taza-kaz

Дұрыс таңдалған мамандық - болашақтың жарқын кепілі


09.12.2023 09:31

Қарағанды облысындағы білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының «Ауыл шаруашылығына қадам» облыстық бейіндік агросынып жобасын Керней тірек мектебі (РО) 2021-2022 оқу жылынан бастап қолға алған болатын. Жобаның мақсаты – оқушыларға ерте жастан кәсіптік бағдар беру арқылы ауыл шаруашылығы мамандықтарына қызығушылықтарын арттыру, бейімдеуге қолдау көрсету еді.

Жобаны жүзеге асыру мақсатында өткен оқу жылының қыркүйек айында 7-9 сыныптар арасында мектеп психологы, ресурстық орталық әдіскері, кәсіптік бағдар беруші және осы сыныптардың сынып жетекшілерінің ұйымдастыруымен «Мен ауылшаруашылығы мамандығын таңдаймын» тақырыбында сауалнама жүргізілді. Сауалнаманың мақсаты – білім алушыларға мамандық таңдауға дұрыс бағыт-бағдар беру, бейіндік қажеттіліктерін зерттеу.

Келесі кезеңде мамандықтар туралы ақпараттармен танысу үшін оқушыларымыз мектебіміздегі кітапхана мен ауылымыздың модельді кітапханасынан мағлұматтар алды. Себебі қазіргі таңда жан-жақты білім мен тәрбие берер мәдени орындардың бірі – кітапхана. Сондықтан сансыз сұрақтардың жауабын табуға болатын сиқырлы да киелі кітапханамен бірлескен жұмыстар ұйымдастырылды.

Біздің білім ордамыз қаншама жылдан бері ауыл шаруашылық мамандықтарына бейімдеу бағытында тыңғылықты жұмыс жасап келеді. Мектеп оқушыларына мамандық таңдау бағыт-бағдар беру жұмыстарының тағы бір тармағы ретінде мектебіміз ауылдағы шаруа қожалықтарымен, жоғарғы оқу орындарымен, колледждермен тікелей тығыз қарым қатынаста жұмыс жасайды.

Сонымен қатар бекітілген жоспарға сәйкес «Агросынып» жобасын іске асыру бағытында жүйелі жұмыстар ұйымдастырылды. «Агросынып» жобасы аясында Қарағанды қаласындағы Е.А.Бөкетов атындағы химия факультеті, Мыңжасар Әдекенов атындағы Қарқаралы ауыл шаруашылығы колледжімен және Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агроуниверситетімен серіктестік келісім шартқа отырдық. Ұстаздарымен тығыз байланыстамыз. ZOOM платформасы арқылы жоғарыда аталған мекеменің ұстаздары тәжірибесімен бөлісіп, профориентация жұмыстарын үнемі жүргізеді.

Ауылда туып-өскеннен кейін мектеп оқушыларының шаруашылық мамандықтарына да қызығушылықтары зор. Сол себептен оқушылар ауылымыздың шаруа қожалықтарымен жиі араласады, тыныс-тіршілігімен танысады. 2021-2022 оқу жылында мектеп оқушылары «Ардақ»  шаруа қожалығында ауылымызда алғаш егілген зығыр өнімімен танысып, зерттеу жұмыстарын Қарағанды қаласындағы Е.А.Бөкетов атындағы химия факультетінде жүргізді. Мектеп оқушылары қыркүйек, қазан айларында «Ардақ», «Әбу» шаруа қожалықтарына экскурсия жасады.

«Ардақ» шаруашылығында егістік алқабында бидайдың жинау барысымен танысты. Оқушылар «Әбу» шаруашылығымен танысып, сұхбаттасты, ауылымызға әкелінген ангус сиырларын көріп, мағлұмат алды. «Ангус» сиыр тұқымдарының ішіндегі өте сапалы ет беретін тұқым болып саналады, бірақ жақсы азықтандыру мен бағып-күтуді қажет етеді. Тез жетіледі.

