taza-kaz

Ағайындылардың еңбегі елеулі


23.01.2025 10:56

Желтоқсан айының 24 жұлдызында Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайын Ақжар ауылына жұмыс сапарымен барды. Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Манат Құрманғалиев, ауылдық округ әкімі Ерхан Есентаев осы ауылдағы жүріп жатқан оң істермен таныстыру үшін жолға шықты.

 

Осы ауылдағы Асқар Қалдыбаевтың жеке шаруашылығының табысты ісі еліміз егемендігін алған, аяғын қалт-құлт етіп басқан жылдардан басталып, осы уақытта дамып, өндіріп жатқан өнімдері өзінің тұтынушысын тауып, Асқар Қабылқайырұлын да, оның інілері Болат, Қинаят, баласы Жалғасты да еліне еңбек сіңіріп жатқан азаматтар ретінде танытты.

Ауыл баласы таза ауада ойнайды, атқа мінеді, мал бағады, үлкеннің қасы мен қабағына қарайды, оларды ренжітпеуге бала жасынан қалыптасады. Табиғи тағам тұтынып, таза ауада атқарған еңбек ауыл баласын шыңдайды, шынықтырады. Осы күні Асқардың шаруашылығы «Жалғас» өз алдына, бауырлары Болат пен Қинаяттың, Жалғастың «Арлан» шаруашылығы өз алдына өсіп, өркендеп жатыр. Сайын далада қоныстанған шаруашылықтарда жыл он екі ай бойына қызу еңбек дүбірлейді. Бұл отбасының азаматтары жақсы өмір іздеп, қалаға қоныс аудармады, отбасының молшылығын өз еңбегінен, маңдай терінен іздеді. Ата-бабамыздан дарыған мал баптауға деген қызығушылық, еңбекқорлық ағайынды жігіттердің тасын өрге домалатып, атағын ауданымыз бен облысымыздан асырды десек артық айтпағанымыз.

 

Осы күні сапарға шыққан басшылар қысқы малды күтіп жатқан Жалғас Асқарұлының шаруашылығын аралады. Жаз бойы ен далада жайылатын малдың қоңы әрине, жақсы болады. Қазақтың ақ бас ірі қарасы арнайы, кең қылып салынған базда ерекше күтімге алынған. Тұратын орны сабан төселіп жылытылған, судың ағып келуі, арнайы ыдыстарға құйылуы жақсы ойластырылған, малдың жемі мен шөбін сақтайтын орындар таза, жылы әрі жарық. Базды бір жылда салып шыққан ұлыма ризамын дейді Асқар Қабылқайырұлы.

- Ең бірінші ауылда жеке шаруашылық құрған мен болатынмын, онан соң Мағзұмовтар, Дүйсенбаевтар, Әміровтер мал шаруашылығын қолға алды. Бәрі қалаға қоныс аударып жатқанда, қалада жақсы, ауылда малмен, жермен жұмыс жасаған не береді дегендер де болды. Еңбек еткен, өз қолына, еңбегіне сенген адам ешқашан қарап қалмайды. Кәсібің алға жүруі үшін адамдармен араласып, барып, көріп, тәжірибе алмасу керек, - дейді Асқар Қабылқайырұлы. 

Үлкен жетістікке адамның бірден қолы жетпейтінін, бәрі біртіндеп, ақырындап келетінін айтады Асқар Қабылқайырұлы. Жалықпай, ерінбей еңбек еткен адамның мәртебесі биік. Осы жолда ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Манат Сәлімұлының жанашырлығын, қолдауын көргенін, осы кісінің ақылымен малдың басын асылдандырып, техникасын жаңартып, бүгінгі дәрежеге жетіп отырғанын айтады.

Қарқаралы ауданындағы «Ынта» шаруа қожалығының басшысы Ардақ Елубаев осы шаруашылыққа келіп, ең алғашқы қадамдарды неден бастау керек екендігін сұрап, осы шаруашылықтың тәжірибесін өз жұмысында қолданып, бүгінде республикамызға танымал болған фермерлердің бірі. Ол асыл тұқымды малын ғылыми негізделген азықпен қоректендіріп, мол табысқа қол жеткізіп, былтырғы жылы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан кеудесіне төс белгі таққан азамат.

Ерлан Бейсенбайұлы түсіністік, бірлік бар жерде осындай үлкен жетістіктер орын алатынын айтты.

- Әкенің байлығы балаға байлық болмайды, ал әкенің ісін баласы жалғастыра алады. Екі жас адамның бірі ауылда қалмайды, қалаға кетіп, тіршілік жасайды. Ауылда қалатын адамдар шынымен де еңбекке жақын. Сіздің шаруашылық осымен қатар жаңашылдыққа үн қосып, қайта өңдеу шараларымен айналысып, жартылай фабрикаттар жасауды қолға алу керек. Ет өнімін сататын дүкен ашып, жаңа жұмыс орындарын ашып, алға қарай жүру, даму бүгінгі күннің талаптарының бірі. Еңбектеріңіз берекелі болсын, бірлікте болып, бір ағайынның баласы тату болып, еңбек етіп, азық-түлік молшылығын жасап, ауылының атын шығарып жатқаны қандай тамаша. Бұл жерде үйдегі жеңгелердің де алатын орны үлкен, - деді өңіріміздің басшысы.

Жалғас Асқарұлының ағасы Болат асыл тұқымды жылқы көбейтсе және бір ағасы Қинаят қой ұстап, отбасы берекесі мен молшылығын жасауда жалықпай жүрген азаматтар.

 

Өңіріміздің басшысы осы азаматтарға тауарлы несиені қолға алып, сауапты іске үн қосуға шақырды. Асқар Қабылқайырұлы бұл жұмысты қолға аламын деген азаматтық сөзін айтты. 

«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дейді халық даналығы. Иықтарына бір әулеттің, ауылының, ауданының жүгін артқан азаматтар туған ауылдарында еңбек көрігін қыздыруда. «Өзіңе өзің қызмет етпесең, басқаға қызметші боласың» дегенді естіп, ой қорытып, осындай үлкен істі жұмыла атқарып жатқан ағайындылардың еңбектері жемісті болсын дегіміз келеді.

Қ.Ахметова



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?