taza-kaz

Ұлт саулығы


10.12.2024 12:56

Ауданымызда жастарды спортқа баулу мақсатында бұқаралық спортты дамыту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Солардың бірі - кеше ғана Үміткер ауылында жаңа хоккей алаңы халық игілігіне табысталды.

 

Үміткер ауылын қуанышқа бөлеген бұл көгалдағы хоккей алаң көп функционалды. Олай деуімізге себеп 20х40 шаршы метрде салынған бұл алаңда жазда балалар футбол, баскетбол, волейбол ойнайды, ал қыста хоккей спортының шеберлерін жаттықтыруға болады. «StroiDos» ЖШС-і салған алаңға жалпы жобалық-сметалық есеппен 13 миллион қаражат жұмсалған. Жоспарлы шаруалары 100 пайызға орындалған алаңға алдағы уақытта су құйып, қатырып, хоккей ойнауға ыңғайлы ету шаралары жасалатын болады.

- Мемлекеттің өмірін өркендету үшін саналы да салауатты, ұлтжанды, рухы биік парасатты дені сау ұрпақ тәрбиелеу керек. Сол себепті де дені сау ұрпақты өсіру біздің қоғам алдындағы міндетіміз. Жастардың денсаулығын жақсарту, оларды спортқа баулу мақсатында бой көтеріп отырған бұл алаң біздің ауылдан мықты-мықты деген чемпиондарды шығарады деген сенімдеміз, - дейді Үміткер ауылдық округінің әкімі Ерсін Залелов.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен шалғай елдімекендерде де спорт ғимараттары салынып, бұл мекемелер балаларымызға барынша қолжетімді болып отыр. Соның нәтижесінде қазіргі уақытта жастар арасында спортқа ден қойып жүргендер қатары артып келеді.

- Алаңның біздің ауылда ашылуына біз қуаныштымыз. Күнделікті ұялы телефонға байланып отырғаннан гөрі, таза ауада ойын ойнап, асыр салған баланың бойы да сергек, ойы да саналы болады. Бала күнінен осындай алаңдарда шыныққан жастар шымыр болады. Мәселен біздің бала күнімізде осындай алаңдар болмады да ғой. Бұл жастарға уақытты тиімді өткізуге пайдалы алаң болады, - деді ауыл тұрғыны Айгүл Жұмашева. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз» деген болатын.

Олай болса адам өміріндегі ең бағалы екі құндылық – уақыт пен денсаулықтың қадірін ұқтыра алатын бұл алаң ел игілігіне болсын. Жастарымыз өздеріне ұсынылған алаңда уақыттарын тиімді өткізіп, денсаулықтарын нығайта берсін.

Б.Жакешова



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?