taza-kaz

Алматы төріндегі марапат


12.12.2024 10:10

«Мөлдір бұлақ» журналының жылда болатын дәстүрлі эссе жазу байқауының қорытынды марапаттауы Алматы қаласы Жамбыл атындағы Жасөспірімдер кітапханасында 6-желтоқсанда өтті.

 

Осыған дейін Абайдың 175, Ахмет Байтұрсынұлының 150, Мұқағали Мақатаевтың 90, Мұзафар Әлімбаевтың 100 жылдығы аталып өткен болатын. Үстіміздегі 2024 жылы көрнекті жазушы, 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтіп жатқан Бердібек Соқпақбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналып «Адам болудың алғашқы қадамы - балалық шақтан басталады» атты эссе жазуға байқау жариялаған едік.

«Байқау шарттары» жыл бойы әр сан сайын шығып отырды. Нәтижесінде 100-ге жуық шығарма түсіп, 14 оқушының еңбегі үздік деп бағаланып, орындар берілді.

Оның ішінде Шешенқара ауылдық кітапханасының белсенді оқырманы, қазіргі кезде Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенті Адамбай Анар Нұрдәулетқызы мен  жетекшісі Айтамбетова Айнагүл Маратқызы қатысып, жүлделі 3 орынға ие болды.

Марапаттау рәсіміне бүгінгі таңда студент атанған «Мөлдір бұлақтың» өткен жылдардағы жас тілшілері, лауреаттары шақырылды. Айгерім Есімхан, Игерді Ақтолқын, Сырғалым Бекмұхан, Аружан Сәбитқызы сынды болашақ журналистер жиналған көптің алдында сөз сөйлеп, ой-пікірлерін ортаға салды. Жүлдегерлер алдында әсерлерімен бөлісіп, шәкірттерге мотивация берді. Арман Дәуітәлі, Ясина Өркен деген 10 жастағы екі қонақ балақайлар болды. Олар жүлдегер аға-тәтелерінің алдында өнер көрсетіп, көркем сөз бен і жырдан шашу шашты.

Кешке «Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасының» меңгерушісі Аян Темірбекұлы қатысып, салтанатты түрде шараның шымылдығын ашып берді. Одан басқа шараға «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлы, жазушы, «Қазақстан дәуірі» газетінің бас редакторы Ертай Айғалиұлы, «Серпер» жастар сыйлығының иегері, ақын Саят Қамшыгер және де кітапхананың белсенді оқырмандары қатысты. Онан да қызығы алыстан келген қонақтарға үлкен сыйлық болып, жазушы Бердібек Соқпақбаевтың перзенті, аудармашы Самал Соқпақбаева әпкеміз қатысты. Жүлдегер шәкірттер мен ата-аналар, жетекші ұстаздар алдында Самал әпкеміз сөз сөйлеп, ой бөлісті. Балалардың талабы бойынша естелік суретке түсіп, сұрақтарына жауап берді. «QAZAQSTAN DAUIRI» ЖШС мекемесінің арнайы сыйлықтарымен қоса жеңімпаздарға  қолдаушылық танытқан «AKTAN» (Ақтан Бақытжанұлы) фирмасы да «орамал тон болмайды, жол болады» деп, өз сыйлықтарын тапсырды.

Марапаттаудың соңында «Мөлдір бұлақ» журналының беттерінде шығармашылықпен көзге түскен 3 белсенді балаға - Ғаббасова Ажарға, Алпысбек Айсанаға, Бақтыбаев Бексұлтанға «Жас тілші» куәлігі берілді.

Біз де аталмыш шараға өз үлесімізді қосып Бұқар жырау ауданының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің атынан кештің сыйлы қонақтарына Бұқар жырау Қалқаманұлының шығармаларын сыйға тартып және де Анар қызымыз жыраудың «Он бір тілек» атты өлеңін дауыстап оқып беріп, жиналған қауымның ыстық ықыласына бөленді.

Зиялы қауыммен өткізген үш сағат қас-қағым сәтте өте шықты, қатысушылар  кездесуден әсерлі көніл-күй алып,  ұйымдастырушыларға, кітапхана ұжымына алғысын білдіріп қайтты.

А.Айтамбетова,

Шешенқара ауылдық

 кітапханасының

кітапханашысы



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?