taza-kaz

Маңызды объектілерді аралады


17.06.2024 10:48

12-маусымда Бұқар жырау ауданына облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын жұмыс сапарымен келді. Ол өз сапарында білім беру, медицина саласы, спорт ғимараттарын салу жұмыстарымен танысты. Келген қонақты Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары Арман Дардаков, Үштөбе ауылдық округінің әкімі Әлем Көпбаева, Бұқар жырау аудандық білім бөлімінің басшысы Қаламқас Оспанова қарсы алды.

 

Оқырманға түсінікті болуы үшін  елімізде жүріп жатқан «Жайлы мектеп» жобасы шеңберінде  былтырғы жылы 217 мектептің құрылысы басталғанын айта кеткен жөн. Аталмыш жобаны «Самұрық -Қазына» АҚ қоғамы қаржыландырады. Жұмыстарды бастайды және соңына жеткізеді. Мектептердің керекті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі жолында еңбектенеді.

Бұқар жырау ауданында биылғы жылы үш мектеп – Үштөбе ауылы, Доскей ауылы және Ғабиден Мұстафин кентінде қызу қарқын алды. Жобаның алдына қойған мақсаты – үш ауысымды және апатты жағдайда жұмыс жасап жатқан мектептерді жауып, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын қабылдау.

 

Жаңа мектептер ең заманауи құрал-жабдықтармен, қажетті оқу кабинеттерімен, спорт залдарымен жабдықталуы тиіс. Бастауыш және орта сыныптарды жеке асханалары, жуынатын бөлмелері, спорт залдары бар бөлек блоктарда оқыту ұсынылады.

Үштөбе ауылында мектеп салуға жер учаскесі жолдың жанынан беріліпті. Ерлан Бейсенбайұлы Әлем Қайыржанқызымен құрылысты салу үшін жердің берілу тәртібі жөнінде сұхбат құрды.

Ауданымыз бойынша үш елді мекенде салынып жатқан «Жайлы мектептердің» үшеуі де 300 оқушыға арналып салынып жатыр. Үштөбе ауылының мектепке жақын орналасқан көшелердің балалары осы мектепке келіп, білім алатын болады.

 

Доскей ауылындағы салына бастаған білім ошағы 300 оқушыға арналған. Ол ауылда да осы мектепке жақын орналасқан көшелердің балалары осы мектепке келіп оқитын болады.

Ғ.Мұстафин кентінің мектебі апатты жағдайда болғандықтан, бұл ауылдың да балалары мен ұстаздары үшін жаңа мектеп қажеттігін түсінген билік басындағы адамдар осы ауылдың тұрғындарына мектеп салынуын қолдап, үлкен жұмыс басталып кеткен.

Бұқар жырау ауданының Үштөбе ауылындағы, Доскей ауылындағы, Ғабиден Мұстафин кентіндегі жаңа  мектептерді салу жұмыстары «Астана-Көктем С» ЖШС атқарып жатқанын айта кету керек. Үштөбе ауылында бүгінгі күні бірінші және екінші қабаттардың іргесі көтеріліп, жертөлеге су кірудің алдын алу жұмыстары атқарылуда.

Доскей ауылының жаңа мектебінде кірпіштен бірінші қабаттың қабырғалары көтеріліп, жертөлені судан қорғау жұмыстары мен топырақты қайтадан жабу жұмыстары атқарылып жатыр.

Ғабиден Мұстафин кентіндегі мектебінің құрылысын «Стинк ТФК» ЖШС атқаруда. Осы уақытта фундаментті бетондау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұқар жырау ауданының екі білім беру мекемесіне 2024 жылы 258 миллион теңге бөлініпті. Ботақара кентінде орналасқан Ю.Гагарин орта мектебінде толық жөндеу жұмыстарын жасау үшін 205  миллион теңге бөлініпті. Жұмыс сапарымен келген адамдар осы білім беру мекемесінде жүріп жатқан жұмыстармен танысып, мердігермен сөйлесті. Жөндеу жұмыстарына 15 адам қамтылған. Мекемеде  қабырғалар мен төбелердің ішкі әрлеуі, есіктер мен терезелерін ауыстыру, су құбыры мен кәріз су жүйесі, келесі жылы мектепке кіре беріс қасбетін жаңадан жасау мен алаңды абаттандыру жұмыстары тұр. 

