taza-kaz

Құс өсіріп, кәсіп көзін ашқан


28.06.2024 10:11

Саят Төлеутайұлы Ботаев жұдырықтай ғана құс – бөденені өсіріп, еті мен оймақтай ғана жұмыртқасынан пайда тауып отырған кәсіпкер. Бұл еріншіктікке салынбай талпынып, ізденген, адал еңбектенген адамға табысты болар кәсіптің түрі көп екендігінің көрсеткіші деп білеміз.

 

Саят Төлеутайұлының бұл кәсіпке деген қызығушылығы әлеуметтік желіге жарияланған жарнамадан басталады. Қызығушылығының арты ізденіске ұласып, зерттеп, көп деректерді оқиды. Оқи келе бөдене құсының еті мен жұмыртқасының жоғары бағалануы оның емдік қасиетінде екендігін ұғынады. Мыңдаған дертке шипа, емдік қасиетке ие құсты өсіру, баптаудың қыр-сырын біле түсу үшін арнайы курстарды іздестірген Саят Ботаев Шымкент қаласынан бірақ шығады. «Нар тәуекел – ер ісі» деп қолындағы қаражатына Шымкент қаласында бөдене асырап, «Асыл құс» атауымен оны үлкен кәсіпке айналдырған кәсіпкерден дәріс алады.

«Темірді қызған кезінде соқ» демекші, кәсіп түрімен толығымен танысып, зерттеп, зерделеп шығып, өзі білім алған кәсіпкерлермен ақылдаса отырып, барлық керек дүниелерін сатып алады. Ата-анасының қасына Белағаш ауылына көшіп келіп, қарастыра келе керекті қораны да сатып алуға мүмкіншілігі туады. Алған қорасына жұмыртқаларды басып шығаруға арналған инкубатор, жарық, әрі жылу беретін шамдар, құсты қамауға арналған қоршаулар қойып, жұмыс әп-сәтте басталып кетеді. Саят Төлеутайұлының айтуы бойынша қораны, жұмыртқаны басып шығуға арналған инкубатор, бағып-қағуға арналған керек-жарақтарды алуға 3 600 000 теңге қаражат жұмсалған. Бұл қаражат кәсіпкердің өз қалтасынан шыққан ақшасы екен.

- Ең басында 2000 жұмыртқа сатып алып, инкубаторға салынды, оның 1300-і басып шығарылды. Тірі қалғаны 1000 бөдене. Екінші жұмыртқаны басып шығаруда 1000-ы тірі қалды. Қазіргі күні 2000 бөдене бар. Бұл жылуды жақсы көретін, әрі кірпияз құс. Кез-келген жемді жемейді. Сол үшін де арнайы жем сатып алып отырамын. Жем-суы уақытылы берілген, күтімі жақсы бөдене 40 күнде жұмыртқа бере бастайды. Қазіргі күні еркек, ұрғашысын қосқанда 2000 бөдене бар. Күніне 300-350 дана жұмыртқа аламын. Кейіннен басылып шығарылған құстар жұмыртқа шығаруға енді кіреді. Жұмыртқаның нарықтағы бағасы көп данасы алынса 25 теңгеден, аз алынса 30 теңгеден. Бөдене етінің бағасы 3500 теңге. Сойылған бөденені жүнінен тазалауға арналған арнайы аппарат та сатып алынды. Барлығы ұқыпты, таза жасалады, - дейді Саят Төлеутайұлы.

Ханның асы саналатын құстан шыққан өнімге мейрамханалар, кафелер, павильон иелері тапсырыс беріп отырған көрінеді. Бүгінде өз кәсібін заңды түрде заңдастырып, ақ адал еңбекпен табыс тауып отырған Саят Ботаев өнімін «Адал құс» атауымен сатылымға шығарып жүр.

- Әр істің өз қиыншылығы болады ғой. Менің тап болып отырған кедергім бәсекелестікте. Қазіргі күні кәсіп бастаймын деген жандарға қолдау, көмек көп. Бәсекелестікке шыққысы келетіндер саны артуда. Біздің облыс бойынша дәл осы кәсіпті көптен бері қолға алып жүрген үлкен кәсіпкер бар. Менің жақында ғана өз ісін бастаған кәсіпкер ретінде тапсырыс беруші іздеуден қиыншылыққа тап болып қалып жатқан жағдайларым да болып жатыр. Соған қарамастан қолға алған ісімді дамытқым келеді. Алда мемлекеттен қолдау алып, кәсібімді үлкейту жоспары бар, - дейді Саят Ботаев.

«Ауыл еңбеккерлерінің ауыр жұмысы тым арзан бағаланады. Бұл – жасырын емес. Табыстың басым бөлігіне алыпсатарлар кенеліп жатады» – деген мемлекет басшысы Қасым-Жомат Тоқаевтың әр Жолдауында отандық кәсіпкерлерді қолдау және қорғау ел дамуы үшін маңызды міндет екені айтылып келеді. Басшымыздың осындай қолдауымен жыл сайын кәсіпкерлерді қолдауға арналған жаңа бағдарламалар орын алып, жасаймын, табысты боламын деген жандарға көмек көбейді. Ұлттық бизнесімізді дамытуға әрқашан баса назар аударатын Президентіміз өзінің қолдауымен мемлекет пен бизнес арасындағы қатынасты нық сенімде құруды көздеп отыр. Осы тұрғыда Президент тапсырмасын орындау мақсатында Белағаш ауылдық округі бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің санын өсіру шаралары жасалып жатыр. Қазіргі таңда ауылдық округ бойынша 2 кәсіпкерлік субъекті тіркелген және жұмыс атқарып отыр.

«Адал құс» жеке кәсіпкерлігі бүгінгі көрсетіп отырған нәтижесіне ешқандай мемлекеттік қолдаусыз өз күшімен жетіп отыр. Өз талпынысы, ізденісімен бизнес бастаған кәсіпкерге ауылдық округ әкімі өз қолдауын көрсетіп жатыр. Бөдене өсіріп, берекеге кенелген кәсібімнің аясын кеңейтемін деген Саят Төлеутайұлына сәттілік тілейміз.

 

Б.Жакешова



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?