
Оқиғалар
Айдарлар
Мерейтойыңмен, газетім!
Реформа өміршең өзгерістер
Балалар жылы
Елбасы
Халық санағы
Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл
COVID
Жолдауға - қолдау
Аудандық әкімдікте
Қазақстандықтар табыс жолында
Патриоттық тәрбие
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Мемлекеттік қызметтер
Құқықтық тәрбие
Ақпараттық топ жұмысы
Ардагерлерге - құрмет
Еңбек адамы
Деніңіз сау болсын
Тұрғындар назарына
Мектеп өмірінен
Ауыл хабарлары
АӨК және бизнес
Рухани жаңғыру
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Biz birgemiz
Ресми
Кәсіпкерлікті дамыту
САЙЛАУ
Дін
Жемқорлықпен күрес
Референдум
Аудан жаңалықтары
Истории успеха
- Тағы
Кәсіпкерлік – мемлекеттің күре тамыры
17-қаңтарда Бұқар жырау аудандық әкімдігінің мәжіліс залында елімізде кәсіпкерлік секторын дамыту тақырыбына орай жаңа жұмыс орындарын ашуға, бюджет кірісін көбейтуге, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға, инфрақұрылымды дамытуға қатысты кеңес өткізілді.
- Біздің бүгінгі кездесуімізде өздеріңізбен бірге дөңгелек үстелдің басына жиналып, сіздерді алаңдатып жүрген қандай мәселелер бар, осы жайында тыңдасақ, - деді аудан әкімі Құсайын Ерлан Бейсенбайұлы.
Кеңес жұмысы аудан әкімі Ерлан Құсайынның, Қарағанды облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Абзал Жұпарұлы Рахымбаевтың, Қарағанды облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ерлан Құралұлы Қалиевтың, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Қарағанды облыстық филиалының директоры Әсет Сағадатұлы Тілемісовтың, «Сарыарқа АӨК» мемлекеттік бағдарламалар Департаментінің директоры Айжан Серікқызы Джаметованың, «Сарыарқа АӨК» бас менеджері Сабина Берікқызы Аяпбекованың, «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «АҚ Қарағанды облыстық филиалының директоры Бауыржан Елубайұлы Жуаспайдың, аудандық мәслихат төрағасы Асхат Әлидің, аудан кәсіпкерлері мен бөлімдер басшылары, 29 ауылдық округтің әкімдерінің ZOOM арқылы қатысуымен өтті.
- Бұқар жырау ауданында бүгінгі таңда 3856 кәсіпкер еңбек етеді. Олар саудада, ауыл шаруашылығында, қызмет көрсету саласында, өндірісте, IT технологиясында еңбек етеді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы Бұқар жырау ауданында сәтті жүзеге асып келеді. Ол 2,5 пайыздық мөлшерлемемен шағын несиелер берумен айналысады. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі біріңғай кешенді бағдарлама шеңберінде несие мөлшерлемесін субсидиялау да қарастырылады, бұның нәтижесінде кәсіпкерлер минималды мөлшерлемемен несие ала алады, ал мемлекет 7 пайыздық мөлшерлемемен өтейді, - деді Ерлан Бейсенбайұлы.
Өткен жылы Ұлттық жоба және басқа да мемлекеттік бағдарламалар аясында 1 млрд 37 млн теңге тұратын 1 жоба қолдау тауып, субсидиялау құралы арқылы 13 жобаға 695, 3 миллион, кепілдік беру құралы арқылы 7 жобаға 337, 4 млн теңге бөлініпті. «UsҺtobe Qus» ЖШС жобасына электр желілерін алуға 59, 7 млн теңге бөлінген. «Супер Ботақан» ЖШС монтессори топтарын ашу жобасына 5 млн теңге грант беріліпті. Кәсіпкерлікті дамыту – мемлекетіміздің стратегиялық міндеті. Сондықтан билік тұрғындарды осы бағдарламаларға қатысуға шақырады.
Ауданымыздың көптеген салаларында кадр тапшылығы байқалады. Салық жүктемесін төмендету жеке кәсіпкерлердің санын көбейтуге әкелді дейді ауданымыздың басшысы. Алдағы уақытта «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысушыларға өндірістік кешен салу, Ботақара кентінде коммуналдық базар ашу жоспарланған. Осы базар негізінде әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік өнімін қамтитын аудандық тұрақтандыру қоры құрылатынына да назар аударды.
Биылғы жылы кәсіпкерлікті дамыту үшін 19 жер учаскесі беріліпті. Батыс Қазақстан және Қызылорда облысында жұмыс сапарымен болғанда, «Ауыл Аманаты» бағдарламасының даму тәжірибесімен танысып қайтқанын айтты ауданымыздың басшысы. Сүт өнімін қайтадан өңдеу, шұлық өндіру, сабын өндіру және бөтелке жасау жобаларымен танысып, ауылшаруашылығы өндірістік кооперативтерін құру - маңызды міндеттердің бірі екеніне тоқталды.