«Абердин-ангус» сиырының түсі көбінесе қара, мүйізсіз тоқал болып келеді. Шоқтығына дейінгі орташа биіктігі 118,5 см, кеудесінің орамы 190 см, қиғаш өлшегендегі тұрқы 148 см, жіліншігінің орамы 19 см болады. Сиыры 550-600 кг, бұқасы 750-800 кг, бордақыланған өгізшелері 14-15 айлығында 400-450 кг орташа салмақ тартады, 60% таза ет, сауын маусымында әр сиыр 2000 кг сүт береді. Өзінің биологиялық ерекшеліктерін көрсету үшін жақсы азықтандырып, бағып-күтуді қажет етеді. Сондықтан да «Абердин-ангус» сиырын жемшөп қоры мол, ауа-райы қоңыр-салқын келетін аудандарда өсіру тиімді.

Ауылымыздың ауа-райы қолайлы. Мектеп оқушылары Мыңжасар Әдекенов атындағы Қарқаралы ауыл шаруашылығы колледжімен және Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агроуниверситетімен тығыз жұмыс атқаруда.

Қазан айында Мыңжасар Әдекенов атындағы Қарқаралы ауыл шаруашылығы колледжіне экскурсия ұйымдастырып, ауыл шаруашылық мамандықтарының қыр-сырымен танысып қайттық. Мектеп оқушылары колледж мұражайымен танысып, дәрісханаларында студенттермен қоса дәріс тыңдап, зертханаларындағы жұмыстарға белсене араласып, қызығушылықтарын танытты. Заманауи құрылғылармен жабдықталған кабинеттер кәсіби құзыреттілігі жоғары ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын оқу орны екеніне көзіміз жетіп, тәнті болып қайттық.

Мектебіміздің жертөлесінде орналасқан жылыжай жұмыстары 2017 жылы басталды. Пластмасс трубаларды кесіп, құнарлы топырақты таңдап, жарық көзін ыңғайлап, тұқымдарды ектік. Егілген тұқымдарымыз жайқалып өсіп, гүлдей бастады. Осы гүлдермен мектебіміздің дәліздері мен 1 қабатты жасыл әлем бағына айналдырдық. Сонымен қатар мектебіміздің ауласына біржылдық және көпжылдық гүлдерді егуді әдетке айналдырдық. Ерте көктемде өсімдіктерді егіп, жаз бойы күтіп баптап, күзде қураған гүлдердің тұқымын жинауға дағдыландық.

Сонымен қатар мектеп ауласында орналасқан жылыжайда қияр, қызанақ өсімдіктерін егіп отырамыз. Расымен, жылыжай салып, одан өнім жинаудың мектептер үшін маңызы зор. Біріншіден, мектеп асханасының ас мәзірі адам денсаулығына пайдалы, ешқандай қоспасыз өскен таза өніммен толығады. Екіншіден, оқушыларды еңбек етуге баулып қана қоймай, олардың сабаққа деген қызығушылығын оятады.

Сондай-ақ, сабақты практикамен ұштастырып өткізуге мүмкіндік туады. Тұқым егіп, оны күтіп-баптап, өнім алу мүмкіншілігін бағамдаған оқушы сол тәжірибесін өз үйінің ауласында да іске асыруы  мүмкін. Сондықтан, қалай болғанда да, жылыжай жобасы дұрыс жолға қойылса, жақсы нәтиже берері сөзсіз.

Біз болашаққа бағдарлау жұмыстарын атқарамыз. Егер жылыжай жобасы дұрыс жолға қойылса, жақсы нәтиже берері сөзсіз. Біз жылыжай жұмыстарымен шектеліп қалмай, ауылымыздағы егістік алқаптарына барып, агросаласымен ұштастырып, оқушыларымыздың қызығушылықтарын арттырып келеміз.

Б.Макашева,

Ж.Копеева,

Керней тірек мектебінің (РО) КММ биология пәнінің ұстаздары



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?