taza-kaz

Бірлігі мен берекесі, шаттығы мен несібесі бір халық


06.05.2017

Ұлт пен ұлысқа бөлінбей, ортақ мақсат пен мүдденің үдесінен шығып, гүлденіп көркейген Қазақстанды ортақ отанымыз деп білетін барша азамат 1-мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнін тойлайды.
Ортақ қазаннан дәм ауыз тиіп, тағдырдың талайын қатар қарсы алған бауырмал халықтардың бұл күнді ұлықтауы да заңдылық. Ұзақ жылдар бойы қайғыны бөліссе жеңілдейді, қуанышты бөліссе артады деп бір-біріне жұбаныш, қолғабыс болып келе жатқан бауырлас халықтар талай нәубетті бастан өткерді. Соған қарамастан, бүгінгі бейбіт күнімізде ата-бабамыз аманат еткен татулық пен ынтымақ туын желбіретуде. Бейбіт шеруге шығып, түрлі ұлттардың өнерін ортаға салу – сол аманаттың ізгілікті жалғасы болса керек.
1-мамыр күні аудан жұртшылығы көпшілік болып, жақында ғана күрделі жөндеуден өткен «Сары-Арқа» спорт кешенінің алдына жиналды. Түрленіп, жаңаша көрікке енген спорт кешенінің алаңы мәдениет үйінен сап түзеген салтанатты шеруге қатысушыларға лық толды. Салтанатты шеруді аудан әкімі Нұркен Кобжанов бастап, өңірлердегі достық пен татулықты дәріптеп жүрген ұлттық, этно-мәдени бірлестіктердің мүшелері мен аудандық ұйымдар мен мекемелердің ұжымдары толықтырды. Ел тарихын ғасырлар қойнауымен сабақтастырған «Мәңгілік Ел» идеясымен тұспа-тұс ойлар мен бірлігімізді паш еткен ұлағатты сөздер жазылған лозунгтар мен қызылды-жасылды шарлар ұстаған ұлттық киімдердегі азаматтар кентімізге көрік пен ерекше салтанат сыйлады.
«Биылғы 2017 жылы Қазақстан тарихында ерекше жыл болмақ. Жүйелі жаңғыру биыл біздің бүкіл жұмысымыздың өзегіне айналды. Біріншіден, экономикалық жаңғыруды қолға алдық. Екіншіден, саяси жаңғыруды бастадық. Үшіншіден, рухани жаңғыруға кірістік» деп, үстіміздегі жылдың ерекшелігін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғырудың негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім» тақырыбындағы ХХV сессиясында айқындап өткен болатын. Экономикалық, материалдық қиындықтарды артта қалдыра отырып, қарқынды даму жолында рухани үндес болсақ қана биіктерді бағындырарымызды еске салды.
Рухани жаңғыру жолына түскен жұртшылықтың бірлік пен татулық мейрамына жіті дайындығы бірден көзге түсті. Украин, орыс, неміс, шешен, кәріс, ұйғыр, қазақ сияқты түрлі ұлттың мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігімен таныстырған көрме де қаз-қатар тізілген. Онда аузымыздың суы құрып сүйіп жейтін түрлі астан бастап, әр мәдени бірлестік мүшелерінің қолынан шыққан өнер туындылары қаз-қатар тізілген. «Бұл ән, бұрынғы әннен өзгерек» деп Шәкәрім айтпақшы, бұл жолғы салтанаттың да ерекше болғаны сонша, әркім өнерін ортаға салып, мерекеге жиналғандарды орыс, қазақ, неміс, шешен, украин, татар, кәріс сияқты жеті тілде құттықтап, ақ тілектерін жаудырды. Көптің көл-көсір ақ ниетіне ризашылығын танытып, мерекемен құттықтаған аудан басшысы Нұркен Кобжанов:
