taza-kaz

Ақбелде чемпион көп


20.10.2023

Қазақтың құт мекені – ауылдан тау көтерген Толағайлар, күш атасы Қажымұқандар әлі талай шығатыны анық. Шойын білекті спортшылардың барлығы Ақбел ауылында десек болады. Ауылдағы білім ошағында баскетбол, қазақ күресі, бокс, асық ату үйірмелері жұмыс жасайды.

2022 жылы Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектебі оқу жылының алдында өз күштерімен білім ордасының жертөле бөлігінің жылыту жүйесіне жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Жылу жіберілген жертөлені жөндеп бокс, қазақ күресі үйірмелерін ашады. Қазақ күресі үйірмесі мектепте біраз жылдан бері жұмыс атқарып тұрса, бокс залының ашылуына ауыл азаматтары қаражат жинап, миллион теңгеге қажетті жабдықтарды алады. Бокс залының салтанатты ашылуы 2022 жылы өтті.

Бүгінде қазақ күресіне 30-ға жуық, бокс үйірмесіне 15-ке жуық бала қатысып отыр. Қазақ күресінен талай байрақты бәсекелерде топ жарып жүрген ауылдан бүгінде былғары қолғап киген боксшылар жарыстарда өз бақтарын сынап жүр. Солардың бірі 7 жасар Айсұлтан Иманмағзам. Айсұлтанның спортқа деген құлшынысы, талпынысы жақсы дейді оның жаттықтырушысы. Небары 7 жастағы боксшы бауырымыз облыстық жарыста 1-орын алған екен. Бокс спортында бағы жанып тұрған 13 жасар Нұрдәулет Кәкен де облыстық жарыста байрақты 2-орынды қанжығалап келіпті.

Сондай-ақ Ақбелде намысты қолдан бермейтін арулар бар. 18 қыздан құралған Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектебінің қыздар құрамасы биыл баскетболдан республикалық деңгейдегі жарысқа шығып, 7 орынды алып қайтты. Облыстық сайыстарда жүлделі 1-орыннан түспейтін құрама бұдан да үлкен жетістіктерге жетері сөзсіз. 5, 6, 7, 8 сынып оқушыларынан құралған құрама аудандық, облыстық жарыстарда жүлдегер атанып жүр. Қыздардың дайындығы мектеп ішіндегі спорт залда өтеді.

Баланың ой-қабілетін шыңдап, дәлдікке, ептілікке, ширақтыққа, ұстамдылыққа, алғырлыққа, сыйластыққа тәрбиелейтін асық ату ойыны Ақбел ауылында да дамып келеді. Үйірмеге 13-ке жуық бала қатысады. Бүгінде аудандық, облыстық, республикалық ойындарда жүлдегер атанып, ұлттық спортты дамытып жүрген шәкірттерімен мектеп ерекше мақтанады.

Неше мыңжылдықтан бері жалғасып келе жатқан ұлттық ойын – көкпар аудан көлемінде дамып келе жатыр. Қазіргі күні әр ауылда бір-бір құрама бар десек артық айтпаймыз. Ақбелде де білекті де, жүректі жігіттерден құралған көкпаршылар құрамасы бар. Рухты жігіттерден құралған құрама ішінен Дамир Базылов есімді азаматты ерекше атап өтуге болады. Бірі-бірінен асқан жігіттер бүгінде жақсы көрсеткіштерге жетіп отыр. 

Жастардың төрт қабырғадан шықпай, төрт бұрыш экранның ішіне кіріп кетпей, бос уақытын спортқа жұмсауы, әрине, қуантады. Ал, балалардың бос уақыттарын пайдалы іске жұмсауына жауапты болып жүрген жаттықтырушылар Абай Жаппаров пен Ержан Қаппасов. Аталған үйірмелерден бөлек үстел теннисінен шәкірт тәрбиелеп отырған ұстаздардың еңбегі еш зая кетпеді. Бүгінде шәкірттері теннисте де жүлдегер атануда. Алдағы уақытта мектепте спортты дамытуға деген жоспар көп. Қыс мезгілінде хоккей спортына балаларды жаттықтыру ойда бар екен.

- Балаларды спортқа тарту арқылы біз дені сау саналы ұрпақ қалыптастырамыз. Жастар мен жасөспірімдер спортпен шұғылдануға көптеп көңіл бөлсе, онда қылмыс та әлдеқайда азаяр еді. Сол себепті балаларды жастайынан спортқа бейімдеу қажет. Ең алдымен әр адам өзінің денсаулығы үшін спортты өмірлік серігі етуі қажет. Қазіргі таңда ауылымызда жасөспірімдердің тең жартысы спортқа ден қойып, жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Алдағы уақытта ауылдан хоккей спортына балаларды дайындау ойда бар. Хоккей құрамасы үлкендер арасында бар. Оқушылардан құрама ашу жоспарда. Бірақ мәселе қаржыға келіп тіреледі. Хоккей спортына қажетті киім, құрал-жабдықтар алу қажет. Қазіргі уақытта елімізге хоккей, футбол сынды спорт түрлерінен жақсы спортшыларды дайындау қажет. Ал ауыл баласынан мықты спортшылар шығарына мен сенімдімін, - дейді Абай Жаппаров.

Маңдайы күнге, табаны құмға күйіп, ауылдың шаң-топырағына аунап өскен балалардан өнерге, қылқаламға, спортқа жақын даралар шығарына сенімдіміз. Тек қолдау болса болғаны, ауылдың қара топырағы өз киесімен талай талантты тәрбиелеп шығарады.

Б.Жакешова

Суреттерде: жас волейболшылар командасы; асық атудан жеңімпаздар; Кәкен Нұрдәулет (ортасында); хоккей командасы; Айсұлтан Иманмағзам (он жақта).



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?