Абзал Рахымбаев:
- Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша облыс орталығында кәсіпкерлермен кездесулер өткізіліп тұрады. Бұқар жырау ауданы логистика жағынан ыңғайлы, кәсіп ашамын деуші тұрғындарға мемлекеттік жеңілдетілген несиелер бар. Сонымен бірге мемлекет субсидиялайтын жобалар да бар. Жол бойында санитарлық тораптар қойғандар болса, оларға да мемлекет субсидия береді. Егер автобус сатып алған жағдайда, мемлекет шығындарды толықтырады. Осындай жеңілдіктер берілген адамдар кәсібін ашқан соң мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа қабылдауға міндеттеледі. Біз міндетті 20 пайыздық қаржыландырумен гранттар береміз. Оларды құрал-жабдықтар сатып алуға, технология және өнім сатып алуға пайдалануға болады. Ерекше назарды әлеуметтік кәсіпкерлікке аударамыз, бұл жағдайда салықтың жеңілдіктері мен пайыздық мөлшерлемеге субсидиялар алады, - дейді.
Облыс орталығынан келген қызметкерлердің барлығы алдын ала дайындап әкелген баяндамаларын оқып, слайдтарын көрсетті. Әр салада кәсіп ашамын дегендер олардан өздеріне керекті ақпараттарды алды. Байқап отырсақ, қарапайым ауыл тұрғындары үшін мемлекет қолдауы анық көрініп тұр. Көптеген жеңілдіктер бар екен. Тек жұмыс істеймін, кәсіп ашамын деген ниет болса болды. Аудан әкімінің орынбасары Арман Дардаков та өз баяндамасын жиналғандар назарына ұсынды.
Ерлан Құсайын А.Дардаков пен кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Л.Лузиковаға жергілікті кәсіпкерлерді «Ауыл аманаты», «Кәсіпкерліктің біріңғай Кешенді даму бағдарламасына» инфрақұрылымдық және қаржылай қолдау мақсатында бейімдеуді, тұрақты түрде кеңестер беріп, оқыту шараларын өткізуді, ағымдағы мәселелерді талдауды, өндірістік кооперативтерді құру және дамытуға қатысуды, жергілікті кәсіпкерлермен тығыз қарым- қатынас орнатуды қатаң тапсырды.
Үштөбе ауылында «Супер Ботақан» атты жеке меншік балабақша жемісті еңбек етуде. Балабақша ұжымы еліміздің болашағы – сүйкімді балдырғандарды үлкен өмірге бейімдеуде. Заман талабына сай қызмет көрсетіп жатқан осы мекеме басшысының орынбасары Мөлдір Абсаматқызы қиын жылдары осы жұмысты қолға алғанда алдыдан шыққан қиындықтар туралы, қол жеткен жетістіктер мен алдағы уақытқа жасалған жоспарлары туралы айтып берді. Қазіргі таңда бұл балабақшаның тәжірибесін басқа балабақшалар жұмыс барысында қолданады. Мөлдір Абсаматқызы осындай кездесуді ұйымдастырған аудан басшылығына алғысын айтты. Балабақшаның бір күнінен хабар беретін қызықты бейнероликті жиналғандар назарына ұсынды.
Алмагүл Қизатқызы Ботақара кентінің тумасы. Ол сатылымға шығаратын пицца өнімін өз отбасына дайындағандай етіп, ештеңені үнемдемей әзірлейтінін айтып берді. Аспазшы келіншектің бүгінде өз тұтынушылары, тұрақты тапсырыс берушілері бар екен. Кәсіп отбасына молшылық әкеледі. Көмекшілері – өзінің балалары. Болашақта Алмагүл Қизатқызы кентімізде арнайы ғимарат ашып, кәсібін кеңейткісі келетінін айтады.
Осы кездесуде серіктестікті нығайтуға, жергілікті кәсіпкерлер үшін мүмкіндіктерді кеңейтуге және Бұқар жырау ауданында бизнесті дамытудың жаңа жолдарын құруға бағытталған меморандумдарға қол қою рәсімі орын алды. Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайын мен «Karagandy Power Silikon» ЖШС бас директоры Талғат Мақаев меморандум жасасты. «Санаторий Саялы» ЖШС директоры Ольга Минеева және «АкНура ХПП» ЖШС директоры Марат Қарақұлов, «Baitererek Resort KZ» жеке кәсіпкерлігі басшысы Сергей Дергачев «Лайф Актив» ЖШС директоры Сергей Епатькомен меморандумға қол қойды. «Baitererek Resort KZ» жеке кәсіпкерлігі басшысы Сергей Дергачев «Арлан» ШҚ басшысы Жалғас Қабылқайыровпен өзара ынтымақтастық жөнінде қол қойды.
- Бүгінгі кездесуге келіп, тәжірибелерімен бөлісіп жатқан барлық кәсіпкерлерге алғысымды білдіргім келеді. Ауданымызда бизнесті дамытып, әлеуметтік ахуалды жақсартып, экономикаға үлес қосып жатқандарыңыз мақтауға тұрарлық. Сіздердің істеріңіз жұмыс орындарын құрып қана қоймай, азаматтардың өмір сүру сапасын да жақсартып жатыр. Осылай жұмыс істесек, алмайтын асу, бағындырмайтын белесіміз болмайды, - деді ауданымыздың басшысы.
Қ.Ахметова
Д.Торжановтың суреттерінде: аудан тұрғындарына пайдалы кездесу көріністері.