taza-kaz

Кәсіп ашу жолдары қаралды


13.05.2017

Жақында Қарағанды облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Бұқар жырау аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Бейбарыс» кредит серіктестігінің басқарма төрағасы Меруерт Сабирова, Бұқар жырау аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Манат Құрманғалиев Ботақара кентінің кәсіпкерлікке ынталы азаматтарымен насихат семинарын өткізді.
- Бүгінгі күні біз бен сіз үшін кәсіпкерлікті дамытуға барынша қолайлы жағдай жасалған. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасының аясында түрлі кәсіпті дамытуға мемлекет тарапынан ақшалай несие, техника мен құрылғыларды алуға жеңілдіктер берілуде. Соларды тиімді пайдалана отырып, кәсіп ашу әрбір қазақстандыққа берілген мүмкіндік, - деді семинарды ашқан аудандық кәсіпкерлік палата филиалының төрағасы Мәди Жұмашев.
Үстіміздегі жылы Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша қосалқы шаруа қожалықтарына ерекше мән беріліп, шағын шаруашылықтарды дамыту жұмысы жолға қойылды. Дені мал және егін шаруашылығымен айналысатын өңіріміз үшін ет-сүт бағытындағы кооперативтерді ұйымдастыру жұмыстары қолға алынды.
- Біздің кредит серіктестігі Қарағанды облысы бойынша көптеген шаруа қожалықтарының, жеке кәсіпкерлердің қажетін ашуда. Жеңілдетілген несиелерді алу, мемлекеттік қолдауға ие болу қазіргі таңда баршаға бірдей берілген мүмкіндік болып отыр. «Алтын Асық», «Сыбаға», «Іскер», «Құлан», «Мал шаруашылығы», «Егін шаруашылығы», «Қанат», «Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу», «Кең дала» сияқты онға тарта бағдарлама бойынша несие беру мүмкіндігі қарастырылған, - деген М.Сабирова барлық бағдарлама бағыттары бойынша кредиттік мөлшерлеме, сомасы, берілу уақыты сияқты деректерге тоқталды. Мысалы, «Кең дала» бағдарламасы күзгі-көктемгі егістік жұмыстарына арнайы жылына 6 пайыздық мөлшерлемемен 1 миллион теңгеден бастап берілсе, «Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу» бағдарламасы жылына 14 пайыздық мөлшерлемемен 100 мың теңгеден бастап 180 айға дейінгі уақытқа беріледі.
Түрлі бағдарламалар бойынша қандай нақты жұмыс атқарылып, кепілдік мүлкінің сомасын есептеу, құжаттарды жиыстыруда неге мән беру керек сияқты өзекті мәселелер бойынша ақпарат берген М.Сабирова кез-келген мәселе бойынша кредит серіктестігінің мамандарымен ақылдасуға болатынын айтты.
Жоғарыда атап өткеніміздей, дені мал шаруашылығымен айналысатын өңіріміз үшін ауыл шаруашылық кооперативтерін құру тың серпін беріп отыр. Атаулы тақырыпты М.Құрманғалиев түсіндіріп, талаптарға сәйкес сатылған сүт литрына 10 теңге, 180 келіден асқан мал басына 20 мың теңге субсидия төленетіндігін айтып:
- Атаулы субсидияларды алу үшін кооператив жұмысы барлық талаптарға сәйкес жүргізіліп, міндеттер орындалуы керек, - деді.
Аудан бойынша жыл басынан бері жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде бүгінде біраз ауылдарда кооперативтер құрылып, іске кіріскен. Осы тұрғыда өздерін алаңдатқан мәселелер бойынша Б.Уаисов, С.Абзалбеков, Н.Дакиров сияқты азаматтар сауалдарын қойып, тиісті жауаптарын алды.
Қоғамымыздағы көптеген мәселелер халықтың экономикалық ахуалына тірелетіні жасырын емес. Орта және шағын кәсіпкерлікті, қосалқы шаруашылықтарды дамыту атаулы көрсеткіштің жоғарылауына оң ықпалын тигізбек. Жалпы, көп нәрседен хабардар болып, ой түйіп қайтқан азаматтардың кәсіпке ынтасы оянғаны анық.
Н.Әбікеева
Автордың суреттерінде:



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?