taza-kaz

Мамандық таңдау - ертеңді ойлау


02.12.2023 14:17

Мамандық таңдау адам өміріндегі ең маңызды қадамдардың бірі. Өміріміздің бір бөлшегіне айналатын саланы таңдауда қателеспес үшін не істеу керек?! Ересек өмірге қадам басқалы отырған түлекке мамандық таңдауда бағыт-бағдар беріп, жүрек қалауы болған саланы табуға көмек беретін ата-ана мен ұстаз.

Мектеп табалдырығынан ұшқалы отырған түлек белгілі бір салаға қызығып, сол бойынша оқуға түсіп, кейін жұмысқа орналасқан соң өзін басқа мамандықта көретіндігін айтып жатады. Бұндай жайттар жастардың мамандық түрлерімен толық таныспауынан болуы мүмкін. Сол себепті де өмір көрген, әр оқушыны жақсы танитын, қандай бағытқа ыңғайы барын білетін ұстаздың пікірі әркез маңызды. Біздің Керней тірек мектебі түлектердің сала таңдаудағы қадамдарына ерекше мән береді. Бұндағы мақсат - біздің білім ордамыздан шыққан оқушыларымыздың қаншама жыл тер төгіп алған дипломдары сандық түбінде емес, оқушыларымыздың маман, тұлға ретінде қалыптасуына жетелейтін жолдамаға айналуын қалауымыздан.

Қараша айының 15-күні Керней тірек мектебінде оқушылардың мамандық туралы көзқарасын дамыту, мамандық таңдауда дұрыс жолда болуына себепкер болу, әр оқушының таңдаған саласына ыңғайы мен икемінің сәйкес келуін анықтау, қазіргі нарықтағы сұранысқа ие мамандықтармен таныстыру мақсатында кездесу кеші өтті. Мектепті аяқтағалы отырған 9-11 сынып оқушыларымен кездесуге келген қонақтарымыз Мыңжасар Әдекенов атындағы Қарқаралы ауыл шаруашылығы колледжінің ұстаздары.

Бүгінде ауыл шаруашылығы саласындағы мамандықтар үлкен сұранысқа ие. Төрт түлігін түлетіп, егінін жайқалтып отыратын ауыл шаруашылығы таза өнімнің ордасы. Ауыл шаруашылығы саласына жаңа техника, жаңа өндірістік технология енгізіле бастаған сайын жас кадрлар даярлауға да сұраныс арта түскендігін айтқан Мыңжасар Әдекенов атындағы Қарқаралы ауыл шаруашылығы колледжі директорының кәсіптік білім беру жұмысы жөніндегі орынбасары Гаухар Нұрғалиева оқушыларға өзімен бірге келген әріптестері мен шәкірттерін таныстырып өтті.

Келесі кезекте қонақтарымыз өздерінің дайындағын бағдарламаларымен колледждегі сала түрлерімен таныстырды. Арнайы пән оқытушылары Роза Сайлау мен ветеринария 31-21 тобының студенттері Әділ Сәтбеков, Нұрлыбек Әмірбек, Батырхан Каленбаев  ветеринария мамандығы бойынша «Жығу әдісі», «Ішекті тігу әдісі» және «Етті трихинеллезге зерттеу» бойынша кәсіби шеберлік бағыттарын көрсетті. Оқытушы Баян Даурықбаев және ГЭД 31-21 тобының студенттері Жан Сұңғатұлы, Абылай Мұстафин, Алдияр Нығмет дәнекерлеу мамандығы бойынша өздері жасайтын жұмыстың орындалу жолдарымен таныстырды.

Колледж ұстазы Асқар Кизкин мен ЕА 32-22 тобының студенті Индира Осипова есеп және аудит мамандығы жайлы толық ақпарат беріп, саланың қандай қызмет атқаратындығын айтты. Арнайы пән оқытушысы Салтанат Мұздыбаева мен АЖ 21-22 тобының студенттері Данила Хасен, Дмитрий Размазин автомобильдерге қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану мамандығын таныстырды. Оқытушы Карина Мұздыбаева мен ТҰ 31-21 тобының студенттері Сымбат Рымханқызы, Дарья Тимченко, Ақжарқын Советова тамақтандыруды ұйымдастыру мамандығы бойынша өздерінің кәсіби шеберліктерін көрсетті.

Берілген ақпараттан оқушылар шаршап кетпесі үшін колледждің өнерлі студенттері Аслан Сәулехан, Саян Аймағанбет әуезді ән орындап, Айша Асқарбекқызы мәнерлеп өлең оқып, осы ару қызымыз бен Анель Изина өзбек биін билеп, өз өнерлерін көрсетті.

Кеш соңында колледжді толық таныстырған бейнебаян көрсетілді. Мыңжасар Әдекенов атындағы Қарқаралы ауыл шаруашылығы колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айжан Әлкеева жылы қарсы алған мектеп ұжымына, өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, кеш бойы белсенділік танытып отырған оқушыларға өз алғысын білдірді.

Өлмейтін мамандықтардың бірі – ауыл шаруашылығы саласындағы мамандарға деген сұраныс ешуақытта кеміген емес. Бір ауданның ғана емес, облыс, тіпті бір мемлекетті азық-түлікпен қамтамасыз ететін  - ауыл. Ал осы ауыл шаруашылығы саласын тізгіндеген мамандарға алдағы жылдары көңіл бөлініп, сұраныс арта түсері сөзсіз. Себебі - бұл уақыт талабы. Қазіргі жастар қауымының ауыл шаруашылығы саласына менсінбеушілік танытуы білінеді. Сол себепті де бұл саланың болашағы зор екендігін көрсету біздің парызымыз деп ойлаймын. Әсіресе, ауылдық жердің балалары осы салаға жақын болады. Сондықтан да осындай ауқымды кештің біздің мектепте өткеніне біз қуаныштымыз.

Ауылдың болашағын сақтап қалудағы бірінші қадамдардың бірі - ауыл шаруашылығын меңгерген білікті мамандар дайындау. Ал ауыл дамыса мемлекет өседі, еліміз өркендейді.

Мектебімізде білімді, талапты, өнерлі оқушылар қатары көп. Білім ордасынан қанат қағып ұшатын түлектерімізге дұрыс бағдар беру үшін де осындай кештерді ұйымдастыру біздің ұстаздық міндеттеріміздің бірі. Мектебімізге келетін жоғарғы оқу орындары, колледж ұжымдарының оқушыларға өз мекемелері туралы ақпарат беріп қана қоймай, алып шығар мамандықтары, қандай қызмет атқаратындығын көзбен көріп, түсінулеріне ықпал жасаулары қуантады. Осындай тәжірибелік сабақтардан кейін оқушы өзінің ыңғайына, икеміне қарай ығысып, өмірлік жолын таба алады. Ең бастысы - жүрек қалауын таңдай білу. Жүрегінің қалауын тыңдап, барлық бағыт-бағдары зерделей таңдалған мамандық оқушыларымыздың өмірлік сәттіліктерінің негізі боларына сенеміз. Сәтті таңдалған мамандық білікті, білімді маманды дайындап шығару деген сөз.

 

Т.Сармантаева,

«Керней тірек мектебі

(ресурстық орталық)» КММ директорының бейінді оқыту жөніндегі

орынбасары



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?