taza-kaz

Молшылық жолындағы еңбек


21.04.2023 16:24

Ауыл – негізгі азық-түлік өндіруші. Ауылдарда еңбек етіп жатқан адамдарға төмен пайызбен мемлекет тарапынан түрлі субсидиялар мен несиелер берілуде. Оның мақсаты – шаруа адамы осы қомақты қаржыға асыл тұқымды мал сатып алсын, баздар салсын, қолында бар техникасын жаңартсын, аяғына нық тұрсын деген ой.

Көптен күткен көктем келді жеріме. Көктем – қауырт жұмыстардың уақыты. Ауыл адамы үшін бұл уақыт өте маңызды. Себебі, күз айына дейін ол тынбай еңбектеніп, қыс айына дейін отбасына, малына азық қорын жасап алуы тиіс.

Ауданымызға қарасты ауылдық округтердің тұрғындары мен шаруа қожалықтары жер ананың бауырына дәннің барлық түрін сеуіп, көкөнісін отырғызып, малын жайылымға шығарып, үйреншікті жұмысына кірісудің алдында. Біз ауданымызға қарасты Керней ауылына барып, ауыл әкімінің ұсынуымен «Абу» шаруа қожалығының басшысы Сәкен Сармантаевпен кездесіп, көктемгі жұмыстардың барысы туралы әңгіме құрған болатынбыз.

- 1997 жылы шаруашылықты аштым. Оның алдында мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ бердім. Білімім жоғары. Жылқы, ірі қара, қой, ешкі малы бар иелігімде. Малдың тұратын жері ауылдан сегіз шақырым жерде. Шаруашылыққа тиесілі жер, ауылда үш баз бар. Асыл тұқымды 250 ақ бас ірі қара ұстаймын. Өзіміздің ауданымызға қарасты Жаңаөзен ауылынан тұқымын сатып алдым, - дейді.

Мал шаруашылығынан көптеген тәжірибе жинаған шаруашылық иесі алыстан мал алса, ауру мал әкелу қауіпі жоғары екендігін айтады. Қазақтың ақ бас ірі қарасы жер мен шөп талғамайтынына, суыққа да төзімділігіне тоқталды.

Табиғаттың мінезі жыл сайын өзгеруде. Екі жыл қатарынан жаз айында жауын жаумай, жердегі шөп атаулы күйіп кетті. Шөп қурап кетпей малдың азығын шауып алатындар жыл сайын оның  бағасын қымбаттатып сатуға тырысады. Және осындай құрғақшылықтың малдың ішіндегі төлінің денсаулығына да әсер ететінін айтады көптеген мал шаруашылығын жүргізіп отырған адамдар. 

«Абу» шаруа қожалығының иесі Сәкен Әбуұлы он бес адамды жыл он екі ай бойына жұмыспен қамтып отыр. Оның ішінде ауыл адамдары да, сырттан келіп жұмыс істейтін адамдар да бар екен. Далада жұмыскерлер үшін тұрғызылған үй, сиыр сауатын адамдар да бар екен. Шаруашылық ет пен сүт бағытында, арасында қымыз сатумен де айналысады. Малдың басы төлмен көбейетіні белгілі, осы күндері аналық мал төлдеп жатыр. Осыған орай, қожалық иесінің шаруашылық басына, мал жайылатын жерлерге шапқылауы көп, әрбір минуты санаулы. Жылқы малының аналығы құлындап, сиыр малы бұзаулап, бұзаулары мен енелері баздағы жылы, оңашаланған жерге қамалған. Жайылым басындағы сиырлардың талдар арасына бұзаулап, төлін тығып қоятынын, бұзаулардың суықта қалса да қатарға қосылып кететінін айтады.

Сәкен Әбуұлы 2011 жылы 6 пайызбен «Сыбаға» бағдарламасымен ірі қара алу үшін 12 млн теңге несие алған, онан соң жылқы алу үшін 20 млн теңге «Құлан» бағдарламасымен алған екен. «МТЗ-80», жүк артқыш, басқа да тракторлар сатып алынып, техника базасы жаңартылыпты. Осы ауылдың орталығында босап қалған девиантты мінез-құлықты балаларға арналған ғимаратта ауыл шаруашылығы техникасын жөндейтін мамандарды дайындаса деген ойын айтады басшы. Өйткені, шаруашылықта жұмыс істеп жүрген адамдардың басымы зейнет жасының алдындағы адамдар. Олар демалысқа кеткенде орнын басатын мамандар қажет.

Қазіргі таңда үлкен қалаларда бос жүрген жастар көп, олардың көбінің үйі де, жұмысы да жоқ. Осындай жастар алтын уақыттарын бос өткізбей, ауыл шаруашылығына жұмысқа келсе деп ойлаймыз. Жыл сайын ауылдықтардың қалаға қоныс аударуына байланысты, ауыл мектептерінің де жабылу қауіпі бар. Жастар ауылға келіп, білек сыбана өздерінің бала жастарынан шұғылданған мал шаруашылығымен айналысса, отбасын құрып, ұрпақ өрбітсе, одан ұтпасақ, ұтылмаймыз деген ойдамыз.

Шаруа қожалығы басшысымен біршама уақыт әңгімелестік. Бала жасынан сүйегіне сіңген мал шаруашылығына ерекше жанашырлықпен қарап, ауылына, үйіне молшылық жасап жүрген, орайы келіп жатқанда, қайырымдылық істермен де айналысып жүрген еңбек адамының арық сөйлеп, семіз шығуды, аз сөйлеп, көп шаруа тындыруды ұнататынын байқадық.

Жұбайы Толқын осы ауылдың мектебінде ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызмет атқарып жүрген жан. Отбасында ат жалын тартып мінер азамат өсіп келеді.

Кішкентай ауылда үлкен жұмыс атқарып жүрген шаруа қожалығының басшының еңбегіне жеміс тіледік.

Қ.Ахметова

 

Д.Торжановтың суреттерінде: С.Сармантаев; жаңа туған төлдер.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?