауылының спортшысы Мирас Қанатұлы Тақауиев Азия кубогының чемпионы атанды.

Байрақты бәсеке – «Jamoaviy uloq ko‘pkari bo‘yicha xalqaro turnir» ұлттық спортты ұлықтаған ірі додалардың бірі. Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған бұл жарысқа Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай, Ресей сынды елдердің командалары қатысып, көкпар өнерінің жоғары деңгейін көрсетті.

Аталған турнирде ел намысын қорғаған Мирас Тақауиев Қазақстан құрамасының командасында намысты қолдан бермей, жоғары дайындық пен шеберліктің үлгісін танытты. Тартысты бәсекеде ерекше көзге түсіп, үздік ойын өрнегін көрсеткен жерлесіміз чемпион атанып, І дәрежелі дипломмен марапатталды.

Мирас Қанатұлы 15 жасынан атқа мініп өскен шабандоздың бірі. Жастайынан ат құлағында ойнап өскен спортшы бүгінде қазақтың ұлттық ойыны көкпардан топқа бұзып кіретін кәсіби ойыншылардың бірі әрі бірегейі. Байқадам ауылдық көкпар командасында өзінің алғашқы қадамдарын бастаған Мирастың бүгінде қанаты қатайған. Өзін үздік ойыншы ретінде көрсете білген спортшы жігіт 2025 жылдан ел құрамасының командасында ойынға шығып жүр.

- Әуелі Алла, одан кейін әкемнің баптауы мен қолдауының арқасында осы көкпар ойындарында бабым шауып, үлкен деңгейге көтерілдім. Кішкентай күнімде әкем ағаштан жонып, ат жасап беретін, кейін атқа тақымдап үйретті. Алғашқы бапкерім – әкем болса, екінші ұстазым деп Қарағанды облысының көкпар федерациясының президенті Нұржан Шайхинді айтар едім. Көкпардан бөлек бала күнімде дзюдомен де айналыстым. Қазіргі уақытта бар назарымды көкпар ойындарына бұрып отырмын. Бүгінде көкпар жастар арасында қызығушылығы жоғары ойындардың біріне айналып отыр. Өзімнің артымнан ерген інілерім де менің жолымды қуып келеді. Байқадам ауылдық «Жастар» командасының құрамында бауырларым ойындарға шығып жүр. Мені үлгі тұтып, ізімді басып жатқан бауырларыма дұрыс бағыт көрсетсем деген ниетпен әр қадамыма үлкен жауапкершілікпен қараймын. Ауыл жастарын ұлттық кодымыз сақталған спортымызға баулуды мақсат етемін, – дейді Мирас Тақауиев.

Ұлттық ойындарды дамыту – ұлттың рухани жаңғыруының, мәдени мұраны сақтаудың және жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңызды бағыты. Көкпар, аударыспақ, бәйге сияқты дәстүрлі ойындар халқымыздың тарихымен, салт-дәстүрімен тығыз байланысты болғандықтан, оларды жаңғырту ұлттық болмысты сақтаудың бір жолы болып табылады.

Бүгінгі таңда ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылық артып келеді. Бұл – тек спорттық жетістік қана емес, сонымен қатар ұлттық құндылықтардың қайта жаңдануына ықпал ететін үлкен мүмкіндік. Осындай жарыстар мен додалар арқылы жастардың ұлттық ойынға бет бұруы күшейіп, олардың бойында намыс, төзім, бірлік сияқты қасиеттер қалыптасады.

Сондықтан ұлттық ойындарды жүйелі түрде қолдау, дамыту және кеңінен насихаттау – мемлекет пен қоғам үшін маңызды міндет. Бұл бағыттағы әрбір жетістік – қазақ мәдениетінің болашағына қосылған үлес, ал әрбір жеңімпаз – ұлттық рухты көтеретін үлгі. Ұлттық спорт дамыған сайын, елдің рухы да биіктей түсетіні анық.

Б.Жакешова



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?