 

Үш мектептегі мердігерлермен кездесуде Ерлан Бейсенбайұлы жұмыстардың сапалы атқарылуына назар аударуды, әрбір жұмысты атқарғанда тиянақты болуды, жаңадан жасалған жөндеу жұмыстары бұзылып, екінші рет жасалмауын қадағалауды сұрады. Жаңа заман талабына сай жанға жайлы мектептерде білім алатын бүлдіршіндерге бар жақсы жағдай жасалуы керектігін айтты. Білім бөлімінің басшысы әр мектеп бойынша мердігерлермен атқарылып жатқан жұмыстары жайлы түсінік беріп отырды. Арман Дардаковка қандай мәселені назарда ұстау керектігі жөнінде тапсырмалар берілді.

Ерлан Бейсенбайұлы үш мектеп салынып жатқан ауылдардағы емдеу мекемелеріне  барды. Олардағы кабинеттерді аралап,  медицина қызметкерлерімен әңгіме құрып, жұмыс жасау барысында қандай қиындықтар барын сұрады. Бүгінгі таңда ауданымызда дәрігерлер тапшылығы байқалады. Оқу орнын бітіріп келген мамандар ауылдық жерде жұмыс істегілері келмейді, олар қаладағыдай жағдайларды талап етеді. Сондықтан, осындай кадр тапшылығы  орын алуда.

Доскей ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пунктке өтетін жол езіліп кеткен, осында келген адамдар балшықтан аяқтарын әзер алып шығып, батпақ жабысқан аяқ киімдерімен балшықты мекемеге алып кіреді. Осындағы күндізгі стационарда ем алып жатқан ақ жаулықты ана осы мәселені шешіп берсеңіздер деген өтінішін айтты.

 

Дәріханаларға барып, ондағы дәрілік препараттардың сатылу тәртібімен танысты. 1 шілдеден бастап еліміз бойынша барлық дәріханалар 2Д сканерді пайдаланып, жұмыс істейтін болатынын, ол үшін ең алдымен сапалы интернет қажеттігін айтты. Шілде айына дейін уақыт барын, осы уақытты пайдаланып, жұмысқа қажетті жағдайлардың барлығын жасап қоюды тапсырды.

Салауатты өмір салтын қалыптастыру жолында  ауданымыздың Ғ.Мұстафин кентінде дене шынықтыру және спорт кешені салына бастады. Ол 320 көрермен орнына арналған. «Констракшн Трэйнинг Ресурсес» ЖШС №14 16. 06. 22  жылдағы келісіммен, «Әсем-Құрылыс-Қызылорда» №17.16. 06. 22 жылғы қосымша келісіммен қарқын алған құрылыстың жұмыс ауқымы өте үлкен. Жауынның жиі жауып, жер езіліп кетіп жатқандықтан техниканы ғимаратқа таяп әкеле алмай жатқандығын айтады мердігер.

Жастардың спорт алаңдарында жарақаттанудың алдын алу үшін неғұрлым сапалы еден төсеніштерін төсеулерін тапсырды Ерлан Бейсенбайұлы. Көлемі өте үлкен спорт кешенін Арқаның қаһарлы қысында дұрыстап жылытуға қажетті жағдайдың бәрін жасауды тапсырды. Спортшылардың жуынуы да мердігер назарында болсын деді.

Ботақара кентіндегі орталық аурухана басшысының орынбасары Айгүл Мергенбаева келген басшыларды қарсы алып, кабинеттердің жұмыс тәртібімен таныстырды. Күндізгі стационар жұмысы жаңашылдықпен жүзеге асқан. Қазіргі заманға сай креслолар сатып алынып, ем алушылар онда отырғысы келсе отырып, немесе жантайтып, емін ала береді. Мейірбикені шақырып алатын кнопка да қосылып қойылған.

Емдеу мекемесінің ішінде біршама жөндеу жұмыстары өтіпті.

«Жайлы мектептерді» салып жатқан құрылысшылар, Ю.Гагарин атындағы мектепті толық жөндеп жатқан азаматтар өз жұмыстарын барынша сапалы етіп жасауға тырысулары керектігін, әрбір объекті салыну мерзімінен қалмай, уақытында тапсырылуы керектігін қатаң тапсырды Ерлан Бейсенбайұлы. 

Бұл күнгі жұмыс ауқымы өте үлкен болды.

Аудан тұрғындарына әлеуметтік жағдай жасау – билік басындағы азаматтардың күн тәртібінен түспейтін міндеті. Ерлан Бейсенбайұлы аудан әкімінің орынбасары Арман Дардаковқа жүріп жатқан құрылыстарға жиі барып, бақылау жасап, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын тексеріп, бағыт-бағдар беру керек екендігін, кем тұсы бірден жөнге келтірілуі керектігін тапсырды.  

 

Қ.Ахметова

 

Д.Торжановтың суреттерінде: құрылыс объектілерін аралау; Ю.Гагарин атындағы мектепте.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?