- Бүгін Қазақстан – түрі басқа болса да, тілегі бір, жүзі басқа болса да жүрегі бір ұлттардың басын қосқан қуатты мемлекет атанды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың дана саясатының арқасында еліміз жылдан-жылға өркендеп,  дамып келеді. Көпұлтты халқымыздың тұрмыс-тіршілігі жақсарып, бүгінгі күні Қазақстанымыз әлем мойындаған елге айналды, - деп, ауданымызда да этно-мәдени бірлестіктердің дамуына барынша жағдай жасалып, мейрамның шаттыққа толы өтуінің дәлелі болып отырғандығын айтты.
Баршаның баласын бауырына басып,ешкімді жетімсіретпей, жалғызсыратпай, қорған бола білген елміз. Ел тәуелсіздігін алған жылдардың ішінде Елбасы көпұлтты мемлекет екеніміздің мақтаныш екенін санамызға сіңіре білді.
Ортақ мақсат пен мүдде қоя отырып, еліміздің қарышты дамуы жолында қатарласа еңбек етудеміз. Біріміздің орыс, өзбек, енді біріміздің  ұйғыр, украин екендігіміз ешкімге маңызды емес. Ең бастысы ешбір әлемде жоқ, уникалды қоғам құра білгенімізбен мақтана білуіміз тиіс.
Осынау көңіл-күй де, шарықтаған шаттық та мерекелік бағдарлама бойы жанымызды жылытты, көңілімізді жадыратты. Ескендір Хасанғалиевтың «Атамекен» әнін «Арқа саздары» квартетінің сүйемелдеуімен шарықтатып, Қазбек Талашевтың «Я - казах» деп әуелете созған сәттерінде аямай алақан соқтық.
Көпшілікті шешен тілінде құттықтап, өз ұлтының мәдени ерекшеліктерін паш еткен Тасшоқы ауылының тұрғыны, небәрі 5-сыныпта оқитын Минара Гучигава «Ана. Әке» әнін жүректердің төріне қондырды. Қазақ тілінде сөйлеп, қазақ тілінде оқитын кішкентай Минараның армандары да көп, ең бастысы, еліміз осынау бірлігі мен берекесінен ажырамасыншы дейді жүрегі лүпілдеп.
Мерекелік концертпен қатар көпшілік арнайы жайылған көрмелермен танысып, түрлі ұлттардың ұлттық тағамдарынан дәм татты. Мәдениетіміз бен аспаздық өнеріміз де ұштасып кеткендіктен, тұшпара, каравай, сүр ет, тұздалған саңырауқұлақтарды да жатырқамаймыз. Қуана дәм таттық.
Аудан әкімі Нұркен Кобжанов бастаған бір топ азаматтар да көрмеге тізілген қолөнер туындыларымен танысып, бірі әнмен күтіп алса, енді бірі ақ ұсынып, ауылдың алты ауызын шырқады. Ауылдан ат арытып келген өнерпаздарға аудан басшысы да алғысын жеткізді.
Өзара сыйластықпен үндескен мерекелік кешке Ақбел, Ботақара, Байқадам, Урожайное, Ростовка, Самарқанд, Шешенқара, Тоғызқұдық, Қызылқайың, Новоузенка, Центральный, Ынтымақ, Белағаш, Қушоқы, Ботақара кенттерінің өнерпаздары ат салысып, «Гүлдердің» бишілері де кеш көрігін қыздырды.
Ынтымақ пен бірлікті паш ету бұл күнмен ғана шектелмеген. Бейбітшілікке ұмтылып, қолымыздағы барымызды бағалай білуге баршамыз бірдей еңбек етуіміз керек. Ұлты орыс болса да, қазақ жерінде өмірге келіп, «я - казашка» дегенді шынайы ақ көңілімен айтатындардың бірі белағаштық Оля Богданова.
Иә, біз бір-бірімізге бауырмыз. Сондықтан айтар әңгімеміз де, шырқар әніміз де ортақ.
Н.Әбікеева
Д.Торжановтың суреттерінде:



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?