taza-kaz

Мал өсірсең, түйе өсір


10.06.2023 13:10

Түйе малының адамға тигізер пайдасы шаш-етектен. Сүті шипалы сусын, еті тамақ, жүні киім. Осы түлікті асыраушылар саны аз. Қызылжар ауылының тұрғыны Қазбек Абатов ойсылқара тұқымын өсіріп, шұбат өндірісін жолға қойып отыр.

Теміртау индустриалды университетінде автомеханик мамандығы бойынша білім алып жүрген Қазбек Абатов бір жыл бұрын ата-анасымен Ростов ауылдық округіне қарасты Қызылжар ауылына көшіп келеді. Отбасымен мал шаруашылығына арналған үлкен өндірістік базасы бар үй сатып алады. Алдымен Қазбек ешкі өсірумен айналысады, кейіннен туыстарымен кеңесіп, түйе өсіруді шешеді. Бұған дейін ағасы ойсылқара тұқымымен айналысқан соң, Қазбек Абатовқа бұл жұмыс таныс еді.

Үлкен кәсіп ашқысы келген ол «АгроБизнес» бағдарламасымен 47 млн теңге көлемінде несие алады. Алынған қаражатқа Қызылорда облысынан 58 түйе сатып алып келеді. Бүгінде жас түйелерді қолға үйретіп, анасы оларды сауып, сатылымға шығарып отыр.

Қазбек өз кәсібін отбасылық бизнес деп атайды. Себебі, қос өркештілерді бағуға әзірге ата-анасы көмектеседі екен. Олар күніне 50–60 литр шұбат дайындап, оны аудан тұрғындары, сондай-ақ Саран, Теміртау, Шахтинск және Шахан тұтынушылары сатып алады. Кәсіпкердің айтуы бойынша ол шұбат өнімін ешкімге жарнамаламаған көрінеді. Түйе ұстайды, шұбат сатады дегенді естігендер келіп сатып алып, сауда жүріп отырған көрінеді. 1 литр шұбаттың бағасын кәсіпкер 1300 теңге деп бағалапты.

– Түйе кез-келген климатқа оңай бейімделеді, талғампаз емес. Болашақта мен сауын түйелердің санын көбейткім келеді. Мүмкін мен бастаушы кәсіпкерлерге арналған гранттар байқауына қатысатын шығармын. Сондай-ақ, өндірістік қуаттылықты арттыруды жоспарлап отырмын. Өйткені, шұбат – бұл біздің ата-бабаларымыз білетін емдік сусын. Сондай-ақ, егер сұраныс болса, жануарлардың жүні мен терісін сатуды жоспарлап отырмыз. Жалпы, түйенің мойнындағы жүнді тоқымашылар кеңінен қолданады, – дейді Қазбек Абатов.

Осындай жүгі ауыр кәсіпті бастап отырған Қазбек Абатовтың талпынысы мен еңбекқорлығына риза болып, іскерлігі жастарға үлгі болсын демекпіз.

Б.Жакешова

 

 

Суретте: Қазбек шаруашылыеында.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?